СӘУЕГЕЙДІҢ СӨЗІ СЕНІМДІ МЕ?
Жасырып қайтеміз, жоқ іздеген жан алдымен маңдайын тірейтін екі жағдай бар. Бірі – полиция, екіншісі – құмалақшы. Полицияның із кесуі ұзақ уақытқа ұласатыны белгілі, сондықтан тыпыршыған тұрғындар көбінше сәуегей жағалайтыны қалыптасқан қағида. Әуелі көрші-қолаңның, сосын таныс-тамырдың сілтеуіне сүйеніп, құмалақшыға құлдық ұрып, жағдайдың жай-жапсарына қанығуға құлықтымыз. Үйреншікті әдет болғасын, біз де осындай оқиғаға кезіктік. Жай емес, оған бес бас малдың ұрлануы себеп болды. Қызығы сол, әрбір құмалақшының сөзін айна-қатесіз диктафонға жазып отырдық. Қай құмалақшының болжамы шындыққа жанасатынын содан сараптап көрдік. Асылы, жорамалдың да жобасы бар. Енді әңгімені солай бұрсақ, ашығы айқындала түседі.
Сергелдең сезім
Біз бір күнде бірнеше құмалақшыға хабарластық. Қайсысының сөзіне сенерімізді білмей далмыз. Бір қарағанда олар ортақ ой айтатындай болды. Малдың басы аман, табылады дейді. Дегенмен сана сан саққа жүгіріп, сезім сергелдеңі сенімсіздікке жетелегендей. Себебі үйде қалған желіндегі бұзауына бір келер еді.
Әдетте үйдің маңынан ұзай қоймайтын мал бұл жолы қашықтап кеткені қиялға қонды. Әрине ұрының араласуымен. Құмалақшылардың сөзіне сеніп, тоғайды іздестірдік. Сол іздеудің барысында 41 күн малын жоғалтқан Бектай ақсақалға көмегіміз тиді. Мұнан кейін үміт қайта жанды. Алдымыздан шыға келетіндей болып көрінді. Қазақтың жері кең екен. Қалың тоғай таусылар емес. Бұл іздестіруден шаршап қайттық. Нәтиже жоқ. Енді тағы құмалақшыға құлдық ұруға тура келді. Бұған дейін Тасбөгет кентіндегі екі сәуегейдің алдынан өткенбіз. Біріншісі, малдың қолды болғанын болжады. Ал екіншісіне кірудің өзі ұзақ сонар кезек екенін білдік. Таңертең тұрған кезегіміз кешкі бесте кіруге мүмкіндік берді. Алдымен мал иесінің есімін сұрады. Сонан кейін белгісіз әлеммен байланысқа түскендей болды. Біз тапжылмастан жауап күтіп отырмыз. Кенет ол жағдайды тәптіштеп түсіндіре бастады.
– Малыңыз бес бас екен. Оның екеуі ірі, үшеуі баспақ екен. Бірақ қашықта бір судың жағасында қамауда тұр деді. Енді мәліметке толығырақ қанығуды қамдандық. Сөйтіп сұрақты көбейттік.
– Малдың тұрған жайын суреттеп берсеңіз?
Ол мүдірместен: – Қасында өртенген төртбұрышты ғимарат тұр. Мал соның жанында қорада қамауда тұр деді.
Біз осы сөзден кейін төңіректегі ғимараты бар орындарды араладық. Алайда ол әрекеттен ештеңе өнбеді.
Енді үміт үшіншісе түсті. Мұны тасбөгеттік сәуегей сілтеді. (Құмалақшылардың есімін құпия ұстауды көздедік). Дереу телефон нүктесін қосып, Шағанға шықтық.
– Көке жоқ іздеген жанбыз. Соған бір көмегіңізді көрсетсеңіз дедік алғашқы сауалдан. Ол тілін кәлимаға келтіріп, әруақтардың демеуіне сүйенді.
