«ҚАЙСАРДЫҢ» МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЛАЙ?
Бүгінде Түркияның Анталия қаласында қызылордалық «Қайсар» алдағы маусымға дайындығын пысықтап жатыр. Жаттығу жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Таңертең футболшылар физикалық шыдамдылыққа бағытталған жаттығулар өткізсе, кешкісін әдіс-тәсілдерін шындамақ.
Көктемде жалауы желбірейтін біріншілікте командаға үлкен міндет жүктелген. Былтыр олар алғашқы алтылықтан көрінді. Ендігі кезекте одан да жоғары белесті бағындыруға күш салады. Осы мақсатты орындауға клуб басшылығы былтырғы құрамға сенім артатын секілді. Олармен маусым аяқтала салысымен жаңа келісім-шартқа отырды. Тұрақтылық бар жерде өркендеу болары сөзсіз. Дегенмен, бас бапкер Стойчо Младенов оқу-жаттығу жиынында құрамға кемі 4-5 ойыншы алатын секілді. Әзірге қаралымда үш ойыншы жүр. Оның екеуі отандық футболшы болса, үшіншісі легионер. Нақтырақ айтсақ, Дәуренбек Тәжімбетов пен қорғаушы Марк Гурман және македондық шабуылшы Христиан Кировский. Алғашқы екеуінің есімі жергілікті жанкүйерлерге белгілі. Дәуренбек «Қайсардан» түлеп ұшқан аяқдопшы. Мансабын туған жерінде аяқтауды мақсат тұтса керек. Бірақ бұл ойы орындалу үшін бапкердің назарына ілігуі тиіс. Израильде тәлім алып, қазақ футболының өркендеуіне себін тигізген Марк Гурман бұл жолы «Қайсарды» таңдапты. Тәжірибесі мол Гурман құрамға енсе, қорғаныстағы ойыншылар арасында бәсекелестік қыза түспек. Ал, 32 жасар Христиан Кировский футбол мансабында 18 клубтың жейдесін киген екен. Соңғы клубы тайландық «Чиангмай». Тайланд біріншілігі біздікіне қарағанда едәуір төмен. Сондықтан Христианның шеберлігі жоғары деп айту қисынға келмейтін тәрізді. Айтпақшы клуб жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап қойған. Алдымен Болгарияның «Дунав Русе» командасымен ойнаса, араға үш күн салып, румындық «Сепсимен» күш сынасады. Әлгі ойыншылардың тағдыры осы ойындармен байланысты.