ЕЛ БІРІНШІЛІГІНДЕГІ ЕЛЕУЛІ СӘТ
Футбол
Футболдан ел чемпионатының кезекті маусымы басталып, алғашқы тур нәтижелері ресми түрде тіркелді. Турдың алғашқы голын «Ертіс» ойыншысы Павел Шабалин «Атырау» қақпасына соқты. Маусымның беташар ойынында жұрт күтпеген нәтижелер тіркелді. Соның бірі Қызылордада орын алды. «Ақтөбенің» жартылай қосалқы құрамы Сыр алаңына қонаққа барып, «Қайсарды» тақырға отырғызып кетті. Қаңтардың аяғында ҚФФ Дауларды шешу палатасы «Ақтөбенің» жаңа ойыншылар тіркеуіне тыйым салған-ды. Себеп – ақтөбеліктер бірнеше ойыншыға берешектерін төлемеген, қарызға белшесінен батқан. Әйтсе де, «ақ-қызыл» жейделілер құрамын жасақтап, ел біріншілігіне дайындалды. Бірақ өзара келісімге келіп, құрамын жасақтаған футболшылары мен легионерлерін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ресми түрде тіркемей қойды. Сөйтіп, «Ақтөбе» былтырғы құрамынан қалған жергілікті ойыншыларына ғана сенді. Алайда олар жеткіліксіз еді, сондықтан қосалқы құрамындағы бірнеше жас түлегін тартуға тура келді. Осылай, «Ақтөбе» жартылай қосалқы құрамымен, өрімдей жастарымен мақсаты биік, бағыты айқын «Қайсар» клубына қарсы шықты. Қызылордаға тіпті қонақтардың бас бапкері, Ресей маманы Владимир Муханов та келмеген. Неге? Белгісіз. Жүрексінді ме, әлде басқадай себебі болды ма?.. Сөйтіп, «Ақтөбенің» үш бірдей жас футболшысы негізгі құрамда алаңға шығып, Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы ойындарын өткізді. Олар – Сырым Әділханов, Рустам Темірхан және Александр Усачев. Ал қосалқы құрамында тек жас өрендері отырды. Матч өте тартысты өтті. «Ақтөбенің» жастары жанкештілік танытты. Аянған жоқ, аяқтарын да тартқан жоқ. Легионерсіз де ойнауға болатынын паш етті. Жастарға мүмкіндік беру керегін көрсете білді. Әрі өздеріне артылған сенімді асыра ақтап шықты. Азулы қарсыласына, олардың сапындағы тәжірибелі легионерлерден именген де жоқ... Матч соңында «Ақтөбе» жастарының еңбектері бағаланып, гол соғудың сәті түсті. Абат Айымбетов ештеңеден тайсалмай алға ентелеп, «Қайсардың» төрт бірдей ойыншысының ортасынан өтіп кетуге тырысты. Тіпті өтіп кетті де... Сол кезде Абатты тоқтатудың басқа амалын таппаған Иван Графф ойын ережесін бұзуға мәжбір болды. Пенальти! Төреші ойланған да жоқ. Бірден 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Пенальтиді Асланбек Кәкімов мүлтіксіз орындап, «Ақтөбе» жанкүйерлерін дүр сілкіндірді. Қонақтар алға шықты. Бұл ойынның 75-минуты болатын. Бірақ «Қайсар» қалған уақытта таразы басын теңестіре алмады. Жалпы, «Қайсардың» «дерті» сол былтырғыдай секілді. Гол соғуға – шорқақ. Ойын өрнегі жаман да емес болар. Бірақ допты қақпа ішіне дәл түсіре білу керек қой. Рас, «Ақтөбенің» қақпашысы Игорь Трофимец жанкештілік танытып, бірнеше соққыны тойтарды. Әйтсе де, гол соғудың амалын табу керек емес пе?!
«Қайсар» – «Ақтөбе» – 0:1 (0:0) Гол: Кәкімов, 75-пенальтиден.
Ал «Қайрат» Алматыда премьер-лига дебютанты петропавлдық «Қызыл-Жар СК» клубын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. 26-минутта сербиялық Братислав Пуношевац «Қызыл-Жар СК»-ны алға шығарған. Алайда одан кейін 80-минутта Исаэль және 27-минутта Андрей Аршавин мергендік танытып, «Қайратқа» жеңіс сыйлады. Еске салсақ, «Қызыл-Жар СК» 2017 жылы бірінші лигада екінші орын алып, премьер-лигаға жолдама алған еді.
«Ордабасы» мен «Шахтер» арасындағы кездесу 2:1 есебімен шымкенттік команданың пайдасына шешілді. 22-минутта Еркебұлан Тұңғышбаев гол соққан. 51-минутта «Шахтердің» черногориялық шабуылшысы Дамир Кояшевичтің айып соққысынан кейін есеп теңесті. 64-минутта өзбекстандық Иван Нагаев «Ордабасыға» түбегейлі жеңіс сыйлады. Алайда өзі 72-минутта жарақатына байланысты алаңнан кетуге мәжбүр болды. Маусымаралық үзілісте бұл командалардың да бас бапкерлері ауысқан. «Ордабасыға» болгариялық Георги Дерменджиев келсе, белорусиялық Владимир Журавель енді «Шахтердың» мәртебесін асыруға тырысып көреді.
Елордалық «Астана» болса, маусымды өте сәтті бастады. Команда 4 наурыз күні «Қайратпен» суперкубокқа таласып, 3:0 есебімен ойсырата жеңгені белгілі. Премьер-лигадағы алғашқы кездесуінде де оралдық «Ақжайықты» дәл осындай есеппен ұтты. 9-минутта хорватиялық жартылай қорғаушы Марин Томасов «Астананы» алға шығарған. Қалған голдар екінші таймда соғылды. 73-минутта Сергей Малый «Ақжайық» қақпасын дәл көздесе, 79-минутта Серікжан Мужиков үшінші голды соқты. «Астана» Қазақстан чемпионатының соңғы төрт маусымында қатарынан жеңді. Биылдан бастап команданы Григорий Бабаян жаттықтыруда.
Павлодарда "Ертіс" пен "Атырау" арасындағы кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Шабалиннен кейін румыниялық легионер Дору Попадюк гол соғып, «Ертіске» басымдылық сыйлады. 90-минутта «Атыраудың» хорватиялық қорғаушысы Томислав Барбарича есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша, бұл турда тең нәтиже тіркелген жоқ. Турнир кестесінің алдыңғы алтылығы 3 ұпайдан иеленсе, кейінгі алтылық әзірге 0 ұпаймен тұр. Бірінші турдың қорытындысы бойынша көптен қара үзіп шыққан мергендер жоқ. Ең көп гол соққан – «Астана» клубы. Одан кейінгі орында – «Ордабасы», «Қайрат», «Ертіс». Содан кейінгі орында бір-бір доптан соққан «Тобыл», «Ақтөбе», «Атырау», «Қызыл-Жар СК» командалары орналасқан.
2 тур ойындары 17 наурызда өтеді:
«Тобыл» – «Шахтер»
«Ордабасы» – «Қызыл-Жар СК»
«Қайрат» – «Атырау»
«Ертіс – «Ақтөбе»
«Қайсар» – «Ақжайық»
«Жетісу» – «Астана».