– Мал аман. Тұрғын жайдың шығыс жақ бетінде жүр. Ең бастысы, уайымдамаңыздар мал босағаны аттап тұр, табылады. Бұл сәуегейлердің сөзіне қарап уайым сейіліп, үміт күшейді. Біз іздестіруді әрі қарай жалғастырдық. Таң атысымен жолға шығып, күн қасқарайып үйге ораламыз. Шаршағанымыз анық. Бір жағынан сәуегейлердің сөзі сенімді жоғалтқандай әсерге бөлейді. Өйткені қаланың шығыс жақ беті, судың айналасы бізден қалмады. Бірең-саран малдың кезіккені болмаса, біз іздеген жоқ олардың ішінен байқалмады.
Дерек пен дәйек
Қызылорда облысы қазақы аймақ болғандықтан діни наным сенімге ерекше ықылас қояды. Соған сай аймақта жиырмаға тарта сәуегейдің бар екенін аңғардық. Бірақ олардың бағасын халық өзі бере жатыр. Әзірге біз олардың он шақтысына хабарластық.
Қарт көріпкел
Бұл кісіге баруымның да себебі бар. Оған досымның айтқаны түрткі болды. Оның айтуынша, бұдан бұрын жоғалған бірер бас уақ малын осы көріпкел тауып берген көрінеді. Айтқаны айдай келеді деп қарт құмалақшыға баруды меңзеді. Содан көріпкел кісінің үйіне аяқ бастық. 70-ке таяған қарт кісі екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, мән жайды түсіндірдік. Бұл кісінің өзгелерден ерекшелігі құмалақ шашып, болжам жасайды. Ә дегеннен қарт көріпкел тіл қатты.
– Мал қолды болған. Көз алдыма 50 деген санды меңзеп тұр. Соған қарағанда сиырларың 50 шақырым жерде орналасқан болу керек. Өріс немесе жайлауда жайылып тұрған жоқ. Топ малдың арасында қамауда тұр. Бірақ мал иесін табады. Өйткені маңдай сіңген қаражатқа алынған екен. Ішінде біреуі ғана болмауы мүмкін. Қалғаны аман сау үйіңе оралады деп жылы шыраймен шығарып салды.
Түйін
Біз сәуегей сөзін сараптап жүргенде Тасбөгет ішкі істер бөлімінен хабар түсті. Абай ауылының шеткі қорасынан мал ұрлығы анықталғанын айтып, солардың ішінен өз малыңызды байқауға шақырды. Бұған аң-таңбыз. Абай қайда, біз қайда? Мал о жаққа қалай ығып кеткен. Тіпті үш ұйықтаса, түске кірмейтіндей-ақ оқиға. Осы жерде сәл шегініс жасайық.
Сәуегейдің бірі 50 шақырым жерде тұр дегені есіме түсті. Бұл болжам шындыққа жанасатын болып шықты. Алдымен ұрылар малды Айдарлы ауылына апарып, полиция ізге түскеннен кейін Абайға қарай алып өткені белгілі болды. Тағы бір сәуегейдің бес малдың бірі жоқ дегені бар. Бұл да тұп-тура жағдай екен. Сауын сиырды сойып тастағаны анықталды. Біз мұны Абай ауылынан тапқан ірі қаралар бойынша айтып отырмыз. Осы қылмыстық істе қырағылық танытқан Тасбөгет ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары, полиция капитаны Самат Ысқақов, Тасбөгет ІІБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Руслан Әбуов, Сырдария аудандық ІІБ басшысының орынбасары, полиция майоры Азамат Сүлейменов, Сырдария аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Әділ Бимахановтың қырағылық қызметін айрықша атауға тиіспіз. Азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал, біз сәуегейлердің сөзіне сенімсіздік таныта алмаймыз. Олардың қай-қайсысы да жағдайды жобалады. Тіпті кейбірі дөп түскендей дәлелдеген сияқты. Әрине сәуегейлердің сөзі нақты демесек те, болжамы қисынға саятынын жоққа шығара алмаймыз.
Ерасыл ШӘРІБЕК