» » Латын: оралу

Латын: оралу

  2017 жылы бүгінгі қазақ жазуында қолданылып келген кириллицаны латын әліпбиіне алмастыру мәселесі қозғалды. Осы орайда республика бойынша біршама жұмыстар атқарылды.  Латын әліпбиіне қатысты мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстар мен енгізілген өзгерістерді саралау үшін  сала мамандарының пікіріне құлақ түрдік.

Аман АБАСИЛОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:
     − Әлемдегі бір тілден екінші тілге сөз ауысу табиғи үдеріс. Бұл – тілдің өміршеңдігі үшін қажеттілік. Бірақ бір тілден екінші тілге дыбыс алмаспайды. Бұл –  тілдің табиғи иммунитеті үшін қажеттілік. Тәжірибеде өзге тілден ауысқан  кірме сөз сол тілдің дыбысымен айтылады, жазылады. Ғасырлар бойы қазақ тілі де өзге жұрттан сөз алып, оны өз тілінің дыбысымен игеріп, сөздік қорына қосып келді. Алайда Кеңестік заманда орыс тілінің, кирилл әліпбиінің қыспағына түсіп, жат дыбыстарды қабылдауға мәжбүр болды. Қабылданған әліпби қазақ-орыс, тіпті орыс-қазақ әліпбиіне айналды. Өзге жұрттың сөзі тілімізге дыбыстық өзгеріссіз енді. Мұнан тілімізге өзге тілден сөз алу қажеттілігі өтелгенмен, тіліміздің өмір сүру иммунитеті әлсіреді, аралас, қойыртпақ тілге айнала бастады. Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздік алып аман қалдық. Енді осы тәуелсіздік мәңгі болуы үшін тілімізге де егемендік беріп, рухани жаңғырудың тетігін төл дыбыстардан тұратын ұлттық әліпби жасаудан бастап отырмыз.
       Қазіргі жаңа әліпби жобамызда 32 әріп бар. Оның 28-і төл дыбыстарды таңбаласа, 4-і кірме (жат) дыбысты белгілейді. Түйткілді мәселенің бірі жоғарыда айтып өткеніміздей осы жат дыбыстарға байланысты болып отыр. Мәселен, кірме дыбыстар ішіндегі «Ф» және «Х» дыбыстарын әліпбиде қалдыру, не қалдырмауға байланысты 1925 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш сьезінде Алаш зиялылары да әртүрлі көзқарас танытқан. Біздіңше,  арабтың «Х» дыбысымен келетін сөздерді қазақтың «Қ»  дыбысы емін-еркін ауыстыра алады. Мұны соңғы кезде қолданыстарда анық байқап жүрміз. Мысалы, «Хош келдіңіздер – Қош келдіңіздер, рахмет – рақмет, дастархан ‒ дастарқан т.б. Сол сияқты «Ч» дыбысымен келетін сөздерді де «Ш» дыбысымен жазуға әбден болады. Ал орыстың «В» дыбысымен келетін сөздерді қазақтар атам заманнан бері «У» дыбысымен айтады. Москва – Мәскеу, Европа – Еуропа, самовар – самаурын, кроват – керуерт, википедия ‒ уикипедия т.б. Керісінше орыстар біздің «У» дыбысымен келетін сөздерді «В» дыбысымен жазып-оқиды. Уәлиханов –Валиханов, Көкшетау – Кокшетав т.б.  Ұлты татар, өзі Америкада  тұратын бір түрколог-ғалым (аты-жөнін ұмытып қалдым) жаңа әліпби жобасына арналған бір телебағдарламада көптің көкейінде жүрген мәселені ашық айтты. Ол: «Сіздердің мына әліпби жобаларыңыз не әкесіне, не шешесіне тартпаған жетім әліпби», ‒ деді. Шынымен де біздің қазір қолданысқа ұсынылған әліпбиіміз түркітілдес халықтарының әліпбиіне де (әкесіне), Еуропа халқының әліпбиіне де  (шешесіне) ұқсамайды. Кім жасап, кім ұсынғаны да белгісіз. Латын графикасындағы «С» және «W» таңбалары игерілмей қалған, екі дыбыс диграфпен «Sh», «Ch» берілген, алты (үш дауысты және үш дауыссыз) дыбыс бір-бірінен акут арқылы айырылады, олардың қойылу принципі де түсініксіз.
       Әліпбиде тағы бір назар аударатын мәселе дауысты дыбыстарға байланысты. Қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс бар. Оның төртеуі жуан-жіңішке жұп құрайды да біреуі жұпсыз.  Олар: А-Ә, О-Ө, Ұ-Ү, Ы-І, Е. Бұларды 5 әріппен таңбалауға болар еді. Бірақ жаңа әліпбиде оларға 6 әріп берілген. Бастапқы үшеуі акут арқылы ажыратылады да, соңғы «Ы» мен «І» дыбыстарына жеке-жеке таңба берілген. Бұл біріншіден, әліпбидегі әріптің санын көбейтсе, екіншіден,  жоғарыдағы жұп дыбыстардың бір әріппен таңбалану жүйесін бұзады. Жазу барысында әсіресе дауысты «Ы» дыбысы мен дауыссыз «У» дыбысын шатастырып қолдану  жиі кездеседі.  Сондықтан бұған қайта мән беру керек. Қазіргі кезде бұл ғалымдар тарапынан бұл мәселе жиі айтылып жүр. Сондай-ақ диграфпен берілетін екі дыбысты да қайта қарастыру қажет сияқты. Біз латын тіліне өтіп, латынша жазайын деп жатқан жоқпыз. Біз латын негізді жаңа қазақ әліпбиін жасап, тілімізді жат дыбыстардан, жат емле ережесінен арылтып, тіліміздің өміршеңдік иммунитетін қалпына келтіргелі жатырмыз. Бұрынғы ата-бабаларымыз сөйлеген қалыпқа түсіріп, жазуымызды жөнге салудың тетігін қарастырудамыз. Сондықтан алдымен журналистер осы мәселені жіті түсініп, латын тіліне өту емес, жаңа қазақ әліпбиіне өту, ұлттық әліпбиімізді пайдалану, жаңа ұлттық жазу мәселесі деп жұртшылыққа насихат жұмыстарын жүргізу керек.
 Жаңа қазақ әліпби жобасына өту бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл Үкіметтің бекіткен кестесіне сай жүзеге асады. Оның біріншісі 2018-2021 жылдар аралығын қамтиды. Екіншісі 2021-2023 жыл, үшінші кезең 2024-2025 жылға жоспарланған. Осы аталған уақыттың ішінде жаңа әліпбиге көшу жоспарланған. Осы бағытта арнайы ұлттық комиссия құрылып, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық комиссияның бірінші жұмыс бағытына әліпби жасау мәселесі енсе, екіншісі жаңа әліпбиді балабақшадан бастап, бастауыш білім беру, орта, арнаулы орта, жоғары оқу орнына дейін, одан барлық ересектерге оқып-үйренудің әдістемесін жасау жүктелген. Үшінші бағыты жаңа емле ережесін жасау жұмыстарымен айналысса, төртінші бағыты  жаңа әліпбиді енгізуді техникалық және ақпараттық сүйемелдеу мәселелерімен  жұмыс жасауда.
Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ – филология ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың құрметті профессоры, ҚР Білім

беру ісінің құрметті қызметкері:
‒ Президент Қ.Тоқаев өзі сайланған алғашқы күндерден бастап-ақ сайлау алды бағдарламасында айтылған мәселелердің орындалуына халық назарын аудара бастады. Міне, қазір жаңа Қазақстан тарихындағы екінші Президенттің  алғашқы Жолдауына куә болып отырмыз.
Жолдауда көрсетілген барлық маңызды мәселемен қатар, біз сияқты тіл жанашырлары үшін де ең қажетті мәселеге назар аударылған. Сырттай қарағанда, осы бағытта айтылған «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» делінген бар-жоғы екі сөйлемнен тұратын мәтінде, сырт көзге, әсіресе тілге деген жанашырлығы аз не мүлде жоқ азаматтар үшін маңызды ештеңе де айтылмаған тәрізді боп көрінуі әбден мүмкін. Бірақ «ана тілін арым, ұлттық белгім – барым» деп санайтын маман, азамат ретінде мұнда тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды Отаным деп санайтын бүкіл этностардың алдында тұрған жауапты мәселе көтеріліп отыр деп түсінемін. Мәтінге назар аударсақ, алдымен «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшеюі» керек. Оны кім күшейтеді, қандай жолдармен күшейеді? Меніңше, тілдің (қазақ тілінің) рөлін күшейтудегі басты күш, ең алдымен – халық, әсіресе сол тілдің иесі болып табылатын, басқаларға ұйытқы-лидер болатын қазақ халқы. Ал қазақ халқының кез келген өкілі – «еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін» – осы үдеден, қазақ тілінің мемлекеттік өрісін арттыруға деген құрметті миссияның үдесінен, шыға алып жүрміз бе? Әлі де болса, дүниеге жаңа келген сәбиінің тілі өзге тілде шығатын, аталары мен әжелері, әкелері мен аналары өз арасында басқа тілде ойлап, ұрпақтарымен де сол тілде сөйлесетін отбасылардан арылып болдық па? Көшедегі, теледидардағы қиқы-жиқы жарнамаларды ауыздықтай алдық па? Немесе ұрпақ тілінің ана тілінен бастап қалыптасуынан гөрі орыс не ағылшын тілінде, тіпті үш тілде бірдей (абсурд, қазақша – қойыртпақ) қалыптасуының ордасы болып табылатын балабақша, бастауыш мектептер аз ба? Айта берсек, осындай келеңсіздіктен арыла түспек түгіл, ұйығына бата түсіп бара жатқан тәріздіміз. Осы тұрғыда азын-аулақ, әр жерден дауыстары қинала шығатын, басқалардың қолдауына зәру тіл жанашырларына қол созып, көмек жасаудың орнына қолды сілтей салатынымыз, не үндемей қалатынымыз тағы бар екенін қалай жасырамыз?!
Әдетте, мұндай істің шешімін жоғарыдан күтетініміз бар. Расында, мемлекет, үкімет тарапынан да бұл істі шешудің түрлі жолдары қарастырылады. Алайда істің ұйымдастырушылық жағы, орындалуының пәрменділік жағы бәсең, тіпті нәтижесі көңіл көншітпейтіні де рас. Мәселен, ең алғашқы болып қолға алынған іс қағаздарын қазақша жүргізу мәселесі осы кезге дейін шешімін толық тапты ма? Жоқ. Парламент, Үкімет, басқару органдары таза қазақ тілінде сөйлеуге толық көше алды ма? Жоқ. Басқа ұлт өкілдерін, мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тіліне үйрету мәселесі толық іске асып жатыр ма? Иә, іске асып жатыр, тек қағаз жүзінде және қаражат жұмсау жағынан ғана. Оқығандығы жөнінде сертификат беріледі, ал сол берілген білім жүзеге асып жатыр ма, оны бақылайтын, тексеретін орын бар ма? Жоқ. Бұл тұрғыда, түрі қазақ, тілі шала кей қазақтарға қарағанда, еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге деген құштарлығына тәнті болуға тура келеді. Міне, айналып келгенде, қазақ тілінің мемлекеттік рөлін арттырудың жолы, біздіңше, оны күнделікті өмірінің азығы ететін қарапайым халық пен бүкіл мемлекеттік орындардың бірлескен әрекеті. Бұл бағытта жасалған жоспар да, бағдарлама да аз емес. Тек солардың дер кезінде орындалуын бақылаудың әлсіздігі, қойылған талаптарға салғырт қараудың белең алып кеткендігі алаңдатады.
Болат БОРАНБАЙ, Филология ғылымының кандидаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушысы:
‒ Қазақ қоғамындағы ең бір өзекті мәселенің бірі ‒ қазақ жазуын латыннегізді әліпбиге ауыстыру. Бұған дейін әліпбидің үш нұсқасы ұсынылды. Алғашқысы – диграфтар (бір дыбысты екі таңбамен беру) арқылы берілді. Тіліміз типологиялық жағынан жалғамалы тілдер тобына жататын болғандықтан, сөз тұрқы ұзарып кетті де, қоғам тарапынан қарсылыққа ұшырады. Екінші, апостроф арқылы берілген нұсқа да жазудағы шұбалыңқылыққа алып келді. Үшінші нұсқа қазір қолданысқа енгізіліп келеді. Бұның да кемшіліктері тілші ғалымдардың ғана емес, жалпы тұтынушылардың көзіне менмұндалап тұр. Окут белгісі дүниежүзілік тәжірибеде сөз екпінін білдіреді, орыс тілі тәжірибесінен біз оны жақсы білеміз. Әліпбиде ол тек жуан-жіңішкелілікті білдіріп қана қоймайды, сонымен қатар қатаң-ұяңдық жұптарды да ажырату үшін қолданылған. Жуан-жіңішкелі, қатаң-ұяңды жұптар әрқилы берілген, ол қолданушыны шатастырады. Бір таңбаның бұрынғы екі таңбаның орнына қолданылуы (х, һ), бір таңбаның бұрын қолданылған үш таңбаның орнына қолданылуы (і, и, й), диграфтың қолданысы (ш,ч), т.т. кемшіліктер емле ережесін түзуде де көптеген қиындықтар тудыруда.
