«АЛЬ-АСАД» СУПЕРМАРКЕТІ АШЫЛДЫ
Аймақта азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңадан ірі сауда орнын ашу жұмысы жүйеленуде. Нәтижесінде қаламыздағы Титов және Гагарин тұрғындарын азық-түлік және басқа да тұрмысқа қажетті тауармен қамтамасыз етуге қауқарлы «Аль-Асад» супермаркеті ашылды.
«Аль-Асад» ЖШС қараусыз қалған ескі ғимаратты қайта жөңдеуден өткізіп, жобаны жүзеге асыруға өз қаражаты есебінен 150 млн. теңге жұмсаған. 1 мың 300 шаршы метр аумақты алып жатқан сауда орталығында отандық өнімнің түр-түрін кездестіруге болады. Азық-түліктің бағасы да қалтаға қонымды, яғни әлеуметтік дүкен бағытында қызмет көрсетеді. Заманауи талапқа сай келетін бұл сауда орталығында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұған дейін, «Аль-Асад» ЖШС қаламыздағы «Ескі базар», «Южный» мөлтек ауданы және Шымбай көшесінен «Аль-Асад» атауымен дүкен желісін ашқан болатын.
– Өткен жыл өңіріміз үшін толайым табысты болды. Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыс атқарылды. Елбасы бүгінде экономикамыздың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп, мемлекет тарапынан осы саланы қолдауға бар мүмкіндік жасауда. Нәтижесінде облыста кәсіпкерлік саласында айтарлықтай оң өзгеріс қалыптасты, – деді шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Мұнан кейін қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы сауда орталығының жұмысымен танысып, ел игілігі және қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қызмет жасауға ниетті кәсіпкерді қай кезде де қолдауға дайын екенін жеткізді. Былтыр аймақта қала кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен жалпы құны 6 млрд. 465 млн. теңгені құрайтын 166 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 1 мың 760 жұмыс орны ашылды.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА