АҢЫЗДАР АТСАЛЫСПАЙДЫ
28 қазан күні болатын мадридтік «Реал» мен каталониялық «Барселона» арасындағыматчқа аңыз футболшы Лионель Месси қатыса алмайды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады. Қос команда арасындағы кездесулер күллі әлемге «Эль-Классико» деген атаумен танымал. Аргентиналық футболшы Испания чемпионаты аясында «Севильяға» қарсы кездесуде қолынан жарақат алып, емханаға жөнелтілген. Клуб дәрігерлерінің хабарлауынша, ойыншы білек сүйегін сындырып алған. Енді ол жасыл алаңға үш аптадан кейін ғана оралуы мүмкін. Осылайша, Месси алдағы алты ойынға, оның ішінде «Реалға» қарсы кездесуге де қатысаалмайды. Бұл туралы «Барселонаның» бас бапкері Эрнесто Вальваерде де пікір білдірген.
– Мессидің біздің командадағы маңызы қандай екенін бәрі жақсы біледі. Енді оның біраз уақыт алаңға шыға алмайтынына үйренуіміз керек. Оның орнын алмастыра алатын футболшыларды жақсылап дайындаймыз. «Барселонада» ресурс жеткілікті,-дейді ол. Осылайша 11 жылдан бері тұңғыш рет «Эль-Классико» Мессисіз және Роналдусыз өтпек. Еске салсақ, Роналду биыл жазда «Реалдан» италиялық «Ювентус» сапына ауысқан болатын.