Визуалды әлем деген не?
Startup жобалар
Бағдат Қадырбеков, Ердәулет Есмағамбет, Ахмет Қарташ, Бақытжан Жұмаділдә облысымызда өткен Hackday фестивалінде «Контент және медиа» бөлімі бойынша I орын иеленді. «3d визуалды әлемнің» авторларының бірі Бағдат Қадырбеков жобаның ерекшелігі мен мақсаты туралы баяндап берді.
– «3d визуалды әлемнің» басты ерекшелігі қандай?
– Бүгінде тарихи оқиғалар бұқараға мұражайдың, киноның, шығарманың көмегімен түсіндіріледі. Мақсатымыз – мәдениетімізді, тарихымызды насихаттауға заманауи леп беру. Біз ежелгі қаланың, тарихи орындардың 3d үлгісін анимациядан құралған ойын түрінде жасадық. Қосымша 3d көзілдірігінің көмегімен адам ежелгі қалада жүргендей күй кешеді. Сондай-ақ, жетекшіміз Нұрлан Құлмырзаевтың көмегімен киіз үйдің 3d үлгісін жасаудамыз.
– 3d технологиясын тағы қандай салада қолдану жоспарда бар?
– Білім беру саласында, бизнесте ұтымды қолдануға болады. Мәселен, мектепте анатомия сабағы өтіп жатыр делік. Ақпарат тек қағаз түрінде көрсетілген соң оқушылардың көбі қызықпайды. Сондықтан біз адам ағзасындағы әр мүшенің 3d үлгісін жасап, штрих кодтарға жасырдық. Мұғалім арнайы бағдарламаны ұялы-телефонына жүктеп, камерасын жүректің суретіне жақындатса, экранда оны әртүрлі қырынан көрсетуге мүмкіндік беретін 3d үлгісі шығады. Осы секілді бизнес саласында жарнаманы түрлендіруге болады. Мәселен, көшеде қолыңызға жарнама қағазын ұсынды немесе аялдамада ілініп тұрған жарнамаға көзіңіз түсті. Қағазда бір жігіт күліп тұр. Дегенмен сіз ұялы-телефоныңыз арқылы сол жігітті сөйлете аласыз. Яғни арнайы бағдарламаның көмегімен қағазға камераны жақындатсаңыз, суреттегі жігіт экранда пайда болып, өнім туралы айта бастайды.
– Қандай қиындықтар болды?
– Жобаны жасау үшін 3ds MAX және Unity бағдарламаларын қолдандық. Ежелгі қаланың 3d үлгісін құрастыру үшін тарихи суреттер қажет. Бізде сондай суреттер аз. Көп жерін қиялымызбен ұштастыруға тура келді. Дегенмен келешекте жоба қолдау тапса, елімізге белгілі тарихшылармен бірігіп жұмыс істеу жоспарда бар.
– Елімізде осы 3d саласында қандай мәселелер бар?
– Бұл салаға етене араласып, жемісті еңбек етіп жүрген жастар көп. Дегенмен отандық кәсіпкердің көбі шетелге тапсырыс береді. Сондықтан талантты жастарды көрсету үшін осындай Hackday сынды жобалар жиі ұйымдастырылса екен.
– Егер сізге бір күн Білім және ғылым министрі болу бақыты бұйырса, білім саласына қандай өзгеріс енгізер едіңіз?
– Бізге тәжірибе жетіспейді. Мектепте де, жоғары оқу орнында да тәжірибеге қарағанда теорияға мән беріледі. Сол себепті жастарды тәжірибе тұрғысында жетілуге қызықтыру керек. Ол үшін бәсекелес орта қалыптастырып, 3d саласын дамытып, республиканы қамтитын ауқымды шаралар өткізер едім.
Сұқбаттасқан:Әсел БЕГМАН