» » Тарпаң теңіз тағдыры – адамзаттың жан-мұңы

Тарпаң теңіз тағдыры – адамзаттың жан-мұңы

 Аралдың экологиялық проблемасы әлем жұрты алаңдайтын өзекті мәселеге айналды. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары Әмудария мен Сырдария өзені бойындағы халықтың саны 2,2 есеге артып, суға қажеттілік өсті. Соның салдарынан теңізге құйылатын су мөлшері азайды. Яғни, қос өзеннің суын бел ортадан бөгеп, күріштік пен мақта алқаптарының көлемі артты. Мұндай антропогендік факторлардан теңізге 1960-1965 жылдары 44 мың текше метр су кұйылса, 1974-1978 жылдары 13 мың текше метрге азайды. Тіптен, 1990 жылдары судың мөлшері екі есеге кеміді. Нәтижесінде Аралға құйылатын су 89 пайызға азайып, теңіздің су айдыны 30-200 шақырымға дейін құрғады. Судың тұздылығы 40 пайызға дейін артты. Осылайша, Арал шөлге айналып, құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын зияндылығы жоғары 2 млн тонна тұзды шаңдар көтеріліп, экология зардабын кешкен аймаққа айналды. Экологиялық дағдарыс салдарынан Арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп, аурушаңдық белең алды. Аралды құтқару – әлемді құтқарумен пара-пар мәселеге айналды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проблемасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашық айтып, әлем елдерінің назарын аударды. Мәселенің өткір екендігін Орта Азия елдерінің басшыларына түсіндіріп, бірлесе шешуді үндеп, Президенттердің басын Қызылорда қаласында қосты.
Бұл 1993 жылдың 26 наурызы еді. Яғни, Арал проблемаларына арналған алғашқы халықаралық конференцияға Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сапармұрат Ниязов, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов қатысты. Конференция барысында Арал теңізі және Арал маңы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру және Арал аймағының экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекеттер туралы келісімге келіп, Халықаралық Аралды құтқару қоры туралы Ережеге қол қойды.
Әрине, Арал мәселесіне арналған халықаралық конференция Сыр өңіріндегі айтулы мәселелердің шешілуіне ұйытқы болды. Яғни, конференция қорытындысы бойынша қатысушы мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйымына Үндеу жолданды. Халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру жөнінде келісімге келді. Ең бастысы, Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Қордың төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Орта Азия елдері үш жыл сайын қордың жұмысын үйлестіретін болып шешілді. Міне, осы Халықаралық қордың құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр.
Айта кетсек, сол кездегі облыс басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Арал проблемасын терең түсініп, 90 жылдардың басында-ақ облыс әкімдігінің жанынан Арал проблемасы жөніндегі комитет құрды. Сондықтан, Сейілбек Шаухаманұлы облыс басшысы ретінде халықаралық конференцияның жоғары деңгейде өтуіне жауапкершілікпен қарады. Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде конференцияның жұмысшы тобының төрағасы болдым, әрі халықаралық шараның ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылдандым. Конферен­цияға дайындық жұмыс­тарымен Алматы қаласына бірнеше рет барып, Су шаруашылығы комитетінде және тағы басқа мекемелерде арнайы болып, Арал теңізі жайлы материалдарды жинадық. Тіпті, Санкт-Петербургке іс-сапармен барып, Арал теңізінің экологиялық картасын алдық.
Конференциядан кейін Арал дағдары­сын қалпына келтірумен Халықаралық Аралды құтқару қоры үйлестіруді бас­тады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік Банк, Азия Даму Банкі, ТАСИС ұйым­дарымен, сонымен қатар, Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Кувейт және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып, ХАҚҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді.
Атап айтқанда, 1994 жылы Орталық Азия мемлекеттері басшыларымен «Арал теңізі алабының бағдарламасы» қабыл­данды. Бағдарлама арқылы Арал теңізі аумағындағы қоршаған ортаның жағдайын тұрақтандыру, Арал маңының бүлінген экологиясын қалпына келтіру, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру жағдайлары көзделді.
1997 жылдың бірінші жартысында бағдарламаны қаржыландыратын Орталық Азияның бес елі және негізгі халықаралық ұйымдар және оның ұйымдастырушылық-басқарушылық құрылымы анықталды. Яғни, су ресурстарын басқарудың аймақ­тық стратегиясы, су қоймаларын және бөгеттердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, гидрометеорологиялық қызметтер, эколо­гиялық ақпараттың аймақтық жүйесін, су сапасын басқару, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жүйеленіп, жұмыс­тар басталды. Мәселен, құны 65 млн АҚШ доллары тұратын «Сыр­дария өзенінің ағысын және Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін реттемелеу» (І-кезең) жобасын сәйкестендіру және бағалау бойынша жұмыстар істелді. Жобаны іске асыру 1998 жылы басталды. Бүкіләлемдік Банк, Германия Үкіметі және Кувейт қоры қаржы салды.
