БОЗ КІЛЕМДЕГІ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК
Спорт тарихындағы ең ұзақ балуандар жекпе-жегі 11 сағатқа созылған деген дерек бар. Қазір бұған сену қиын. Бірақ, V Олимпиаданың кезінде, 1912 жылы Стокгольмде спортшылар мен төрешілер ешқайда асықпаса керек. Рекордтық белдесу 14 шілдеде ресейлік балуан Мартин Клейн мен екі дүркін әлем чемпионы фин Альфред Асикайненнің арасында болған. Балуандар кімнің мықты екенін анықтау үшін 11 сағат 40 минут белдескен. Егер ара-арасындағы демалысқа кеткен уақыттарды есептемесек, жекпе-жектің таза уақыты 10 сағат 15 минут. Әрине, төрешілер қолдарынан келгенше, бұл процесті жеделдетуге тырысқан. Олардың белдесуі бір сағаттан аса бастаған кезде, төрешілер әр 60 минут сайын үш минут демалыс беріледі деп шешкен. Бұл көмектеспегеннен кейін төрешілер тарапы сағат сайын берілетін демалысты бір минутқа дейін қысқартқан. Белдесу сегізінші сағатқа созылған кезде, төрешілер демалысты мүлдем алып тастаған. Бірақ бәрібір мықты анықталмаған.
Содан кейін комиссия мүшелері жеңімпазды ұпай саны бойынша анықтау үшін финалдық 15 минут беру туралы шешім қабылдайды. Бірақ балуандар тағы тең түседі. Нәтижесінде, балуандарды партерге ауыстырады. Сонда бірі үш минут партерде шабуылдайды, екіншісі қорғанады. Міне, сонда ғана жеңімпаз анықталады, ол – Мартин Клейн болып шығады.
Ең қызығы, финалдық кездесуден бас тартады. Шешуші жекпе-жек келесі күні швед балуаны Клаус Юханссонмен өтуі керек-тін. Бірақ ресейлік балуанның жартылай финалда шаршағаны сонша, «алтын» үшін күресуге күші қалмады. Осылайша Олимпиада алтыны шведтің қанжығасында кетеді.Ал Мартин Олимпиаданың алтынға бергісіз «күмісін» қанағат тұтады. Есесіне, ол ең ұзақ балуандар жекпе-жегінің жеңімпазы ретінде аты шықты.
Жоғалған тістің оқиғасы
Сақтандыру компаниялары каскадерларға қалай қараса, дәрігерлер де спортшыларға солай қарайтын болар. «Бізге қашан жұмыс тауып береді екен», деп отыратын шығар. Себебі, міндетті түрде солай болады! Боз кілемде жай жарақаттар ғана емес, таң қалатын жарақаттар да кездеседі.
Мысалы, рентгенге түсуге балуан келеді. Ал суретті қолдарына алған дәрігерлердің таңданысына шек жоқ! Сөйтсе, әлгі спортшының басында бөтен біреудің тісі жүр!
Жекпе-жек кезінде спортшы екінші балуанның басымен қатты соқтығысып қалады, сол кезде қарсыласының тісі ұшып түсіп, әлгінің басына қонады. Жай қонбайды, ұзағынан «қоныстанады». Себебі, ол тіс жекпе-жек болған күні емес, бірнеше жылдан кейін, балуан дәрігердің алдына басқа жарақатпен келгенде табылады. Ал тісін жоғалтқан балуан тісінің қайда кеткенін де білмеген. Міне, солай!
Екі балуанның кездесулері
Еркін күрестің даңқты балуаны, кеңес спортшысы Александр Медведь – наградалар саны бойынша рекордсмен тұлға. Ол үш рет Олимпиадада жеңіске жеткен, жеті рет әлем чемпионы болған, төрт рет Еуропа чемпионы, тоғыз рет Кеңес Одағы чемпионы атанған. Ол тағдырдың тәлкегімен болгар балуаны Осман Дуралиевтің сегіз рет жолын кескен спортшы. Себебі, күрес тарихындағы бағы жанбаған балуан деген атағы бар Осман Дуралиев Медведьмен финалда сегіз рет кездескен. Медведь барлық кездесуде қарсыласын жеңіп отырған. Нәтижесінде, беделді чемпионаттар мен Олимпиадалардың финалдық кездесулеріне он рет шыққан болгар балуанының бірде-бір алтыны жоқ көрінеді!
ҚЫСҚА НҰСҚА
«Байқоңыр» командасы жаңа маусымға дайындығын пысықтауға Ташкентке аттанды. Жиын барысында қаралымнан бірнеше ойыншы өтеді. Соның бірі – Бекзат Қабылан. Бекзат осы уақытқа дейін ақтаулық "Каспийдың" намысын қорғаған.
***
Премьер лигада өңірдің намысын қорғайтын «Қайсар» клубы екінші оқу жаттығуын 1-25 ақпан аралығында Түркия жерінде өткізеді. Бапкерлер қосыны бұл жиында кем дегенде 7 жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
***
«Қайсар» қыздар командасы индор хоккейден әлем чемпионатына қатысу жолдамасын жеңіп алды
***
Осы уақытқа дейін облыс тарихында киокушинкай каратэден жеңімпаз шықпаған еді. Бұл тарихты Айбек Шаукилов түбегейлі өзгертті. Ол әлем чемпионында 4 кездесу өткізіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген.