
Қазақ халқының ықыласы мен дархан көңілінің арқасында біздің де көсегеміз көгеріп, өсіп-өніп жатырмыз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстанды паналаған талай этностың өкілі сол бір зобалаңдардан аман қалып, бүгінде қанатын кеңге жайды. Кәріс халқы – әлімсақтан өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен танылған жұрт. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннен миллиондаған қазақ халқы қаза болды. Алайда осынау қасіретпен қажымай күресіп, құнды қасиеттерін сақтай білген ұлт өзгенің баласын да өзіндей көрді. Біз кәріс этносы қазақ жерінен өзімізге жайлы орта таптық, осында өсіп-өндік. Өткен жыл Қазақстандағы кәрістер үшін ерекше жыл болды. Кәрістердің Қиыр Шығыстан қазақ жеріне күштеп қоныс аударылғанына 80 жыл толды. Қараша айында Сыр еліндегі кәріс диаспорасы осы айтулы күнді атап өтті. Осы орайда, өзге емес, өзім деп қабылдайтын қазақ еліне алғыс айтамын.
Ким Юрий Федорович,
Қазақстан кәрістер қауымдастығы
Қызылорда облыстық филиалы жетекшісінің орынбасары