КӨЛІК БАЗАРЫНДАҒЫ КҮН РАЙЫ
Репортаж
Бүгінде базардың түр-түрі бар. Киім, азық-түлік, ағаш, мал базар дегендей тізбектеле береді. Осылардың тобына тағы бір базарды қоссақ дейміз. Ол – көлік базары. Ия, көлік алғысы келген көпшілік жексенбіні күтеді. Өйткені аптасына бір болатын базар осы күнге сәйкес тұр.
Журналистік зерттеуге байланысты біз де базарға келдік. Бір жағынан бағаны білгіміз келді. Екіншісі, қай көлік өтімді, соны сараптаймыз. Үшіншіден, мұнда тек қызылордалықтар ғана емес, сырт аймақтан да алушы бар. Олардың пікірі қалай? Міне, діттеген мәселе дамыл берер емес.
Басқан қайдам, қаз-қатар тізілген көліктердің сапасы әрқалай. Алушы аз секілді көрінді. Қызу саудаласып жатқан байқалмайды. Бәлкім, тым ерте келіп қойдық па, таңғы аяздың басылғанын күткендер енді қозғалар...
Әзірге көлігін сатуға келген Азаматпен алушы ретінде аз-кем әңгімелестік. Тұлпарын 1млн 200 мың теңгеге бағалап отыр.
– Көлігімнің маркасы Audi S4, жылы 1992. Мінгеніме 3 жыл болды. Осы уақытқа дейін бұзылып, ренжіткен емес. Ұсынған бағама сай деп ойлаймын. Сатуымның себебі де бар. Жылы жаңа машина мінсем деймін. Әзірге көлігімді көрушілер көп, дейді. Мен де Азаматтың көлігінің шамасын байқап көрдім. Техниканы шемішкедей шақпасам да, аз-маз хабардармын. Көлігінің бір кемшілігін рөлді басқарқанда байқадық. Каробкасы тепсініп тұр екен. Бұл – майды уақытылы ауыстырмағанның салдарынан болатын кемшілік. Бірақ кемшілікті Азаматтың бетіне баспай, әрі қарай жөнімізбен жүре кеттік. Базарды аралап жүріп, әріптес Жарасханды да жолықтырдым. Қалтасындағы қаражатына сай темір тұлпар іздестіріп жүр екен.
– Көлік базарына осымен үшінші мәрте келдім. Машинаның бағасы тым қымбат. Тіпті, кейбіреуі бағасына да татымайды. Мысалы, өзім «Opel vectra» немесе «audi» маркалы машина алсам деймін. Жағдайы жақсыларының құны 1 жарым млнға дейін жетеді. Дегенмен шыққанына 25 жыл болған машиналарға мұндай бағалаушылық дұрыс емес, – дейді ол. Шынында, базарды байқадық. Ең арзаны – 1998 жылы шыққан жигули автокөлігі. Егесі тұлпарын 350 мың теңгеге бағалауда. Ал ең қымбаты –«Lexus 470» құны 7 млн 400 мың теңге.
Күн ұясынан көтеріліп, төңірекке жылымық жайылғанда жұрттың да қарасы көбейді. Базар дегенің де бейнебаян тәрізді сан-салалы сюжетті алдыңа тартады. Әнебір бала ксерокөшірмеден өткізген көлік туралы мәлімет жазылатын дайын қағаз сатып жүр. Оның да тұтынушысы бар, тиын-тебен табудың жолын тапқан балаға базардың базарлығы жоқ емес. Ыстық шай мен бәліш сатқан келіншектің де саудасы өтімді. Алдына апарғасын қай тұтынушы да шет қақпайды. Тіпті қолдан лотерея билетін ұйымдастырып, оны көпшілікке ұсынып, көлікті саудаға салу үрдісі де бізде бар. Қыж-қыж қайнаған көлік базарының қарбаласынан әзірге осындай көріністерді аңғардық.
ЕРАСЫЛ ШӘРІБЕК