"Мен енді не істеуім керек?": министр не деді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыссыз жүрген астаналық тұрғынға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің халыққа есеп беру кездесуінде жұмыссыз жүрген елордалық ер адам Сапарбаевқа сұрақ қойды.
"Мен қазір жұмысссызбын, сондықтан жәрдемақы алып жүрмін. Ол төрт айға бөлінген, бірақ оның мөлшері өте төмен, ештеңеге жетпейді. Жұмыспен қамту орталығында бос орындар ұсынып жатыр, енді жұмыс беретін мекемелерге барсам, олардың жалақысы өте аз. Осыған байланысты менің екі сұрағым бар: біріншісі, жәрдемақының мөлшері неге төмен? Екіншісі, мен осы жағдайда не істеуім керек?", - деп сұрады ол министрден.
Сапарбаев жалақының аздығына қарамастан ұсынған жұмыстан бас тартпауға кеңес берді.
"Біріншіден, жұмыс істеу керек. Біз қанша жұмыссыз, қанша бос орын бар, соған қатысты күнделікті мәлімет жинап отырамыз. Соның нәтижесіне сүйенсек, қазір бос жұмыс орындарының саны жұмыссыздардың санынан көп. Яғни, жұмыс жөнінен мәселе жоқ...Әрине, айлығы аз деп айтып отырғаныңыз дұрыс. Бірақ аз болса да, соған бару керек. Ертең жұмыс жақсы жүрсе, жалақы көбейеді. Әрбір жұмыс беруші жақсы маман алғысы келеді. Мұндай маманның жалақысы да, жақсы болады. Сондықтан оған бару керек", - деді министр.