2002 жылдың 6 қазанында Душанбе қаласында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары бағдарламаның бірінші кезеңін тал­қылап, екінші кезеңін бастауға уағ­даласты. 2003-2009 жылдағы екінші кезеңінде солтүстік Аралды қайта қал­пына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2009 жылдың 28 сәуіріндегі Мемлекет басшыларының шешіміне сәйкес Халық­аралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитеті бағдарламаның 3-кезеңін бас­тады. Осылайша, «Ғасыр жобасына», «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келді. Адамзат тарихында теңізді екіге бөліп, сақтап қалу тәжірибесі болған емес-тұғын. Жобаның маңыздылығы осында.
Тұңғыш халықаралық конференциядан кейін жұмысшы топ (төрағасы мен) Сыр өңірінің экологиялық жағдайын Үкіметке түсіндіріп, Қызылорданы экологиялық облысқа жатқызу үшін жұмыстар жүр­гізілді. Халықаралық конференцияның жұмысшы топ мүшелерінің белсенді ізденісімен «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобасы жасалды. Әрі оны Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында Үкі­мет мүшелері мен ғалымдардың алдында қорғадық. Топ мүшелері теңіздің эколо­гиялық әсерін жан-жақты ғылыми негізде атап берді. Осындай талқылаулар мен пікірталастардан кейін Заң жобасы қабылданды.
Заң бойынша экологиялық апат аймағы, экологиялық дағдарыс аймағы, экологиялық дағдарыс жағдайына жақын­даған аймағы болып топтастырылып, тұрғындарға әлеуметтік көмек тағайын­далды. Сыр өңірі тұрғындарының айлық жалақыларына пайыздық үстеме қосылды.
Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсетуді, денсаулық сақтау ісін қаржы­лан­дыруды және материалдық жағы­нан жабдықтауды ұйымдастыру, халық­ты әлеуметтік жағынан қолдау, эколо­гиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға берілетін қосымша өтемдер мен жеңіл­діктер, халыққа тиімді жағдайлар бекітілді. Мұның игілігін аймақ жұрты осы күнге дейін көріп келеді.
Ғаламат жобаның басы-қасында жүріп, он жыл Арал ауданының әкімі болдым. Жобаның арқасында Арал теңізіне жан бітіп, балық шаруашылығы дамып, өзге өңірлерге көшіп кеткендер атақонысқа қайта келіп, атакәсібін жалғаған ұрпаққа куә болдым. Расында, қазір Аралдың балығы алыс-жақын шет елдерге қайтадан экспорттала бастады. Теңіз қалаға жақын­дады. Халықтың әлеуметтік жағдайы жөнделді. Солтүстік Аралдың жаңғыру жұмыстарымен жұрттың бойында үміт оянып, келешекке деген сенімділік орнықты. Мұны теңіз маңында қоныс тепкендердің қазіргі тұрмысынан айқын аңғаруға болады.
Әлі есімде, 2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Арал ауданына сапары болды. Президент Көкарал бөгетін көзімен көріп, ғалымдар мен жобалаушыларға: «САРАТС жобасы іске асқанда Арал қаласына теңіз суы келе ме?» – деді. Бұл сауалға мамандар теңіз жиегінің 25-30 шақырым ғана жетпей қалатынын айтты. Сонда Елбасы: «Ендеше, Кіші Аралды теңізден бөліп алып, жағалауды қалаға дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін САРАТС жобасы екінші кезеңін бастап кетуіміз қажет», – деп кесіп айтты.
Осыдан бастап айтылған шаруаны орындау жолында қыруар жұмыстар бас­талып кетті. Кіші Аралдың су баспаған жерлерінде сексеуіл ормандары бой көтере бастады. Сексеуілді орман алқаптары сырбойылық азаматтардың белсенділігінің арқасында жүзеге асты. Қазір Арал теңізінің ұлтанындағы 5000 гектар алқапта сексеуіл жайқалып тұр.
Арал теңізі бассейніндегі шекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесе басқа­руды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүдделі етуді мақсат ететін Халықаралық ұйым келелі істерді атқаруда үлкен рөл атқарды. Әрине, мұндай маңызды қадамдардың алдағы уақытта да жалғаса беретіні сөзсіз.
Нәжмадин МҰСАБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Балық шаруашылығы саласының
еңбек сіңірген қызметкері.
17 наурыз 2018 ж. 1 399 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031