СОЛ ЖАҒАЛАУҒА АРНАЛҒАН АҚЫЛДЫ АЯЛДАМА
Startup жобалар
Облысымызда өткен Hackday фестивалінде IT бөлімі бойынша I орынды иеленген ақылды аялдаманың ерекшелігі мен идеясы туралы «Smart bus stop» жобасының авторлары баяндап берді.
Тілші: IT саласына қызығушылық неден басталды?
Кәмшат ЖАРМАХАН: Мен түрлі компьютерлік ойындарды ойнағанды ұнатушы едім. 10-сыныпта робототехника пәнінен беретін мұғалім IT саласының қыр-сырын меңгеруге жәрдемдесті. Робототехника клубының мүшесі болып, түрлі ғылыми жобаларға белсене қатыстым. Соның бірінде облыстағы экологиялық мәселені шешуге жәрдемдесетін жоба дайындау керек болды. Әйгерім екеуміз бірігіп, ағаш егетін робот құрастырдық. Бұл робот өзі ағаш егіп, уақытында су құйып тұрады. Сондай-ақ, ол өсетін, не өспей қалатын ағашты анықтай алады. Бұл жобаның тек прототипі ғана. Оның қашан жүзеге асатыны белгісіз.
Алтынай САДЫҚБЕК: Біріншіден, бұл саланы жақсы көру керек. Екіншіден, ақпараттық технологияны түсініп, бағдарламасын жазып шығу үшін шыдамдылық қажет. Үшіншіден, бір істі бастаған соң, соңына дейін жеткізетін табанды болу шарт.
Әйгерім ЖАҚСЫЛЫҚ: «Hack day» сайысы туралы естіген кезде, бүгінде танымалдылыққа ие ақылды қала, ақылды үй сынды жоба ұсынуды жөн көрдік. Астанада ақылды аялдама қойылғанмен, көп ұзамай істемей қалды. Осы жайт бізді ойландырды. Сондықтан біз көп қаражатты талап етпейтін, ардуинодан аялдама жасауға шешім қабылдадық. Ақылды аялдаманың басты ерекшелігі – барлық қызметі өздігінен жұмыс істейді. Мәселен, ауа-райы белгіленген градустан көтерілсе, ішінде салқындатқыш қосылады, дала суық болса, жылытқыш қосылады. Сонымен қоса «water sensor» жүйесі қарастырылған. Яғни жаңбыр жауып тұрса, аялдамаға үсті су болып кірген адамның киімін кептіріп беретін құрылғы бар. Сондай-ақ, энергияны үнемдеу мақсатында аялдаманың ішінде адам болмаса жарық сөнеді. Ал егер адам кірсе, өздігінен жанады. Біздің мақсатымыз – өзге қаладағы ақылды аялдамаға қарағанда, сапалы, әрі арзан үлгі ұсыну. Әсіресе, сол жағалауға ақылды аялдама көрік беріп қана қоймай, бюджетке тиімді болатынына сенімдіміз.
Тілші: Еліміздегі IT саласындақандай мәселе бар?
Алтынай САДЫҚБЕК: Бұл саланы компьютер мен сайт арқылы меңгеруге болады. Дегенмен ойлаған жобаны жүзеге асыру үшін құрал-жабдықтар қажет. Мәселен, біз ардуиномен жұмыс істейміз. Бірақ Қазақстанда ол жоқ, сондықтан шетелден тапсырыспен алдыруға тура келеді.
Анастасия КОГАЙ: Маған IT саласында роботтар ұнайды. Олар келешекте көптеген салада маңызды рөлге ие болады. Қазақстанда робот жасау саласы дамып келеді, дегенмен ауқымды роботтар құрастырылып жатқан жоқ. Мәселен, Жапонияда робот адам жасалуда. Осындай үлкен жобалар қолға алынса екен.
Тілші: Жоспарыңыз қандай?
Кәмшат ЖАРМАХАН: Робототехника саласын биогенетикамен ұштастырғым келеді. Бүгінде рак
дертін емдеу тәсілі айқындалған жоқ. Десек те, аурудың алдын алуға болады. Сол үшін адам денесінде жүретін кішкентай нанороботтар құрастыруды жоспарлаудамын. Олар адам ағзасын зерттеп, зақымдалған жасушаларды анықтауға және онымен күресуге жәрдемдеседі.
дертін емдеу тәсілі айқындалған жоқ. Десек те, аурудың алдын алуға болады. Сол үшін адам денесінде жүретін кішкентай нанороботтар құрастыруды жоспарлаудамын. Олар адам ағзасын зерттеп, зақымдалған жасушаларды анықтауға және онымен күресуге жәрдемдеседі.
Анастасия КОГАЙ: Сүлейман Демирел атындағы университетке оқуға түсуге талаптанып жүрмін. IT саласын шығармашылықпен байланыстырып, еліміздегі компьютерлік дизайн мен архитектура саласын дамытқым келеді.
Алтынай САДЫҚБЕК: Мен қаржыгер мамандығын игеруге шешім қабылдадым. Болашақта ақпараттық технологиялар барлық салаға енеді. Сондықтан бұл саланы да қатар меңгергенім дұрыс деп ойлаймын.
Әсел БЕГМАН