Кілтипан неде? Қалай болғанда біздің әліпбиіміз қолдануға жеңіл, емлесі оңай болмақ? Ғылымда «идеалды емле» деген атқа ие болған, бүкіл одақ ғалымдары тәнті болған Ахмет атамыздың емлесін неге алуға болмайды? Біздің пайымша, әліпби түзбес бұрын қазақ тілінің дыбыстық құрамын дұрыс айқындап алмағанымызда. Ақаңның, одан бері қазіргі таңда қазақ фонетикасының бірден бір білгірі деп танылған филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің қазақ тілінің дыбыстық құрамы туралы жасап берген формуласын ешкім (бұл жерде тілші ғалымдарды айтып отырмыз) жоққа шығарған жоқ. Оның мәнісі қалай? Қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс бар – а-ә, ы-і, ұ-ү, о-ө, е. 17(19) дауыссыз бар – б, г(ғ), д, ж, з, й, к(қ), л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ш. Сонда 9+17(19) =26 (28) деген формула шығады, осыған негізделген ҚР Ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мақұлдаған «Ұлттық жоба» деген атпен танымал латыннегізді әліпби де даяр.
Кезінде Ақаң «деңгейі ортадан төмен бала екі апта көлемінде оқып-жазуды меңгереді» деп сипаттаған емле керек қазақ үшін. Қазіргі таңда қолданысқа енгізіліп жатқан әліпби, оның емлесі арқылы жазылған мәтіндерді жұртшылық ежелеп оқып жүр, тіпті сауаттымын деп жүрген қауымның өзі де. Оның мәнісі 1983 жылдың 25 тамызында қабылданған, орыс жазуының ықпалындағы емледен арыла алмағанымызда болса керек.
Президент Қ.Тоқаев бұл мәселеде асығыстық жасамауға, ғалымдармен ақылдасып, тиянақтап барып көшу керегін айтқан еді. Латыннегізді әліпбиге көшудің әзірлік кезеңі асығыстықты қажет етпейді, ал оны қолданысқа енгізу айтарлықтай қиын нәрсе емес.
Нұрсәуле МҰСАЕВА, Қызылорда облысының тілдерді дамыту орталығының директоры:
− Тіл мәселесі бүгінде көпшілікті алаңдатып отырғаны рас. Түрлі пікірлер, түрлі идеялар айтылуда. Біздің орталық «Латын қарпіндегі
қазақ әліпбиін енгізу жұмыстарының жоспарын» құрып, түрлі іс-шаралар өткізуде. «Жаңа қазақ әліпбиінде жазуға дағды қалыптастыруға арналған жұмыс дәптері» және «Жаңа емле жазу сауаттылығын арттыру құралының» авторлық құқығы алынып, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына сараптамаға жіберілді. Сонымен қатар «1 сабақ 1 әріп» бағдарламалық жобасы бойынша облыс көлемінде 408 мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқу курсын тәмамдады.
Елдің ішінде емлеге қатысты сауал көп. Басым бөлігі ішінара қателік бар екенін айтып жүр. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы «Емле ережелерінің» өзгертілген нұсқасы мақұлданып,  сол бойынша  жұмыстар жүргізілді. Соның бірі «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» атты латыннегізді қазақ жазуын меңгертетін  72 сағаттық тренерлерді даярлау курсы ұйымдастырылды. Курсқа жыл бойына әр облыстан 14 маман жіберілді.  Қазіргі уақытта біздің өңірден 10 тренер оқып келді. Осы орталықтың ұйымдастыруымен тағы да бір тың шара болды. Мұнда «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы 12 сағаттық семинарда облысымыздың 63 қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қамтылды. Айта кетейін, өткенде жаңа қазақ әліпбиіне негізделіп жасалған пернетақталарды сынамадан өткізу мақсатында еліміздің әр өңіріне 15 пернетақта жіберілді. Жуырда Қызылорда облысы бойынша 500 адам сынамадан өтті. Осының барлығы айналып келгенде бір мүддеге жұмыс істеп жатыр. Тіліміз үшін. Енді биыл 25 қыркүйекке дейін емле ережесі толықтай бекитін болады. Біздің басты мақсатымыз да – елге қазақ тіліне негізделген латын графикасын үйрету.
P.S. Латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамда шынымен қызу талқылануда. Мұнда да солай. Алғашқы нұсқалардың біркелкі болмай, көңілден шықпағаны рас. Емле-ереженің нақты бекітілмегені де көңілді күпті етіп қойды. Бұл ретте тіл мамандарының өзі де бір байламға келе алмай отыр.
Ақтілек БІТІМБАЙ
09 қыркүйек 2019 ж. 1 658 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031