Қазақстанда Өзбекстан жылы
Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылу рәсімі Астанада соңғы жылдарда алғаш рет өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл жөнінде ҚР Президенті бүгін Қазақстандағы Өзбекстан жылын салтанатты түрде ашу концертінде мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Құрметті Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Миромонович Мирзиеев! Құрметті қонақтар, достар! Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты түрде ашылу рәсіміне баршаларыңыз қош келдіңіздер! Астана Опера театрының осындай тамаша залында өтіп жатқан бүгінгі шараның ерекше мәні бар екенін атап айтқым келеді. Біріншіден, бұған бауырлас Өзбекстан президенті Шавкат Миромонович Мирзиеев қатысып отыр. Оның екі ел арасындағы шынайы серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі өте зор. Бір жарым жылдық президенттік қызметінің арқасында барлық көршілерімен тіл табысып, бәрімізді достастырып, бүгінгі бес елдің басшыларының Астанаға келуіне өте үлкен үлес қосты. Екіншіден, біз бәрімізге ортақ қасиетті Наурыз мейрамы қарсаңында кездесіп отырмыз. Мен келе жатқан шуақты мерекемен баршаларыңызды шын жүректен құттықтаймын. Өзбекстан мен Қазақстанның халқын құттықтаймын. Үшіншіден, Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылу рәсімі Астанада соңғы жылдарда алғаш рет өткен Орта Азия мемлекет басшыларының кездесуімен тұспа-тұс келіп отыр. Мен осы кездесуге келген делегация басшыларына ризашылығымды білдіремін», - деген Елбасы делегация мүшелеріне күш-қуат, денсаулық, бақыт тіледі.Мемлекет басшысы екі ел өкілдері бір үстелдің басында жиналып, әріптестікпен бірге достық ашық ахуал жағдайында өңірлердің ортақ мүддесіне сай келетін барлық өзекті мәселелерді талқылап, бірауыздан келісімге келгенін атап өтті және бұл екі ел халықтарына пайдасын тигізетін жағдай деп санайтынын айтты.
«Мен бүгін Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Миромонович Мирзиеевті мемлекет атынан І дәрежелі Достық орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойдым», - деді ҚР Президенті.