Әйелді жеңудің төрт тәсілі
Өкінішке орай, бүгінгі таңда еліміздің кейбір отбасыларында жылылықтың, өзара сүйіспеншіліктің, құрметтің азайғанын байқаймыз. Әйел отбасының берекесі деп жатамыз. Әйелмен кеңесу – сыйластық, әйелді құрметтеу – ақылдылық, ал әйелді өзіне бағындыру – ең үлкен даналық. Оларды қалай оңай әрі тез бағындыра аласыз? Келесі кеңестерге назар салыңыз.
Жылы сөйлеу. Көрші халықтарда: «Жылы сөз – салқын судан да жақсы сергітеді» деген сөз бар. Ал біздің қазақ «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» демей ме? Әйел де сіздің ізгі, ықыласты сөздеріңізді естісе, шыққан күндей шырайыңызды сезінсе, нөсерлеткен жаңбырдай жақсылығын жасай бастайды. Жылы сөздің құдыретіне сіз өз өміріңізде талай көз жеткізген боларсыз, бірақ адамдардың көбі оған онша көңіл аудармайды. Жылы сөз – жан шуағы. Әйелдің ағзасы ауыр жұмысқа лайықталмағаны сияқты оның нәзік жүрегі де ауыр сөздердің мекені емес. Әйел адамға қошемет сөздер айтсаңыз, дәрежеңіз түсіп қалмайды, керісінше бұл ерлі-зайыптының арасындағы сезімді нығайта түседі. Бұл сөздерді сіз кез-келген уақытта: күндіз де, кешке де, түнде де және кез-келген жағдайда айта аласыз.
Еркелету. Әйелдер сондай халық, еркелеткенді, еркелегенді жаны қалап тұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Айша анамызды (оған Алла разы болсын) махаббатпен «Хумәйра» деп еркелетіп шақыратын. Және адамдарға: «Діндеріңнің жартысын осы Хумәйрадан үйреніңдер», – деп айтатын. (Ибн Ғимад, Шажарат: 1/62). Сіз де жарыңызды жақсы, тәтті бір есіммен шақырыңыз. Әрбір ұсақ нәрседе сіз өзіңіздің жұбайыңызға сүйіспеншілігіңізді білдіруіңіз керек. Махаббаттың жалынын ұстап тұру үшін жарыңызға деген сезіміңізді жасырмаңыз. Күйеуі мен әйелі әрдайым бір-біріне жақсы, жылы сөздер мен мақтаулар айтып тұру керек. Күйеуі әйеліне өзінің ғашықтығы мен ынтықтығын көрсетуі қажет. Осындай өзара қарым-қатынас бар болса, неке биіктерге көтеріледі. Сондай-ақ, ара-тұра дәмді тағамы, тазалық жұмыстары үшін комплименттер айту, шаруада қолдан келгенше көмектесу – әйелдің көңілін табудың бір жолы десек артық емес.
Әйелмен әзілдесіп ойнау. Хадисте келгендей, адамның отбасылық ойындарға жұмсаған уақыты сұралмайды. Үкім шығаруда аса қатал, әділеттілікте аса берік Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Еркек адам үй-ішінде, әйелінің алдында сәбидей, ал көпшілікпен болғанда ер болуға тиіс» деп айтқан екен. Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) да Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай әрекеттерін баяндайды: «Хайыз кезінде ыдыстан су іштім де, Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бердім. Ол аузын мен ішкен жерге қойды да, су ішті. Жілік кеміріп отырып, оған ұсынып едім. Ол менің аузым тиген жерден мүжіді» дейді. (Муслим). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерімен әзілдесетін, еркелететін, тіпті, ойнайтын. Аиша (оған Алла разы болсын) айтады: «Бір күні Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аңға шықтым. Мен ол кезде жас әрі арық қыз едім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа адамдардан алға жүріп кетулерін өтінді. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық» деді. Мен жарыстым да, одан озып кеттім. Ол ештеңе демеді. Мен уақыт өте келе салмақ жинадым. Бірде онымен тағы аңшылыққа шықтым, бірақ, әлгі оқиғаны ұмытып кетіппін. Ол тағы да адамдардан жүріп кетулерін сұрады. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық» деді. Ол мені басып озды да: «Бұл жеңіс – алдыңғы жеңіліс үшін» деп күлімсіреді». (Ахмад).
Көлеміне қарамастан сыйлық жасау. Сыйлық – адамның нәпсісіне жағатын нәрсе. Сондай-ақ, сыйлық беру – сүннетте де аса жоғары құпталатын рәсім. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар – сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көреалмаушылық жойылсын» – деген (Муатта). Келесі бір хадисте: «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық арадағы махаббатты арттырады» (Бәйһақи), – деп келеді. Әйел тәрбиесі ақылмен, мейірмен, даналықпен, хикметпен жүзеге асады. Асыл дініміздің де негізгі тәлімі осы. Мәселенеің бір ұшын алып қарасақ, біз әр күнәні жасаған сайын төбемізден тоқпақтап отыратын бір періште жіберуге Алланың құдіреті жетеді. Бірақ, олай еткен жоқ. Исламды мейірім діні етіп, ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мейірім Пайғамбары етіп жіберді. Ендеше, әр отбасында мейірім мен өзара құрметтің орын алғаны өте қажет. Ерлі-зайыптылардың арасындағы өзара түсіністігі көп түйткілдің таптырмас емі.
Ақша тапсаңыз да, отбасыңыз үшін тамақ пісірсеңіз де, басты мақсат – Алланың разылығын алу. Әйеліңізге гүл сыйласаңыз да – Алланың разылығын ғана көздейтініңізді жадыңызда ұстаңыз. Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) еліктеңіз, сонда сіздің де әйеліңіз Айша анамызға (оған Алла разы болсын) еліктейді. Алла Тағала сіздерге бақытты да, берекелі отбасы болуды нәсіп етсін!
ummet.kz