Қазақстанда қанша педофил бар?
Педофилия дертімен күресу оңайға соқпай тұр. Елдің шығысында біреуін жазалап жатсақ, батыста тағы бірі 5-6 жасар қыздың тағдырын тас-талқан етіп жатады. Жағдайдың өршігені сонша, қазір ата-аналар балаларын мектепке жіберудің өзіне қорқып қалған. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған балаларға жыныстық зорлық көрсеткен 589 оқиға тіркеліпті.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, қазіргі таңда полиция тізімінде 1350 педофил тіркеуде тұр. Ал республика бойынша 1575 адам кәмелет жасына толмаған балаларға сексуалды зорлық көрсеткені үшін жазасын өтеп жатыр. Сегіз айдың қорытындысы бойынша, Қылмыстық кодекстің 124-бабы «Жас балаларды азғыру» бойынша қылмыс біршама азайған. Алайда кәмелетке толмағандарға сексуалды зорлық-зомбылық көрсету көлемі әлдеқайда өскен. Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, әрбір екінші қылмыс жеке пәтер, үй және жатақханаларда болады екен. Бұдан да сорақысы қылмыстың 77 пайызын жәбірленушінің жақыны мен туыстары жасайтын болып шыққан. – Олар өгей әке, анасымен бірге тұратын ер адам, туыстары, көршілері, таныстары болып кете береді. Мұндай қылмысқа дәлел жинау кезінде біраз қиындық туындайды. Осындай істер кезінде куәгер табу қиынның қиыны. Ал айыптау негізінен жәбірленушінің айтқаны арқылы дайындалады. Біз барынша кінәлі адамды табуға тырысамыз, – дейді Марат Қожаев. Алты жасында жыныстық зорлыққа тап болған жанның бірі – Ләззат Рақышева. Қазір «Балалар зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қорының» құрылтайшысы болып еңбек ететін ол туыстарымның көмегі арқасында қалыпты өмірге бейімделіп кеттім дейді. – Алты жасымда зорлық көргем. Шешемнен алты айлығымда жетім қалғанмын. Сөйтіп, шешемнің сіңлісі мені қамқорлығына алып, дәрігерге көрсетіп, психологтарға апарып, жағдайымды реттеу үшін барын салады. Соның арқасында қалыпты өмірге түстім. Дегенмен ол жағдай санадан ұмытылмайды. Зорланғаннан кейін талай уақыт бойы ұйқымнан шошып оянып жүрдім. Сондықтан болар зорлық көрген балалардың құқын қорғауға, олардың жанайқайын жеткізуге тырысып жүрмін, – дейді Ләззат. Елімізде қылмыстың дәл осы түріне қатысты өлім жазасы тағайындалуы мүмкін. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы бірнеше күн бұрын дәл осындай ұсыныс жасады. – Әйелдерге, қыздарға, балаларға зорлық көрсету ауыр қылмыс саналады. Ал біздің Қылмыстық кодекс бойынша оларға өте жұмсақ жаза кесіліп жатады. Бұған дейін сенаторлар тобы осындай қылмыстар үшін өлім жазасын тағайындауды сұраған еді. Парламент мүшесі ретінде бұл ұсынысты қолдаймын, – дейді депутат. Еске салсақ, елімізде Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерге түзету енгізілмек. Ол бойынша әдейі ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жауапкершіліктің қатаңдатылуы да қамтылған. Енді жас балаға сексуалды зорлық көрсеткендер өмірбойына немесе 20 жылдан кем емес мерзімге сотталуы мүмкін. Ләззат Рақышева өлім жазасы енгізілуі керек деген пікірде. – Жәбірленуші ретінде өлім жазасының енгізілгені дұрыс деп есептеймін. Күнделікті естіп жатамыз – бала зорлау саны өсіп бара жатыр. Оларды қалай жазаласақ та азаятын емес. Сотталса да өкінбейтін сияқты. Отырып шыққаннан кейін сол баяғы әдетіне қайта басады. Әрі оларға кесілетін мерзім де соншалықты көп емес. Сондықтан өлім жазасы – олардың жолын кесіп, қылмыс көлемін азайтатын бірден-бір шешім, – дейді ол.