Кәсіпкерлік жас талғамайды
Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде 82 жастағы қария кәсіппен айналысып, нәсібін тауып отыр, деп хабарлайды Baq.kz.
Кәсіппен айналысу үшін жас болуыңыз маңызды емес. Бұған жасы сексеннен асқан жаңақорғандық Сабытхан қажы Сайфулмаликовтың кәсібімен танысқанда көзіміз жете түсті. «Мөлдір» деп аталатын қожалығында азық-түлік дүкенімен қатар кондитер, тігін, есік-терезе және үш нан цехы орналасқан. Кент аумағында тағы сегіз сауда нүктесі жалға берілген.
«Мен кәсіпке зейнетке шыққанда ерекше ден қойдым. 40 жыл бойы қаржы саласында қызмет еттім. Сондықтан, шаруашылығымның есеп-қисабын өзім жүргіземін. Кірістер мен шығындарға өте сақпын. Төленетін салықтар мен есептерден жаңылыса бермеймін. Барлығына бақылау жасап, бағыт-бағдар беріп отырамын. Шүкір, қуаттымын. Еңбектенбесем отыра алмаймын. Жыл сайын кәсібімді кеңейтуге тырысам. Кәсіпкер болу жасқа қарамайды. Жасым ұлғайып кетті деп мойынсынуға да болмайды. Жоспар құрып, мақсат қойып, кәсіп ашуға тәуекел ете білу керек», – дейді қария.
Сабытқан қажының қожалығында 30-ға жуық адам жұмыс істейді.
Baq.kz«Кондитер мамандығы бойынша білім алғанмын. Осы цехта жұмыс істегеміне үш жыл болды. Еңбекақымызды еңбектің өнімділігіне қарай уақытылы алып отырмыз. Басшымыз өзіміздің атамыздай болып кеткен. Бізге балаларындай қарап, ақыл-кеңесін айтып жүреді», – дейді кондитер цехының маманы Феруза Каграманова.