» » Көмірге сұраныс көп

Көмірге сұраныс көп

    Газ үйге кірді, енді көмірге тапшылық болмайды деген болжам бекер екен, бұрынғы былай тұрсын, кезек күткен көліктердің санынан есеп жаңылады. Сібір мен солтүстік аймақта да дәл мұндай иық тірескен кептелісті көрмеспіз, оның қасында отын-суы мол оңтүстікте ойланарлық жағдай екенін енді білдік.
Әрине, көмірдің жайы жылдағы жыр, ресми түрде көмір жеткілікті деп хабарлама таратқанмен соның аяғы сиырқұйымшақтанып кеткен сыңайда. Оны басына барып, көзбен көргендер күпті көңілге килігеді. Сонан сергек сананы селкеу сезім басып, ұнжырға түсіп, ұяттылау болып үйге қайтасың. Өзімізден де бар, үйреншікті кесел ғой, жаз бойы жайбарақат жатып, қыс түспейтіндей қамдануды қалыс қалдырып, аяз қысқанда амал жоқтықтан аяқтан тұрып, бір шешімге келетініміз жасырын емес. Сонда деймін-ау, ер азамат болып ерте бастан кіріссек,  бүгінгідей базына болмас па еді?!
Журналистік зерттеу көрсеткендей, Қарағандыдан көмір келудей-ақ келіп жатыр. Бірақ жетпейді. Тұтынушы көп. «Сығанақ» ағаш базарымен жапсарлас жатқан өндірістік аймаққа жағалай теміржол желісінің тұйығы тіреледі. Соған сай бірнеше көмір қабылдау базасы орналасқан. Кейбірі коммерциялық жолмен жұмыс жүргізеді. Оның бағасы басқадан біршама жоғары. Ал, бұрынғы жол мекемесінің базасын алматылық кәсіпкер азаматтар жыл сайын жалға алады. Олардың көмірі жақсы және бағасы да көңілге қонымды. Сондықтан кезек мейлінше сол базада көп.
Біз жүргізушілермен әңгіме жүргізіп көрдік. Мысалы N №063 DMA сериялы «Газ-53» автокөлігінің иесі Алмас Қожанов ашуға мінді.
– Бүгін үшінші күн, кезек таусылар емес. Тіркемесі бар үш «Камаз» кірсе, бір вагонның көмірі бітеді. Биыл аудандардан келуші артты. Демек ауданға көмір жетпей жатыр. Қазалыдан, Тереңөзек, Жалағаш, Жосалыдан көліктер тұр. Кезектен айырылмас үшін көлікті осында қалдыруға мәжбүрміз. Өзіміз таксимен қатынап жүрміз. Таңғы бестен келіп, қас қарайғанша бір елі көліктен кетпейміз. Бұрын мұндай мезгілде кезек деген атымен жоқ еді. Осы жылы ойламаған кезек пайда болды, – дейді ол.
Ал, мына бір тұрғынның да пікірін білсек деймін.
– Аты-жөніңіз кім?
– Жайшылық па?
– Газеттен ғой, тілшімін.
  •  А-а, солай десей. Мүмкіндігі келсе мына ретсіздікті ашық жазыңдар. Өзім Сабалақ саяжайында тұрамын. Бикелді Тілеуқабыловпын. Екі күннен бері сабылып жүрмін. Кезектің келетін түрі жоқ.
  •  Неше тонна аласыз?
  •  Әзірге «Уаз» көлігіне сиятындай екі тонна жеткілікті. Қалғанын уақытында көрерміз, – деді ел ағасы.
  • Қыстың қарбалас шағы көмір базаның көлемінен-ақ белгілі болды. «Биыл неге кезек көп?» деген сауалға жауап іздеп көргенімізде оның түбірі бар екен. Алдымен Қызылорда қаласындағы кірпіш зауыттары Түркістан қаласының құрылысын қамтамасыз ету үшін тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Кірпіштің де бағасы ұшып тұр. Әрине кірпішті өндіру үшін отын қажет. Отын дегеніміз – көмір. Сондықтан базаға жеткен қара алттының дені зауытқа жөнелтіледі деген сөз. Онан бөлек аудан, ауыл тұрғындары жергілікті жерде көмір тапшылығын сезінуде. Амалсыздан қалаға қатынап, осы жақтан тасымалдауға тәуелді. Қалада Наурыз, Сабалақ аудандары мен саяжай тұрғындары негізгі тұтынушы. Қазір  көмірдің тоннасы 14 мың теңгеден босатылуда. Ал, тасымал бағасы бірден көтерілді. Көлік иелері кезекте ұзақ тұратынын алға тартып,  әрбір тасымалы үшін 10 мың теңгеден ақы алып отыр. Жалпы көмірге кезектің қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Ең бастысы, көмірге сұраныс көп.
Ерасыл ШӘРІБЕК
20 қараша 2019 ж. 888 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031