Қайырымды футболшы Дидье Дрогба
Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі шебер футболшылардың бірі сөз жоқ Дидье Ив Дрогба Тебили. Бұл жігіт 1978 жылдың 11 наурызында Африка құрлығында орналасқан Кот-д Ивуар елінің Абиджан қаласында дүниеге келген. Атақты аяқдопшы өзінің 40 жасқа толуына байланысты осы маусым соңында спорттық өміріне нүкте қоятынын мәлімдеді. Бұған дейін еуропалық танымал клубтар: «Ле-Ман», «Генгам», «Марсель», «Челси» және түркиялық «Галатасарай», қытайлық «Шанхай Шэньхуа» сапында ойнаған азамат қазір АҚШ-тың екінші дивизионындағы «Финикс Райзинг» командасында доп теуіп жүр. Әсіресе 2004-2012 жылдары «Челси» сапында аладопты ойнатқан Дрогба ағылшын премьер-лигасында 100 гол соққан алғашқы қара құрлық өкілі ретінде тарихта аты қалды. Осы құрамада жүріп Чемпиондар лигасында топ жарды және ағылшын премьер-лигасының төрт дүркін жеңімпазы атанды.
«Арман еткен ала добыңмен айналыс!»
«Арман еткен ала добыңмен айналыс!»
Дрогба туғанда елінің әлеуметтік жағдайы ауыр-тын. Жұрт жоқшылықтың қамытын киген. Адамдардың өмір сүру орташа жасы бар-жоғы – 46. Білім беру ісі жолға дұрыс қойылмаған. Балалар өлімі өлшеусіз етек алған. Әрбір мың сәбидің 10 пайызы жастай шетінейді. Екінің бірі Еуропаға босқысы келеді. Қысқасы, Дрогба осындай ортада өсті. Бірақ оның әке-шешесінің екеуі де банкте жұмыс істейтін. Өздері жеті ағайынды. Соның өзінде тапқан-таянғандары отбасына әзер жететін. Бір күні ата-анасы үлкен ұлы Дидьеге, «сен қарағым, Францияға бар, ол жақта өзің білетін Мишель ағаң тұрады. Шамаң жетсе, арман еткен ала добыңмен айналыс!» деп батасын береді. Ата-анасының рұқсатын алған бала Еуропаға беттейді. Мишель ағасына келеді. Ағасының жолын қууға бекінген бала әуелі жасөспірімдердің «Левалуа» командасында бір жыл ойнайды. Ала допты аяғында ойнатқан жігіт екінші лигада өнер көрсетіп жүрген «Ле-Ман» командасына ауысады. Кешікпей жоғары лиганың жиегіне жете қабыл «Генгамға» барып, келісімшарттың уақыты аяқталғанға дейін өткізген 45 ойында 20 доп соғып, осылай үлкен футболдағы даңғылы басталады. Күн сайын құлпырып келе жатқан қара жігітті Англияның «Челсиі» дереу 24 млн фунт қаржыға сатып алады. Бұл баға сол тұста рекордтық көрсеткіш еді.
«Уа, рухы биік, Кот-д-Ивуар халқы...»
Дрогба өз елінің патриоты, бейбітшілік үшін күрескер, туған елінің тыныштығы үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жүрген үлкен қайраткер. Айталық, 2000 жылдары Кот-д-Ивуарда азаматтық соғыс басталды. Тіпті 2002-2007 жылдары халық қантөгістен көз ашпады. Дәл осындай елішілік қырғын өршіп тұрған кезде яғни, 2006 жылы Германияда футболдан әлем чемпионаты өтті. Бұл дүбірлі додаға Кот-д-Ивуар да қатысты. Дрогба қайтті? Әлемдік доданың алаңына шығар алдында ол барлық командаластарын шақырып алды, ақылдасты. Ел-жұртқа бейбітшілік аса қажет екенін түсіндірді. Өйткені команда сапында соғысып жатқан екі тараптың да жігіттері бар еді. Содан бәрі бірдей бір-бірін құшақтаған күйі жасыл алаңда қаздай тізерлеп тұрды. Сөйтті-дағы, дүние жүзіне репортаж жүргізіп жатқан алып камераға қарап: «Уа, рухы биік, Кот-д-Ивуар халқы, біз, еліміздің шығысы мен батысы, оңтүстігі мен солтүстігінде дүниеге келген футболшылардан жасақталған командамыз, еліміз үшін әлем алдында бәйгеге түсудеміз. Біз бірге болсақ қана жеңіске жетеміз. Сондықтан еліміздің әр азаматын бірлікке шақырамыз! Кот-д-Ивуарда жазықсыз қан төгілмесін! Кот-д-Ивуарда бейбіт заман болсын!» деп, бір дауыспен күңірене үн тастады.
«Біз бейбітшілік үшін бірігеміз»
2006 жылдың соңында қақтығысқан қос тарап келісімге келіп, елде атыс-шабыс саябырсыды. Соғыстан өте көп зардап шеккен елдің солтүстігіндегі Буаке қаласы болатын. Қала халқы өте жабырқаулы еді. Осы жұрттың жабырқаған көңілін көтеріп, рухани серпіліс беру үшін 2006 жылы Дрогба «Африка құрлығының ең үздік футболшысы» атанған жүлдесін көтеріп осында келді. Қала тұрғындарының алдында сөз сөйледі: «Бұл жерге келуімнің себебі, бүкіл әлемге мен де осы Кот-д-Ивуар азаматтарының бірі екенімді, сіздермен қаным мен жаным бір екенін естірту. Біздің арамызда, оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс және орталық болып бөлінетіндей алауыздық болмауы тиіс. Біз – бір елміз. Бұл ел біз бен сізге ортақ» деп, ұзақ сөйледі. Осы тұста Африкада құрлық чемпионатына іріктеу ойындары жүріп жатты. Кот-д-Ивуар кезекті ойынын өз алаңында Мадагаскар құрамасымен өткізуге тиіс болатын. Осы мүмкіндікті пайдаланған Дрогба аталмыш ойын елдің солтүстігіндегі Буаке қаласында өтуіне бар күшін салды. Ақыры солай болды. Ойынға халық көп жиналды. Дрогба өз командасын «Біз бейбітшілік үшін бірігеміз» деген ұран астында алаңға алып шықты. Сөйтіп 2007 жылдың 3 маусым күні Буаке қаласында Кот-д-Ивуар мен Мадагаскар ұлттық құрамалары кездесіп, Дрогба рухтандырған алаң иелері қарсыластарын 5:0 есебімен тас-талқан етті.
«Қолыңдағы дүниені өзгемен бөлісуге міндеттісің!»
2012 жылы Дидье Дрогба Англияның «Челсиінен» Қытайдың «Шанхай Шэньхуа» атты футбол командасына ауысты. Дрогбаның Еуропадағы басқа да белді клубтардың қатарын толықтыруға мүмкіндігі болған. Алайда ол Қытайды таңдады. Себебі туған елі қиын-қыстау кезеңде тұрды, азаматтық соғыстың зардабы әлі толық жойылмаған, экономика құлдыраған, осының бәрін ой елегінен өткізген азамат қытайлықтарға шарт қойды. «Мен сіздердің клубта бір жыл ойнап, жергілікті футболшылардың тәжіриебесін жетілдіруге күш салайын, сіздер менің туған еліме инвестиция құйыңыздар!». Артынан осындай шартпен Түркияның «Галатасарай» клубында да ойнады. Жалпы футболшылар өзінің жеке бас пайдасы үшін сатылады. Ал Дрогба болса, елінің қамы үшін сатылып жүрді. Бүгінде Дрогбаның өзі де тікелей Кот-д-Ивуар елінің дамуына инвестиция құйып отыр. Нақты айтар болсақ, елдегі алтын кен орындарының біріне қаржы құйып, үлесін сатып алған. Сол арқылы тұралап қалған ел экономикасына серпін беріп, аталмыш кен орнын жабылып қалудан сақтаған. Дидьені өз елінің ғана емес, тұтас Африкадағы қиын жағдай алаңдатады. 2007 жылы ол БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша ерікті елшісі атанды. Сол жылы өзінің тікелей бастамасымен «Дидье Дрогба қоры» құрылды. Аталмыш қордың негізгі жұмысы Африка халықтарына білім беру және денсаулықтарын сақтау мәселелеріне қаржылай қолдау көрсету. Сондай-ақ Дрогба Африкадағы кедейлерге қаржы жинау мақсатында көптеген қайырымдылық шараларына тұрақты қатысып тұрады. Оның өзі туып-өскен Абиджан қаласында медициналық орталық салуға 3 миллион фунт стерлинг бөлгенін айта кетейік. Бұл дегеніңіз, бүгінгі есеппен кем дегенде, 4,5 миллион АҚШ доллары. Қордың жұмыстарына оң баға берген БҰҰ Дрогбаны «Спорттан тыс ізгіліктері үшін» атты сыйлықпен марапаттады. Дрогбаның өмірлік ұстанымы: «Егер қолыңда дүние болса, оны өзгемен бөлісуге міндеттісің!».
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»