ӘУЕСҚОЙ ФУТБОЛШЫЛАРДЫҢ ӨЗ АЛАҢЫ БОЛАДЫ
Локоматив стадионы әр жексенбі сайын қала жастарының басын біріктіреді. Себеп футболдан әуесқойлар лигасы. Өткен жексенбіде жалауы желбіреген жарыстың биыл ауқымы кеңейген. Әдеттегіден өзгеше өрбіген лиганың тың жаңалықтары көп-ақ. Жаңа маусымның жаңалығын лига басшысы Еркін Жантуғановтан сұрағанды жөн санадық.
– Ереке, аздаған үзілістен кейін жазғы маусымның шымылдығы ашылды. Қала жастарының бұл лигаға қызығушылығы қалай?
– Байқасақ, жыл өткен сайын қатысушы командалардың қатары едәуір ұлғайып келеді. 3 жыл бұрын әуесқой лигада небәрі 10 команда қатысуға ниет білдірсе, бүгінде қатары 35 командаға, 750 қатысушыға жетіп отыр. Лигамыз тек қала жастарымен шектеліп жатқан жоқ. Әрбір командада аудан жастарын да кезіктіріп жатырмыз. Тіпті кейбіреуінде сырт қаладан арнайы келіп, қатысып жатқандарды байқадық. Демек, аймақ футболының дамуына аздап болса да үлес қосып жатқанымыз көрінеді. Айта кетейін, биылғы аламанға "Тарлан" бокс федерациясы да қызығушылық танытып, өз саңлақтарын қатарға қосты. Командада әлем, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған боксшылар доп тебеді. Мысалы, жасыл алаңнан мақтанышымыз Қамшыбек Қоңқабаевты да көріп, қуанып жатырмыз.
– Лиганың тізгінін ұстағаныңызға көп бола қойған жоқ. Дегенмен аз-кем тың жаңалықты естіп жүрміз. Өткен маусымға қарағанда қандай өзгерістер болғанын өзіңізден естісек...
– Жоғарыда айтқанымдай қатысушылар санының ұлғайғаны біз үшін ең бірінші жаңалық. Сондықтан қосымша "В" лигасын ашуды қолға алдық. Онда 15 команда топтастырылып, жүлдеге талас жүргізуде. "А" тобында 12 команда болса, "Супер" лигада 8 команда бар. Соңғысы 3 айналым жүйесі бойынша жүреді. Яғни командалар бір-бірімен 3 рет жолығады. Әр айдың үздік ойыншыларына сый-сияпат көрсетуді қолға алдық. Мысалы, айдың үздіктері "Tsars Burger-дің" өнімдерін 50 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады. Сондай-ақ мұндай жеңілдіктер "Би-Али" спорт дүкені де қарастырып отыр. Биыл біршама компаниялармен серіктестік орнатудамыз. Аймақта зәм-зәм суымен танымал "Safiya" кәсіпорны әр ойын сайын 35 блок минералды сусынын қатысушыларға ақысыз беріп, демеушілік көрсетуде. Сонымен қатар облыстың белді төрешілері қатарымызға қосылды. Лиганың жаңа администраторы сайланды. Бүгінде әуесқой лиганың барлық шаруасын жаңа администратор Жанболат Кәденов атқарып жүр.
– Лиганың негізгі алаңы саналатын Локоматив стадионы күрделі жөндеуден өтетінін естідік. Жөндеу жұмыстарына байланысты алаң жабылып қалса, әуесқойлар сайысы қайда өтеді?
– Жыл басында жөндеуден өтетінін естідік. Бірақ нақты мына күні басталады деген шешім жоқ. Сондықтан жазғы маусымды осы алаңда аяқтаймыз деген ойдамын. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Азатұлының ықпалымен алаңда еркін ойнап жүрміз. Жалпы алаң бойынша бізді толғандыратын ешқандай мәселе жоқ.
– "Супер лиганың" қатысушылары 10 командадан 8-ге азайыпты. Мұның себебі неде?
– Иә, жаңа маусым алдында біршама командалар бірігіп, бірге ойнағанды жөн санапты. Мысалы, "Престол" мен "СанМұнайГаз" бірігіп, "Проектировщик" атауымен өнер көрсетуде. "А" тобынан жолдама алған "Талсуат" командасы белгісіз себептермен ыдырап, жабылып қалды. Лиганың элиталы тобына кез келген команданы қоса алмаймыз. Сондықтан қалған 8 команданың қатарын толықтырмай, бір-бірімен ойнағанды жөн санадық.
– Биыл республикалық біріншілікте аймақ намысын қай команда қорғайды?
– Өткен маусымда жүлдегер қатарынан көрінген "Сәт-сервис" командасы Астанада өтетін ел біріншілігіне қатысуы тиіс. Егер демеушілік тарапынан қиындық туындап жатса келесі орынға жайғасқан командалар қатыса алады.
– Соңғы сауал. Лига басшысы ретінде алдағы жопарыңызбен бөліссеңіз.
– Ең бірінші жоспарым әуесқой футболшылардың өз алаңы болғанын қалаймын. Сондықтан алаң салуға баса назар аударамын. Сәтін салса келер жылы "ЛЛФ-Арена" атауымен стадионның құрылысын бастамақ ниеттеміз. Мұнан бөлек, қатысушылардың қатарын ұлғайтқымыз келеді. Тамыз айынан бастап ардагер аяқдопшыларды қатарға қоспақпыз. Яғни футболға қызығушылығы бар жасы 37-ден асқан кез келген адам қатыса алады.
Сұхбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК