Би фестивалі өтті
Фестивалдің мақсаты – жастардың шығармашылыққа деген талпынысын арттыру, хореография өнерінің кең ауқымда дамуына атсалысу, өскелең ұрпаққа еліміздің басты байлығы – Қазақстан халқының татулығы мен бірлігін дәріптеу. Би өнері арқылы этносаралық толеранттық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттау.
Фестиваль екі кезеңнен тұрды. Халық биі және таңдау бойынша еркін тақырыптағы би қойылымы. Оған 9-13 жас және 14-18 жас аралығындағы балалар қатысты. Қазылар алқасы би ұжымдарын орындаушылық шеберліктері, шығармаларының композициялық құрылымы мен сахналық қимылы, киім үлгісі бойынша бағалады.
Нәтижесінде 9-13 жас аралығындағы балалар арасында бас жүлдені «Балбұлақ» халықтық үлгілі би ансамблі, 1-орынды «Жасмин» татар этномәдени бірлестігі, №140 орта мектептің «Ай-ару» би тобы және «Керемет» балалар театры жеңіп алды.
Ал, 14-18 жас аралығындағы балалар арасында бас жүлдені Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларынан құралған «Самға» би тобы, 1-орынды «Реверанс» жеке би тобы мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Нұр-би» би тобы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.