ҚАЗАҚ ЕЛІН ҚУАНТУҒА ДАЙЫНМЫН
Жедел сұқбат
Сары құрлықта 4 жылдықтың бас аламаны Азия ойындары басталғалы бірнеше күн өтті. Дүбірлі додаға елдің жүгін арқалап, намысты қолдан бермеуге Сыр аруы – Мөлдір Жаңбырбай да аттанған болатын. Каратэ-додан сайысқа түсетін саңлағымыз елге абыроймен қайтуды көздейді. Джакарта қаласында соңғы дайындығын пысықтап жүрген Мөлдірмен аз-кем тілдестік.
– Мөлдір, жағдайың қалай?
– Рақмет, бәрі ойдағыдай.
– Азия ойындарына дайындығың қалай?
– Дайындығым жаман емес. Ойымдағының бәрін жүзеге асыратын болсам медаль алу мүмкіндігі туындайтыны анық. Ел үмітін абыроймен ақтау үшін барымды саламын. Қазақ елін қуантуға дайынмын.
– Климат ауыстыру спортшылар үшін қиындық тудыратыны анық. Бұл жағы қалай?
– Рас, бұл спортшылар үшін өте маңызды. Әсіресе, денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Дегенмен Индонезияға бой жазып, үйренген сыңайлымыз.
– Жарыс жолына қашан шығасыз?
– Құдай сәтін салса, 27 тамызда татамиге көтерілемін. Бұл дата каратэ-доның соңғы жарыс күні. Соңғы түйенің жүгі ауыр боларын білеміз. Сондықтан жауапкершілікті екі есе сезінетін боламын.
– Сәттілік!