ӘСКЕРИ БӨЛІМГЕ ‒ 20 ЖЫЛ
Осыдан 20 жыл бұрын оңтүстік бағыттағы мемлекеттік шекараны нығайту мақсатында облыста арнайы шекара жасағы құрылды. Өзбекстан Респубикасымен арадағы мемлекеттік шекараны күзету, мемлекетіміздің саяси және экономикалық мүддесін қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, ел аумағына қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу міндеті аясында 2019 әскери бөлімі мемлекеттік шекараны күзетуге кірісті.
Әскери бөлімнің алғашқы командирі болып, подполковник Александр Красюков тағайындалып, арада бір жыл өткен соң шекара жасағына Жауынгерлік Ту табыс етілді. Алғаш рет 2005 жылдың 16 қазанында шекара бөлімінің жер теліміне межелеу тобы бірінші шекара белгісін қойып, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекара арасына 58 белгі орнатты.
Биыл «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты 2019 әскери бөлімінің құрылғанына ‒ 20 жыл. Осыған орай Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында жиын өткізіліп, оған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, қала әкімінің кеңесшісі Ә.Шаяахметов, республикалық «Застава тарландары» қоғамдық қорының төрағасы, запастағы генерал-майор Х.Берқалиев және шекара қызметінің шекарашылар бірлестігі басқармасының бастығы полковник Е.Иманәлиев қатысты. Сондай-ақ әскери бөлім құрылған сәттен бастап бөлімді басқарған командир, жауапты бөлімшеде қызмет еткен офицерлерді әскери бөлімінің саптық алаңына жиналған жеке құрам салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті.
Шара аясында 2012 жылы 25 желтоқсанда әуе апатынан қаза болған әскери қызметшілердің рухына тағзым етіліп, құрбандық шалынды.
О.ӘБДІРАЙЫМОВ, «Оңтүстік» өңірлік басқармасының офицері:
‒ Айдар Кабірұлы басқаратын Оңтүстік өңірлік басқармасына қарасты 2019 әскери бөлімі 20 жылдық мерейтойды жоғары дәрежеде атап өтті. Мерекелік шараның маңызды өтумен қатар әскери бөлімнің ғимараты да ерекше дайындықпен жасалыпты, бұл бізге ерекше көңіл-күй сыйлады. Соның ішінде Тәрбие әлеуметтік құқықтық және идеологиялық жұмыс бөлімінің офицерлері штаб ғимаратына сыйға тартқан аквариум ерекше әсемдік сыйлап тұр. Осы шараға қатысқан ардагерлер мен офицерлер атынан шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды айтамын. Әскери бөлім ұжымына мемлекеттік шекарамызды қорғауда жетістік пен абырой тілеймін.
Гүлдана ЖҰМАДИН