» » Қазақ әдебиетіндегі әлемдік орны бар қаламгер

Қазақ әдебиетіндегі әлемдік орны бар қаламгер


20 ғасырда әдебиеттің дамуына сүбелі үлес қосқан жазушы,жазушылық қабілеті түркі халықтарынан асып, Еуропаны мойындатқан қаламгердің бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов. 95 жастағы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың әйгілі «Қан мен тер» романы мен басқа да шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылып, тараған. Ол Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиевпен бірге мемлекеттік сыйлық лауреаты атағын алған үш қазақ жазушысының бірі. Арал өңірінің тумасы кезінде Ұлы Отан Соғысына да қатысқан.
Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысың Арал ауданына қарасты Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. 1942 жылы орта мектепті бітірісімен әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Сөйтіп, 1943 жылы лейтенант дәрежесін алады.
Алғашқы шығармасын бірден сүйекті жанрдан, «Курляндия» атты романмен бастайды. Өзге қаламдастарынан да осы ең қиын жанрды таңдауымен ерекшеленді.
Нұрпейісов «Курляндия» романын жазып болып баспаға берген соң, Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Онда ол 1 жыл оқиды. Содан кейін 1954-56 жылдары Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет интитутында білім алады. Нұрпейісов тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады.
Дегенмен, қаламгер проза саласында ғана жемісті еңбек еткен жоқ. Ол публицистикалық мақалалар да жазып, өткір сынымен де көзге түсті.
Қаламгер кейіннен тұңғыш туындысы «Курляндия» романын өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта шығарады. 1962-1964 жылдар аралығында «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметінде болады.
Жазушы Отан тақырыбына жазылған алғашқы туындысы «Курляндия» романынан кейін «Қан мен тер» трилогиясын жазып, сол кездегі одаққа қазақ деген халықтың талантты ұлы екенін дәлелдеді. Сөйтіп, жазушы 1947 жылдан әдебиетке араласа бастайды.
Қоғамның дерті мен дауасын тамыршыдай дөп басқаннан болар, замандастары Нұрпейісовты алға озыңқырап кеткен классик деп атады. Ол әр шығармасында кейіпкердің ішкі жан-дүниесін ашу арқылы адамзат жаратылысына бойлай үңіледі. Сондай соны дүниенің бірі «Қан мен тер» трилогиясы.
Қабілет қарымы әлемдік мәселелерді толғау деңгейіне көтерілген жазушы бұдан кейін «Соңғы парыз» романын дүниеге әкеледі. Осы туындысы арқылы Арал экологиясына дүниежүзі қайраткерлерінің назарын аударды. Арал өңіріне әлемдік қайырымдылық қорларынан қаржы аудартып, туған жерге деген перзенттік парызын да өтеп келді.
«Қан мен тер» трилогиясы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Бұл ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. 1978 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тері» романының желісі бойынша 2 бөлімнен тұратын кинотуынды түсірілген. Бұл туындысы сол заманда көрерменнің көңілінен шыққанымен, әттеген-ай деген де тұстары болды. Жасыратыны жоқ, бұл фильм трилогия авторы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың көңілінен мүлде шықпаған. Себебі, аталмыш фильм автордың қаламының қарымын толық көрсете алмады. Фильмнің сәтсіз шығуына тағы бір жайт әсер етті. Кинотуынды кейіпкері Еламанның әйелі Ақбаланың рөлін мамандығы актер емес, заңгер Гүлмира Шойбекова сомдаған.
«Қан мен тер» шынымен де үлкен еңбекті қажет еткен картина болды. Автор бұл туындыны әлі күнге дейін түзетіп, өңдеуден жалыққан емес. Деректерге сүйенсек, Нұрпейісов трилогияны осымен 20 рет қайта жазып шыққан.
Күллі қазақ әдебиетінің табысына айналған трилогия туралы көптеген шетелдік және отандық жазушылар да жоғары баға берді.
