ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА СЕНЕМІН
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Федосеев Вадим Анатоливич 1992 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Құрлық әскерлерінің Әскери институтының түлегі. Жолдамамен Қызылорда қаласындағы №66597 әскери бөліміне қызмет етуге келген. Вадим − ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінің, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының грамоталарымен марапатталған. Қоян-қолтық ұрыс бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Отбасылы, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Вадим Федосеев, ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі, 66597 әскери бөлімінің рота командирі, аға лейтенант:
− Вадим, жуырда Молдованың астанасы Кишинев қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогында әлем чемпионы атандыңыз. Жеңісіңіз құтты болсын! Чемпионат туралы толығырақ айтып берсеңіз?
− Әлемнің 26 елінен 122 мықты спортшы қатысты. Чемпионат қорытындысы бойынша 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қоян-қолтық ұрыс бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативін орындап, алтын медальді жеңіп алдым. Бұл кубокта мен Қазақстан Қарулы Күштерінің бірден-бір өкілі болдым. Сондықтан үлкен жауапкершілік сезілді. Барлық қарсыластарымның дайындығы керемет болды. Бапкерім Дәуірбек Дәулетбековтің баптауының арқасында мен жеңімпаз атандым. Жалпы командалық есепте Қазақстанның құрамасы екінші орынды иеленді, бірінші және үшінші орынға Ресей және Молдованың спортшылары жайғасты.
− Біз отбасында үш ұлмыз. Ұл бала тәрбиесінде әкенің тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Әке − отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі бала үлгі өнеге алатын, бой түзейтін нысанасы. Ер бала болған соң әкемізге жақын болдық. Ол кісі сырлас, дос бола білді. Біздің өсіп, жетіліп, жеке тұлға болып қалыптасуымызға, қоғамдағы өз орнымызды дұрыс табуымызға әкеміздің еңбегі ерекше. Әкеміз әркез, «үлкенді сыйла, кішкентайларды ренжітпе» деп құлағымызға құйып өсірді. Қарапайым ғана осы қағидалар әлі күнге дейін өмірлік ұстанымым. Ел мен жер қорғаны, тыныштығымыздың сақшысы, қоғам қауіпсіздігінің кепіліне айналған әскери қызмет − ең жауапты сала. Әулетімізде әскери болуды таңдаған мен ғана.
− Табандылығымен талайды тамсандырып жүрген жас спортшы қайда дайындалады?
− Әскери бөлімде күнделікті жаттығулар жасаймыз. Әсіресе қоян-қолтық күресімен айналысатын жастар арнайы жаттығуларын уақытылы жасап, үнемі дайындық үстінде жүреді. Қаладағы спорт кешендеріне барамын. Қызметі ақылы. Жуырда сол жағалаудағы жастар орталығында спорт кешені барын естіп қуанып қалдым. Жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастарға тегін екен. Бұл жастардың саламатты өмір салтын ұстануы үшін үлкен қолдау ғой. Үздіксіз сонда баратын боламын. Қаңтар айында Қарулы күштердің чемпионаты өтеді. Бұл − армиялық ойындарға іріктеу. Сондықтан қызу дайындық үстіндемін.
− Көптеген сайыстарда жеңіске жеттіңіз. Ер жігіттің табысты болуының құпиясы неде?
− Әрине, ең бірінші, өзіңнің рухани бай болуыңа байланысты. Қандай қиындық кездессе де, оңайлықпен сағы сынбайтын жігерлі, сабырлы болу керек. Отбасының амандығы, бауырларының, ата-анасының жарқын сәттері де қолдау болады. Түзде жүргендіктен әркез үйдегілерді ойлап отырасың. Әйел – ердің сенімді серігі, сырының иесі, отының көзі. Сондықтан мен үшін жарымның қолдауы маңызды.
− Жарыңыз жарыстан шаршап, жеңіліп келген сәттерде қалай қолдау білдіресіз?
− Оксана:
− Ең бірінші оның демалуына жағдай жасаймын. Тынығып алған соң «бұл соңғы сайыс емес, жеңісті күндерің әлі алда» деп жігерлендіремін. Қайтадан жаттығуға көтеріңкі көңіл күймен үшін рухын көтеріп отырамын. «Менің чемпионым», «Біздің батырымыз» деп еркелетіп қоямын.
− Әскери отбасыларда қандай әлеуметтік қиындықтар кездеседі?
Оксана:
− Әскери қыметкерлерге және оның отбасы мүшелеріне пәтер жалдап тұрса, ақысы мемлекет тарапынан төленеді. Медициналық жағынан да қолдау бар. Жалақылары да жоғары. Әлеуметтік тұрмыстық қиыншылықтар жоқ.
− Нені армандайсыз?
Вадим:
− Балаларымыздың болашағы жарқын болатынына сенемін. Олардың сапалы білім алып, жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Еліміздің дамығанын, экономикасының қарыштап дамығанын қалаймын. Аман-есен зейнет жасына абыройлы жетіп, балаларымның қуанышын көрсем деп армандаймын.
− Алға қойған мақсатыңыз қандай?
− Қазақстан Республикасының Ата заңы мен басқа да заңдарын қатаң сақтау, рухы биік азаматы болып, Отанды қорғауға, оның мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болу, еліме адал қызмет ету.
− Әңгімеңізге рахмет! Дегеніңізге жетіңіз!
Сұхбаттасқан: Гүлбану МАҚАЖАН
Р/S:
Қоян-қолтық ұрыс сарбаздардың ептілігін, күш-қарымын жетілдіруге ықпал етеді. Күш пен ептілік сынға түсетін сайыста шын мықтылар топ жарады. Талай додаларда шашасына шаң жұқтырмай жүрген намысшыл да өжет Вадимнің әлі талай жеңіс тұғырынан көрінеріне сеніміміз мол. Өйткені ол айқын мақсат жолында аянбай еңбек етіп келеді. Еліміздің тыныштығын асқан қырағылықпен күзетіп жүрген әскерилер арасында сөзі мен ісі қатар өрілген осындай дүлдүлдеріміздің бар екенін әрдайым мақтан етеміз. Ешқашан уақытпен санаспай, күндіз-түні қарбаласқа толы, қауырт қызметте аянбай тер төгіп, отбасылық өмірді де қатар алып, спортта абыройымызды асқақтатып жүрген Вадимге өмірде де, қызметте де тек жеңіс тілейміз.