«ҚОЛӨНЕРМЕН АЙНАЛЫСЫП, АУРУЫМДЫ ҰМЫТТЫМ»
Қызылордалық Мәрияш Әлжанова бір жылдан бері қолөнермен айналысып келеді. Ол жүннен, киізден әртүрлі бұйымдар жасайды. Жасы алпысқа таяған шағында Мәрияш апаның сырлы өнерге ден қоюы бекер емес екен.
– Зейнеткерлікке шыққасын денсаулығым жиі мазалайтын болды. Қан қысымым қайта-қайта көтеріліп, бір жолы қатты ауырдым. Дәрігер «сізге өзіңізге ұнайтын іспен шұғылдану керек, сонда көңіліңіз бөлініп, ауруды жеңесіз» деп кеңес берді. Бұл кәсіпке бет бұруымның бірден-бір себебі – осы, – дейді қолөнерші.
Мәрияш Әлжанова Сырдария ауданының Айдарлы ауылында туып-өскен. Отбасымен облыс орталығына көшіп келгеніне көп бола қойған жоқ. Негізі, қолөнерге қызығушылығы сонау бала кезінде ауылдан басталған. Әжесіне еріп жүріп жүн сабау, киіз басу, кілем тоқу сияқты тірліктің шет жағасын көріп өсті.
– Бұл өзі маған қанмен сіңген қасиет болса керек. Өйткені нағашы әжем тоқсанға келіп қайтыс болды. Соған дейін тыным тапқан емес. Беріде енем екеуміз түкті кілем тоқыдық. Дәрігердің кеңесінен кейін ұмытылған дүниені санада қайта жаңғыртып, сол кісілердің жолын жалғастыруды ұйғардым, – дейді Мәрияш апа.
Қолөнер шебері бірер жыл бұрын Айдарлыда іске ебі бар қыз-келіншектерді айналасына топтастырып, байырғы кәсіпті жандандыруға жұмылдырды. Алғашқы кезде жүнді қолмен сабап, әбден әбігерге түсетін. Кейін өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Қытайдан құны 1 млн 700 мың теңге тұратын арнайы құрылғы сатып алды. Бұл бір жағынан қол күшін қысқартса, бір жағынан уақыт үнемдеуге көмектеседі.
– Бұрын орта есеппен 15 келі жүнді 3 күн бойы сабайтынбыз. Аппарат сатып алғалы оған небәрі 4 сағат кетеді. Киіздің адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін көбі біле бермейді. Қызылордада бұған қазақтардан гөрі, орыстардың қызығушылығы аса жоғары. Өткен жылы жазда Қармақшыда ЭКСПО көрмесі аясында этноауыл ұйымдастырылды. Соған келген шетелдіктердің өзі таңдай қағып сатып алып жатты, – дейді қолөнерші.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Мәрияш апаның қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс артқан. Әсіресе, көрмелерге көп шақырады. Ең басты тапсырыс – орталық алаңда тігілетін киіз үйдің ішін жабдықтау. Оған қажеттінің бәрін шебер күні бұрын дайындап қойған.
Назерке САНИЯЗОВА,
"Сыр бойы".
"Сыр бойы".