ҚЫЗЫР ҚАМШЫСЫН ҚАШАН СІЛТЕЙДІ?
Табиғат тамашалары
Міне, көктем де келіп жетті. Осы орайда оқырман қауымға көктемде болатын табиғат құбылыстарын тарқатуды жөн көрдік.
Қазыбек наурызы 23 ақпанда болады. Бұл кезде інде жатқан тышқан жер бетіне шығып, қыс ызғары қатты болса қайта ініне барып жатады. Бұл көлденең шөпке жан кіретін кезең делінеді.
Наурыздың ақша қары шамамен 10-15 наурызда жауады. Бұл – ескі күнтізбе бойынша жылдың басы. Ертеде оны “Наурыз айт” деп мереке ретінде атап өткен. Қазірде де еліміз оны бұрынғыша жаңа жыл ретінде қабылдайды.
Отамалы 22-27 наурыз шамасында өтеді. Бұл кезде ауа райы құбылмалы болады. Сондықтан оны отамалы ойылған қыс деп те атайды. Кейде оны орыстың қалталы қара Иваны дейді.
Бесқонақ – 10-20 сәуір аралығында. Бұл ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып 10 күн құрайды. Сондықтан бес ескі, бес жаңа деп те атайды. Ертеде “осы күндердің ішінде ерте көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті” деген ел аузында аңыз бар. Бесқонақтың дауылынан кейін Қаратамақ, Сарышымшық торғай келеді. Кей жерлерде сәуір айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандардың өздері де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды.
Құралай 28 мамырдың шамасында келеді. Бұл – киіктің лағын өргізетін кезі. "Киіктің құралайындай” деген сүйкімділік ұғымы осыдан келіп шыққан.
Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен асқанда болатын табиғи амал. Бұл кезде алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, ескіше он бесінші наурыз Қызыр Ілиястың қамшы сілтер күні деп аталады.
Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл «тобылғы бүршік жарған», яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Сәуір амалы – ақсақалдардың есебі бойынша, сәуірдің 20-сында кіреді. Сәуір туғанда алғаш рет күн күркірейді, бөлек-бөлек «жаз бұлты» шығады. Қариялар сәуір амалы кіргенде жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады.