» » ҚАЛЫНДЫҚТЫ ҚАЛАЙ ҰЗАТЫП ЖҮРМІЗ?

ҚАЛЫНДЫҚТЫ ҚАЛАЙ ҰЗАТЫП ЖҮРМІЗ?

Қазақтың тойы
 «Қыз – қонақ» деген сөз бар қазақта. Бала ер жетіп, қыз бойжеткен шақта әрбір ата-ана ұлын ұяға, қызын қияға қондыруға асығады. Ата-ана үшін бұл күн ерекше қуаныш, сонымен қоса үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Қазір әлеуметтік жағдайды сылтау етіп, бір-бірімен бәсекелескен қыз ұзату тойында түрлі өзгерістерді анық көріп жүрміз. Мұнымен қоса салт-дәстүрлеріміз еліктеушіліктің құрбаны болып отыр. Соның нәтижесінде қазақтың салты өзінің құнын жоғалтып бара жатқандай. Дәстүр бойынша қалыңдықты алып қайту үшін жеті не одан көп адам қыздың ауылына келеді. Ауылға жарты шақырымдай жол қалғанда күйеу бір жолдасымен қалады да, қалғандары ауылға барып күйеудің келгендігін хабарлайды. Сонда қыз-келіншектер оның алдынан шағып қарсы алады. Ауылға келген күйеу жолдастарымен оңаша отау тігеді. Отау тігуге ауыл адамдары тайлы-таяғымен түгел атсалысып, жеңгелері мен балдыздары «кереге керер» жолын алады. Ал, шаңырақты сол ауылдың елге сыйлы кәрі күйеуіне көтерткізеді. Отау тігілгенге арнайы сойылған малдың еті осы жаңа отауда желініп, ас үстінде қойдың омыртқасын әйел күйеуіне ұсынады. Ол оны жібек орамалға түйіп, отаудың шаңырағынан сыртқа лақтырады. Бұл ғұрып «жас отаудың шаңырағы биік, босағасы берік болып, түтіні түзу шықсын» деген ырымды сипаттайды екен.
Сонымен қоса құдалар келе жатқан кезде есік алдына екі адам арқан тартады және ол адамдарға құдалар жағы өз жоралғысын (ақша, мата) береді екен. Құдалар есіктен кіріп амандасқаннан соң, қыздың екі жеңгесі жігітті отқа май құйғызуға алып кетеді. Отқа май құйғызған соң жігіт жоралғысын беруі тиіс көрінеді. Одан қалса, қоржын ашу, сырға салу дәстүрлері тағы бар. Бұл тойдың басты жөн-жоралғылары міне, осы.
Ал, қазір ұлттық салт-дәстүрлеріміздің сақталу деңгейі біршама өзгерген. Әрине, ескі салттың қалдықтары бар, бірақ заманның ағымына қарай көптеген салт-дәстүрлер ұмыт болған. Мысалы, бұрын қызды өз үйінен ұзатып, онымен қимай қоштасып, жылап жатса, қазір мейрамханаларда дүркіретіп той-думан жасайды. Қызды шығарып саларда төселетін ақ мата «Ақ жол» үстіне кейінгі кездері раушан гүлінің дестелерін шашады. Тіпті, оны кез келген тойдан аңғаруға болады.
Сонымен қатар қызды күйеудің қолына әкесі келіп ұстатып жатқанды да көрген боларсыздар. Бұрынғы кезде қыз ұзатудың дәстүрінде әкесі кетіп бара жатқан қызды өз қолымен ұстатпақ түгілі, еркелеп өскен қызы қиянға кетіп бара жатқанда жұрт көзінше егілуден ұялып, атқа мініп, ауылдан аулаққа кететін болған. Сондай-ақ бұл тойда арнайы декорациялар әкеліп, театрландырылған қойылым жасайтын артистер де бар екенін білеміз. Қалыңдық көп ретте қазақша стильде тігілген көйлекпен ұзатылады, заманауи ұзату бүрмелі көйлектерді сіз ательден тіктіріп, не дүкеннен сатып аласыз, сұраныс бар да, ұсыныс та жетерлік. Өкініштісі, арулардың басым көпшілігі заманауи көйлектерге көп назар аударып отыр. Ал соңғы кезде тіптен ұзатылар «қызды жалғыз жібермейік, екеуі үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Жолдары ақ болсын» деп ақ мата үстімен бірге аттандырып жүрміз. Тойымызға танымал әншілер шақырып, сыңсу әнін шырқатып та жүргеніміз мәлім. Әйтеуір, асаба қызметін аяқтап, қызды ұзатып жібереді. Ағайын бауыр тойлады, қонақтар дән риза, шығынға батқан қыздың әке-шешесі. Кейде кейбір ата-аналар несиенің көмегіне жүгініп те жатыр. Бір сөзбен айтқанда, «ырым» деген түсінікті біртіндеп бизнеске айналдырғандаймыз. Осыны біреулер түсінсе, біреулер: басқалардан қаламыз ба деген оймен істейді.
Сандуғаш ӘБІЛҚАСЫМ
15 наурыз 2018 ж. 1 643 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031