Мэтр
Айдынды Арал жұрты ерекше қуанышқа бөленген күні даңқты жерлесіміз Ә.Нұрпейісовтің көркем сөзбен жасаған әдебиеттегі әлеміне қайта бір көз жүгіртіп өттік...
«– Бетім-ай!... Масқара-ай!...
Тырыли арық Қарақатын жерқазбаға танаурап сөйлей кірді».
Атақты «Қан мен тер» романы осылай басталмаушы ма еді? Осы бір ауыз сөзден кейін үлкен әлемге – кемеңгер суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кең әлеміне бойлап еніп кеткен едік.
Романның осылай басталуының өзі сол кезде бізге ерекше көрінетін. Әдетте көлемді шығармалар бірнеше беттік табиғатты суреттеуден басталатын. Ал мына шығармада бірінші сөйлемнен-ақ Арал балықшыларының ХХ ғасыр басындағы қым-қуыт та қиын өміріне еніп, жаңа бір дүниені танығандай болғанбыз.
Әдебиет әлеміне жаңалық боп келген «Қан мен тер» романы тек Арал балықшыларының ғана өмірін емес, бүкіл қазақ халқының, тіпті барша адамзаттың сол дәуірдегі ойы, өмір сүру салты, дүниетанымын танытқандай өзгеше кітап болатын. Жазушы бұл көлемді эпопеясын жазуға өмірінің он жеті жылын арнаған екен.
Өз естеліктерінде мынандай бір оқиғаны әңгімелейді. Сонау 50-жылдары ол кезде кемерінен асып жатқан теңіздің батыс беткейіндегі балықшы ауылдан аудан орталығы Аралға арбамен бірнеше күн жүріп келе жатып жас жігіт балықшы ауылдың орындарын көріп, осы өлкеде қаншама ұрпақ жасағанын, өмір сүргенін, қан төгіп қорғағанын, терін төгіп еңбек еткенін ойлап келе жатып, санасында «Қан мен тер» деген тіркес оралады. Сол бір ауыз сөз кейін жазушы қиялынан өрбіп, жылдар бойғы қағаз бен қаламға шұқшиып, өзіне етене таныс балықшылар өмірін жазудан осы әлемге танылған эпопея дүниеге келген болатын.
Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ жерінің бір пұшпағы Арал атын күллі жер жаһан тарабына таныстырған қаламгер.
Өзінің әдебиетке келуі туралы әңгімесінде жазушы былай дейді: «Әдебиеттің жолы мен үшін сәтті жол болды. Бәрі алақанына салды, баладай әлдиледі. Әдебиетті жастайымнан жақсы көріп өстім. Алғашқыда қолыма түскен кез келген кітапты оқыдым. Тасқа басылғанның бәрін іздеп, тауып оқып шықтым. Ең қатты әсер еткен кітап С.Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» еді. Есімде қалғаны: «Мына жазушы әр кейіпкерімен бірге жүріп жаза ма екен?» деп ойлағаным. Оныншы сыныпта «Балуан Шолақ» повесін оқыдым. «Социалистік Қазақстанға» шыққан С.Мұқановтың оқырмандарына жазған жауабы көп сабақ болып, көзімді ашты. Жазудың қиындығын ерте түсіндім. Соғыстан кейін оқушы дәптеріне он екі бет етіп «Курляндия» деген роман жаздым.
Міне, осы романның алғашқы нұсқасын жазып әкелгенде белгілі жазушы Сәбит Мұқанов күллі қазақтың зиялы қауымына:
– Нұрпейісов әскерден келді, роман жазып жатыр, талантты, менің қазақ әдебиетімде жиырма жыл күткен адамым енді келді, – деп жар салды.
Талантты таланттыны ғана танитыны шындық. Осылайша «әу» дегеннен қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары М.Әуезовтің, Ғ.Мұстафиннің назарына ілігіп, аты барша жұртқа бірден белгілі болды.
Ел Президентінің қаулысымен көркем сөздің мэтріне «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының берілуі жерлестерінің абыройын асқақтатты. Шынымен де, Әбеңнің еңбекқорлығы ғаламат. Сөз өнерінде, біздің әдебиетте мұндай дара құбылыс болған емес. Соның арқасында Ә.Нұрпейісов тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетіндегі жарқын жұлдызға айналды. Десе дегендей, атақ-абыройдың, өлшеусіз еңбектің бақ жұлдызы өр жазушының кеудесіне алтын жұлдыз боп тағылды. Бұл баршамыз үшін айтулы күн.
Ерғали АБДУЛЛА,
Халықаралық Жазушылар одағының және Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі