» » Киіз үй – тәрбие көзі

Киіз үй – тәрбие көзі

Жәдігер
Киіз үй – қазақ халқы тарихындағы ең алғашқы құрылыс нысаны. Көшіп-қонуға ыңғайлы, жер сілкінісіне төтеп беретін ең қолайлы жәдігер. Күйіз үйдің жалпы салмағы жиһаздарымен қосқанда, 300-400 келіге жуық. Киіз үй көптеген көшпелі халықтың негізгі баспанасы болған. Қазақ халқы да киіз үйді сан мыңдаған жылдар бойы өзінің төл баспанасы етіп келді. Міне, біз киіз үйдің түрлеріне кеңінен тоқталуды жөн санадық.
Киіз үйдің жабдықтары
Шаңырақ – киіз үйдің қасиетті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағың биік болсын»деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғынды, яғни шеңберді, қайыңнан оюлап, өрнектеп жасайды, жиілеп қаламдық ояды. Күлдіреуіш шаңырақ күмбезін жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеу үшін қызмет етеді.
Кереге – киіз үйдің негізін құрайды. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар (ыру) жүргізеді. Желілерді тесіп, түйенің мойын терісі немесе өгіздің бас терісінің сірісі (қайыстары) арқылы көктейді. Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтыла, ал ортасы дөңестеу жасалады.
Уық – кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары және қаламы деген атаулардан тұрады. Ол иінінен ішке иіле жасалады, яғни үйдің күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Уық алақандағы уық бау арқылы кереге басына байланып, қаламы шаңырақтың қаламдығына сұғылады. Қалам мен қаламдық төртбұрышты қырланып, ойылады. Мұндай уық берік болады, әрі ауып, қисайып кетпейді. Қанат санына қарай уықтың саны да, ұзындығы да өсе береді. Әр үйде көлеміне қарай 60-160-тай уық болады.
   Сықырлауық – киіз үйдің ағаштан жасалған жарма есігі. Маңдайша – екі босағаны жоғары жағынан ұстап тұратын берік ағаш. Босаға – маңдайша мен табалдырықты қосатын және кереге бекітілетін ағаш. Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіп, тұратын айналмалы ағаш тиек.
Туырлық – ордада кереге бойы, шағын үйде шаңыраққа дейтін жабатын киіз. Үзік – ордада кереге мен шаңыраққа дейін жабатын туырлық бөлігі. Дөдеге (үзікті үй) – үй сыртында кереге басы тұсына киізден оюлап жасалған әшекейлі киіз.
Түндік – шаңырақ үстінен жабылатын төртбұрышты киіз. Түндік бау – түндікті белдеуге байлайтын бау.
Ши – киіз үй бөлшегін, тұрмыс бұйымын жасайтын өсімдік. Ақ ши – кереге сыртынан, кейде туырлық сыртынан орай тартылатын тоқыма ши.
Басқұр – кереге басы туырлықты тесіп кертеу үшін үй айнала жүргізілетін (тартылатын) жалпақ оюлы құр. Желбеу – сәндік үшін шаңыраққа байланатын шашақты баулар. Желді күні үй шайқалмас үшін оған салмақ байланады.

Киіз үй атаулары

Абылайша – керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй.
Ақ шаңқан үй – сүттей ақ, аппақ киіз үй.
Ақтағыр – екі қанатты, екі үзікпен жабылатын шағын киіз үй.
Жаппа – керегесіз, киізбен жабылған баспана.
Жолым үй – уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ үй.
Қара құрым үй – киізінің тозығы жеткен, ескі үй.
Қара үй – киіз үйді кейбір жерде қара үй деп атайды.
Қараша үй – қоңыр түсті, жыртық, тесік, ескі үй.
Орда – еңселі, салтанатты киіз үй.
Отау – ұлға енші беріп, бөлек шығарған киіз үй.
Төңқайма – бірнеше уықпен ғана көтерген киіз үй.
Ұраңқай – уық тәрізді сидам ағаштардан басын түйістіріп тігілген киіз үй.
Киіз үй қашан пайда болды?
Этнограф, тарихшы Жамбыл Артықбаев бұл туралы деректерді кездестіруге болады дейді.
– Аңыздарда киіз үйді Оғыз ханмен байланыстырады. Хиуаны билеген атақты тарихшы 1640 жылдары өмір сүрген Бахадүр хан Оғыз ханның керемет киіз үй ойлап тапқанын айтады. Бұл қола дәуірінің енді басталған уақыты. Соның құрметіне Оғыз хан ас берді дейді. Қазақта киіз үйді уыз үй деп атаған. Толыққанды киіз үй деген сөзді білдіреді. Содан кейін алашық пайдаланған. Онда кереге болмайды. Кедей-кепшік, малшылар қос пайдаланған. Басын қосып байлағаннан қос деп атаған. Уыз киіз үйдің өзі бірнеше түрі болған, – дейді ол.
21 наурыз 2018 ж. 2 750 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031