Тыртиған трико
Ауылға барғам. Қала шіркін біраз нәрсені өзгертіп, өзің де, сөзің де, үстіңе ілген киімің де ауылға оғаштау қылып көрсететіні рас. Күні кеше енді келместей безе кеткен ауылыңның ауасын тамсана жұтып, жан-жағына «туһ, ауылымның ауасын-ай, табиғаты керемет кандай» деп, өп-өтірік таңырқап қалатын қаладан жұққан жасанды мінез бар. Автобустан түсе үймен қауышып, енді әке-шешең «үлкен үйге бар, шалға сәлем бер» деген соң үстіме жеңіл футболка, астыңғы жаққа жастар арасында «сигаретка» аталып кеткен трико киіп үйден шыға беріп ем, артымнан шешем айқайды салсын.
– Әй, бұтыңдағы не? Бірдеңе боп қалды ма деп трикома қараймын.
– Трико ғо, - деп міңгірлей беріп ем,
– Қырыққан теке ұқсамай ауыстыр анауыңды,- демесі бар ма?
– Неге? Енді мен қарсыласа бастадым.
– Ауыстыр, деген соң ауыстыр. Қалаға барған соң киерсің. Немене, аша бұттанып. О, Алла ай, осыны киім деп. Кеңдеу бірдеңе ки.
Трико сөйтіп шешемнің түрін бұзды. Амалсыз кеңдеу шалбарға ауыстырдым.
Кейін қалаға шешем келген. Көшеден кейде студент-жастар өтеді. Кіндігі ашық, шалбарының тізесі жыртық, кейбірі аппақ сан еттерін жалтыратқан қазақ қыздарын көріп шошыды. Ондай селтеңбайларға еріксіз көзің тайғанақтап түсе беретіні де жаман.
– Әй, көзің шыққыр, қарама оларға!
– Өй, ол мода ғо, қазір елдің барі солай киінеді,- деп мен өз уәжімді айта бастадым.
– Өш, мода-содасы бар болсын. Бүйтіп сән қуған сиқы құрсын. Итке таланғандай. Әлден жалаңаштанып жүреді. Кіндікке жел өтеді, салқын тиеді демей ме? «Құдайдан қорықпады» деген осы шығар. Мұндайды өз-өзінің қадірін кетіру, - дейді балам. Шешем байқұс көшедегі танымайтын біреулерді біраз жерге апарып тастады.
– Әлгі телебезірге еліктеп жүргені шығар шіркіндердің! Мыналардың қасында сенің тыртиған трикоң айналайын екен-ау,-деді шешем кенеттен. Ұл-қызының бұлай киінбейтініне шүкіршілік етті-ау сол кез.
Расымен біз қайда барамыз? Киіну мәдениетін қалай сақтап жүрміз? Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық. Тізені жыртып, сан етін жалтыратып, кіндікті ашып, мұрын тескен шынымен бізге лайық па? Етегін қымтап ұстайтын есті қыздарды қайтсек көбейтеміз? Құлаққа сырға сап, қас-қабағына дейін боянатын қазақ ұлдарын қалай арашалаймыз бұл дерттен?
Ержан Қожас