СИДНЕЙДЕГІ СЕНСАЦИЯҒА 20 ЖЫЛ
20 жыл бұрын қазан айы қуанышқа толы болды. Жұрт жұмысын тастап, Австралиядағы аламанға зер салды. Атлант олимпиадасынан кейін Сидней – Қазақстанның екінші байрақты бәсекесі. Сиднейде ел спортшылары сенсация жасап, дүниежүзін таң қалдырды. Қазақ жерінде Тәуелсіздіктің иісі енді сезіліп жатқанда әлем Қазақстаннан мұндай жетістікті күткен жоқ. 200 елді қонақ қылған Сидней бейтаныс есімдердің жұлдызын жақты. Соның бірі – Ольга Шишигина. Жеңіл атлетикадан 100 метр қашықта ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Рас, спорт сүйер қауым Ольгадан алтын түгілі қола күткен жоқ. Себебі жүгіруден ел тарихында жүлде жоқ еді. Кіл жүйріктермен сынға түскен нәзік қыз финишты бірінші кескен сәтте көк ту көкке желбіреп, ел мерейін бір тасытты. Одан кейін қазақстандық саңлақтар тағы екі алтын, төрт күмісті қанжығаға байлады. Әсіресе боксшылардың бұл бәсекеде бағы жанды. Болат Жұмаділов пен аса ауыр салмақта Мұхтархан Ділдәбеков күміспен күптелсе, Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбрайымов биік тұғырдан көрінді.
Австралия шаршы алаңында шаң қаптырған Мұхтархан Ділдәбеков Сиднейдегі қызықты сәттерімен бөлісіп, 20 жыл бұрынғы бәсі биік бәсекені еске алды.
– Осыдан 20 жыл бұрын Австралияның Сидней қаласында XXVII жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанып, қазанда өз мәресіне жетті. Сол кезде тәуелсіз Қазақстанның спортшылары әлемге өз мықтылығын мойындатты. Төртжылдықтың басты додасына ұзақ дайындалдық. Дайындық барысында бапкерім Нұрғали Сафиулинмен бірге барлық қарсыласты ой елегінен өткіздік. Алты ай бойы негізгі қарсыластарыммен спаррингке түстім. Қай ел болса да, бәрін аралап шықтық. Еуропа, Африка, Америкаға дейін жолымыз түсті. Олимпиадада чемпион болу үшін тек кубалық Рубалкабадан өту керек болды. Ол қандай жарыс болсын қарсыластарының бәрін жеңіп, тіпті нокдаунмен сұлатып салатын. Әлгі Рубалкабамен жолымыз ширек финалда түйісті. Сол кезде делегациядан барған кей кісілер «Енді келесі Олимпиадаға дайындала беріңдер. Бұл жолы Мұхтарханның жолы болмады» деген пікір айтты. Біздің ойымыз мүлде басқа. Ер кезегі үшке дейін. Екі рет ұтылып, енді үшіншісін ұтамын деп шықтым. Алла абырой беріп, сол жекпе-жекте жеңдім. Рубалкаба мансабында екі рет қана жеңіліпті. Бірі италиялық Видоз болса, бірі – мен. Өйткені ол бойы – 206 см, салмағы – 134 келі, жылдам қимылдайтын дарынды боксшы. Содан Рубалкабаны ұтқаннан кейін өзбек әріптесім Саидовтан қалай да өту керек болды. Ол да мықты, бірақ басқа жол жоқ. Бар күшімді салып, үш раунд бойы бокстасып ұттым. Финалда да бар күшімді беріп, техникамды пайдаландым, бірақ күміс бұйырып тұр екен. Өзім үшін бұл өте қымбат жүлде. Қымбаттығы сонша, қызыма Күміс деп есім бердім, – дейді Ділдәбеков.