Мәселен, туынды туралы Лев Аннинский «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Қазақ әдебиетіне көркемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық. Нұрпейісов романы – дала психологиясының энциклопедиясы. «Қан мен тер» - ұлттық ғарышқа тән мінез, деген баға берді.
Лев Аннинский осындай баға берсе, Луи Арагон «әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осы роман қазіргі таңдағы әлемнің ірі туындыларымен иық тірестіре алады. Мейлі ол америкалық, мейлі ол француздық болсын» дейді.
«Қан мен тер» үш кітаптан тұратын көлемді туынды. Шығарма ел, халық тағдыры турасында. Романда Арал балықшыларының өмірі бейнеленеді. Басты кейіпкер Еламан тағдырындағы өзгеріс кездейсоқ оқиғадан басталады. Тентек шодыр атанған Феодоров әлі дұрыстап қата қоймаған теңізге балықшыларды зорлап айдап салады. Ақыры мұз жарылып, балықшылардың көбі батып кетеді. Сонда Еламан суға кеткен балықшыларды сұрастырмай, ауын жоқтап тұрған дүниеқоңызды ашу үстінде өлтіріп қояды. Осылай кездейсоқ оқиға орын алады. Еламан кісі өлтіремін деп ешқашан ойлаған емес еді. Ол жуас, ақпейілді адам.
Жалпы, бұл шығармада тағдыры сан алуан 200-ге тарта кейіпкер бар. Түрлі мінез арқылы жазушы адам бар болмысына асқан шеберлікпен талдау жасайды. Олардың барлығына жаңа заман, жойқын дүрбелең әсер етті. Еламан елдің жайын көп ойлайтын жан. Қаламгер оның бейнесін монолог арқылы шебер жеткізеді.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың әдеби принциптерінің бірі кейіпкер мен оқиғаның шынайылығында. «Қан мен тердегі" көптеген образ өмірде болған адамдар.
Осындай туындыны өмірге әкелген Нұрпейісовтың мінезі ерекше. Ол мақтағанды ұнатпайтын жан. Қаламгер мені мақтайтын болсаңдар орнымнан тұрамын да кетіп қаламын деп, шығармашылығын бағалайтын адамдарға талап қояды екен.
Әбдіжәміл Нұрпейісов классикалық әдебиеттің көзі тірі ірі өкілі. Ол 19 ғасырдағы Толстойдың, Түргеновтың, 20 ғасырдағы Шолоховтың, әлем әдебиетіндегі ұлы жазушылардың көзі тірі өкіліндей.
Ол керемет жазушы ғана емес, сондай-ақ шебер аудармашы. Ол Чеховтың, Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің туған өлкесі Арал айдынының тарылып бара жатқанына алғаш болып қабырғасы қайысқан адам. Жазушы ол туралы айтып қана қоймай, бірнеше рет баспасөзде де жазды. Қабілет қарымы әлемдік деңгейдегі мәселелерді толғауға дейін көтерілген қаламгер «Қан мен терден» кейін «Соңғы парыз» романын жазып, Арал экологиясына дүниежүзі қайраткерлерінің назарын аударды.
Бұл туындылардан бөлек, 1985 жылы жазушының «Ақбидай туралы аңыз» атты тағы бір еңбегі, яғни очерктер жинағы оқырман назарына ұсынылды.
Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы күллі қазақ әдебиетінің табысы. Әрине, ұлтына осындай асыл қазына сыйлаған жазушының ерен еңбегі елеусіз қалмады. Ол елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталды.
«Қан мен тер» - нағыз классикалық сипаттағы эпикалық прозаның айқын үлгісі. Сол себепті де қазақ әдебиетінің георграфиясында, картасында ойып тұрып орын алған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» әлемдік әдебиеттегі үздік шығармалардың қатарына қоямыз.
Теңізбен тағдырлас талантты жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің әрбір туындысы біз үшін құнды дүниелердің бірі.Арал теңізінің толқынында шарқ ұрған шағаласы оның шығармаларына шабыт қосып,көңіл көкжиегін кеңітті.Оның қаламынан туған «Қан мен тері» қазағының қанымен келген қасиетінің даралығын көрсетсе, «Соңғы парызы» еліне деген перзенттік өтемі секілді.
Ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының берілуі баршамыз үшін , әсіресе ,жерлестері үшін зор қуаныш болды.

Ж.Әбдірашев атындағы
№ 62 мектеп – лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі Бахитова Г.С.
28 қазан 2019 ж. 1 039 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031