Қыз алып қашу: Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?
Елімізде қыз алып қашу статистикасы жүргізілмейді. Өйткені, қылмыстың осы түріне қатысты арнайы бап жоқ. Бұрынғы мен қазіргі қыз алып қашудың айырмашылығы неде?
Танымайтын қызды күштеп әкеліп, әйел баласының тағдырымен ойнағысы келетіндер әлі де бар. Себеп неде? Заңның осалдығы ма, әлде ескі салттың қалдығын қолдайтындардың әсері ме?
Жігіттер көнетін қызды ғана алып қашады
Психолог Айбек Сыдықовтың айтуынша, мәселені бір ғана психологиялық тұрғыдан қарауға болмайды. Құқықтық аспектісін де назарға алу керек. Қызды алып қашып әкеліп, отбасын құратын адамдар салт-дәстүрді тек сылтауратады деген пікірде.
Біріншіден, бұл құқықтық сауаттылықтың төмендігінен. Екінші – инфантильдік, яғни, адамның өз әрекетінің салдары мен жауапкершілігін сезінбеуі. Кез келген адам бұл әрекеті үшін қылмыстық жазаның бар екенін ұғынуы керек. Біз құқықтық елде өмір сүріп жатырмыз. Инфантил – кінәні өзінен емес, басқа жағдайлардан іздеп, не болмаса тағдырынан көре кететін адам. "Жолым болмай қалды" деп, оған мемлекетті не жұмыс берушіні, жұлдызнама сияқты басқа кесе-көлденең болған барлық нәрсені кінәлі деп есептейді.
– Үшіншіден, адам болашақ жары ретінде кім көрінгенді алып қашпайды. Ол осы адам көнеді-ау деп таңдайды. Көнбесе, араға туысқандарымды саламын, әйтіп-бүйтіп көндіремін деген мақсатпен осындай қадамға барады. Ондай адамдар, тіпті болмаса, "кетіп қалу ұят" деп адамның санасын манипуляциялауға дейін барады, – дейді психолог.
Жәбірленуші алдын ала таңдалып қояды
Психологияда "аңдушы" мен "құрбан" деген ұғым бар. Яғни, алып-қашу ойы бар адам өз әрекетіне көнетін жәбірленушіні таңдайды. Бұл да сондай жағдай.
– Өкінішке қарай, ХХІ ғасырдың өзінде осындай қылмыс істі соңына дейін жеткізіп, қылмыскердің лайықты жаза алуын ешкімнің қадағаламауынан болып жатады, – дейді Айбек Сыдықов.
Арнайы бап болмаса да, қылмыскер жазаланады
Бұл қылмысқа қатысты жеке бап жоқ. Сол себепті, елімізде қыздарды еріксіз алып қашу деректері туралы нақты есеп жоқ. Өйткені, бұл қылмыс – ҚР Қылмыстық кодексінің "Адам ұрлау" бабына жатқызылған. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, осы бап бойынша:
2016 жылдың 12 айында – 96 қылмыс тіркелген.
2017 жылдың 10 айында – 17 қылмыстық іс қана сотқа жетіп, 30 адам бас бостандығынан айырылыпты.
Жеңгетайлық жасағандар да жазаланады
Заңгер Динара Маратованың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 125 бабында адамды ұрлау – алдын ала сөз байласып, адамдар тобымен жасалса, мүлкiн тәркiлеп немесе жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылған".
– Яғни, қызды алып қашуға қатысқан барлық адам жауапқа тартылады деген сөз, – дейді заңгер. – Ал, бұл іске тартылған адам біреу болса, жазасын өтейтін мерзімі азаяды. Сондықтан да қызды бір топ адам ұйымдасып алып қашқанымен, оған қатысқан адам санын азайтып көрсетуге тырысады.
Кей қыздар "алып қашу" операциясын өздері ұйымдастырған
– Үйлену процессін ықшамдап, шығынды қысқарту үшін жігіт пен қыз өзара келісіп, осындай қулыққа барады. Ал, танымайтын қызды алып қашып кетсе – ол ұрлық. Қазақта ондай болмаған. Бұл кейін шыққан масқара, – дейді этнограф Досымбек Қатранұлы.
Айтуынша, ХІХ ғасырда дәстүрлі ортада құдаласу, айттыру деген жора-жосық болған. Десек те, қыз алып қашу мүлдем болмаған деп айту қате.
Мысалы, бұрындары қыз айттырып қойған теңін менсінбесе не қаламаса, қашып кеткен. Яғни, көңілі жарасқан жігітпен қашып кетудің айласын қыздың өзі ұйымдастырған. Осындай қыздың келісімімен болатын дүниені ғана қазақ "алып қашу" деген.
Қыз алып қашу – үйленуді оптимизациялаудың жолы
– Ал қазір барыс-келісті азайту үшін, үйленуге кететін қаражатты жеңілдету мақсатында, артық той-томалақ жасап, ағайынды шығынға батырғысы келмесе не қаражатты оңтайлы пайдаланып, ықшамдағысы келсе, екі жастың келісімімен жасалуы тиіс.
Жаман нәрсе емес, қазірде қолдануға болады, – деп есептейді Досымбек Қатранұлы.
Айттырылған қалыңдығын алып қашса...
– Мұндайда өзінің айттырылған қалыңдығын алып қашқаны үшін, жігіттің туыстары ат-шапан айып төлейді. Және бұл аса ауыр қылмыс болып есептелмеген, – дейді Досымбек Қатранұлы. Мұндай жағдай, көбінесе күйеу жағының қыздың қалың малын түгел төлеуге жағдайы жетпеген кезде болған.
Қыз сүйгенімен қашып кетсе...
– Ал айттырып қойғаны көңілі жарасқан басқа адаммен қашып кетсе, қыздың туыстары жігітке қалыңмалын қайтарып берген. Кейде сол рудың бір қызын немесе қыз орнына қалың мөлшерін айып ретінде үстіне қосып төлеген,– дейді Досымбек Қатранұлы.
Қашқан қыздың әкесі айыпты болмаса, онда құнды алып қашқан жақ төлеген. Ал қыздың әкесі алып қашушымен ым-жымдас болса, бұрынғы құдасына қалыңын қайтарып, өз тарапынан айыбын төлейді немесе басқа қызын береді.
– Басқа бір қызын беретін кезде, ағайын-туыстық, көршілік қарым-қатынастың бұзылмауына қатты мән берген. Бұл кәдімгі "Жеті жарғы" сияқты ата-баба жолы деп аталып келген ереже аясында шешілген, – дейді этнограф.
Бәстесіп алып қашқан
– 19 жасымда мені жүріп жүрген жігітімнің танысы алып қашты,– дейді өз қайғысымен бөліскен Алмагүл (өтініші бойынша кейіпкердің есімі өзгертілді).
Алмагүл бүкіл өмірін тас талқан еткен сол күнді ұмытқысы-ақ келеді. Бірақ...
– Уақытты кері қайтару мүмкін болса, сол күні ештеңеге қарамай кетіп қалатын едім, – дейді ол.
Алмагүл Көкшетау қаласындағы педагогикалық колледжде екінші курсында оқып жүргенде бір жігітпен танысады. Екеуі бір-бірін ұнатып, сөз байласып, қыз бен жігіт болып жүре бастайды. Жаңа жыл қарсаңында жігіті оны өз ауылына (Көкшетаудан 150 шақырым) достарымен таныстыруға апарады екен.
– Жазда үйленеміз деп сендірген еді, – деп жылайды Алмагүл. Кейін естіп біліпті, сол кеште жігітіне бір танысы келіп: "мына қызыңды мен алып қашып, көндіре аламын" деп бәстескен көрінеді.
"Тағдырым осы шығар"
– Мүмкін ащы судың әсері болар, ол сондай ұсынысқа көнді дегенге сене алмаймын. Біз ауылға 29 желтоқсанда келгенбіз, сол күні кешке отырыс болды. 30 күні мені алып қашты, – дейді Алмагүл.
Алмагүлді алып қашушы жігіт бір көріп ұнатып қалғанын айтып сендірген. Жеңгелері мен ағайын-туыстары да қызды көндіруге барын салыпты.
Тағдырым осы шығар деп есі шыққан қыз амалсыз көнген. Артынан келген қуғыншы ағайын-тумасына да өзім келдім, жігітті ұнатамын деп шығарып салған.
Ауылға таныстыруға әкелген жігітін содан кейін көрмепті. Тек ұзын құлақтан ішімдікке салынып кеткені туралы естіген.
Бірнеше айдан соң күйеуі қол көтеруе бастайды. Кейін бұрын ұнатып жүрген қызына барғыштап жүргенін естиді. Ақыры айы-күні жақындап отырғанда таяққа жығылып, ауруханадан бірақ шығыпты.
– Есімді жинағанда, қатты соққы салдарынан ішімдегі баланың шетінеп кеткенін білдім. Дәрігерлер маған аман қалғаныңа шүкір айт деді. Ақыры ажырастық. Араға бір жыл салып, етек-жеңімді жинап, оқуымды жалғастырдым. Әлі тұрмыс құрғам жоқ, енді бала көтере алмаймын, жасым болса 28-де, – дейді Алмагүл.
Алмагүлмен тағдырлас қыз қаншама...
Алып қашудың құрбаны болған бір ғана Алмагүл емес. Бірі жайлы қалың бұқараға жария болса, тағы бірінің жағдайы жабулы күйде қала береді. Мәселен, 2017 жылдың жазында Алматыда басында алып қашып кетті деген Тілеугүл Қуаныш есімді бойжеткеннің артынша мәйіті табылғанын ел естіді
Тілеугүлді 30 шілде күні достары туған күнге барамыз деп, аға-жеңгесінен сұрап әкеткен. Кешке таман Тілеугүлден анасының ұялы телефонына "мені алып қашып бара жатыр" деген хабарлама келген. Артынша телефоны сөніп қалған.
Сол күні бойжеткеннің жақындары қыздарының барлық таныстарына хабарласып, іздестірсе де, таппайды. Тек 31 шілде күні кешке Тілеугүлдің қайтыс болғанын полициядан хабарлайды, денесін қаладағы мүрдеханадан табады.
Іс сотқа жетпей жабылып қалған
Тілеугүлдің әпкесі Жұлдыз Бұзауқызы әлі күнге дейін әділдік іздеп шырылдап жүр. Айтуынша, қылмыстық құрамы болмағандықтан 29 желтоқсан күні іс жабылып қалыпты.
– Заңгер істің қайта қаралып сотқа дейін жетуін қадағалаймын деп отыр. Көлеңкелі тұстары көп, сегізінші қабаттан құлағанда ұялы телефоны бүтін, денесінде еш сынық жоқ, қыз жерге шалқасынан, арқасымен құлаған. Бұның өзі күмәнді. Тірі адам биіктен құласа арқасымен түспейді. Тілеугүл қайтыс болған уақытта таңғы 4-5 сағат аралағында кіре берістегі бейнекамера да түсірмей қалған, – дейді Жұлдыз.
Айтуынша, тіпті сот-медициналық сараптама жасаған дәрігердің өзі ертесінде жұмыстан шығып кетіпті. Ал жүрегі қайғыны көтере алмаған әкесі инсульт алып, артынша дүние салыпты.
– Осылайша, бір отбасының тас талқаны шыққан. Артында қалған анасының енді әділдік іздеп сенделгісі жоқ. Оған жете алмайтынын біледі, – дейді Жұлдыз.
Заңгерлер арнайы бап болса дейді
Жуырда заңгер Әсел Тоқаева әріптесі Руслан Шагатаевтың қыз алып қашуға қатысты арнайы бап керек деген пікірін қолдаған болатын. Қос заңгердің бұл пікірі желіде қатаң сыңға ұшырап, артынша Әсел Тоқаева:
"Бізге де Қырғызстан сияқты қыз алып қашуға қатысты заңға "адамды некеге тұру мақсатында ұрлау" деген арнайы құқықтық норма не заң енгізу керек" деп жазған еді өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.
Оның ойынша, Қылмыстық кодекстегі осындай норма, адамдарға дәл осы әрекеті қылмыс екенін ескертіп тұрар еді. Бірі болмаса бірі заңнан жүзі қайтар. Осылайша, тозығы жеткен салтымыздан құтылатын едік дейді заңгер.
Құқықты қызға беру керек
Заңгер Айгүл Орынбек те өзінің әріптестерін қолдайды. Себебі "қыз алып қашу" мен "адам ұрлау" екеуінің мотиві екі түрлі болуы мүмкін деген пікірде.
– Заңда нақты мынадай жағдай ескерілу керек, – дейді ол. – Мысалы, өз келісімімен қашқан 18 жастағы қыздың ата-анасының арызын қабылдамау керек. Яғни, құқықты қызға беру керек.
Айтуынша, қазір оңтүстік өңірдің өзінде бұрынғымен салыстырғанда еркінен тыс зорлықпен қыз алып қашу азайған. Оған себеп, адамдар әйтеуір қылмыстық жауапкершілік бар екенін біледі.
– Сонымен қатар, қыз алып қашамын деп аузы күйгендер де бар, – дейді заңгер.
Төрт баласы бар "қызбен" сегіз ай бойы жүрген
– Мәселен, жуырда қыз алып қашқан жігіт пен анасы кеңес сұрап келді. Жігіт қызбен сегіз ай бұрын танысып, сөз байласып жүрген. Тіпті, жігіт қызды үйіне алып қашып та келген. Сол кезде оның артынан күйеуі келеді. Төрт баласы бар екенін айтып, айқай-шу шығарған. Ал екеуі жүріп жүрген кезде қыздың анасы да жігітпен танысқан көрінеді.
Сонымен қатар, сегіз ай бойы қыз жігіттен қаржылай көмек алып та жүргенін айтқан. Мен жігіт жаққа қыз бен анасының үстінен алаяқтық бойынша арыз түсіруге кеңес бердім. Осындай оқиғаларды естіп-білгеннен кейін қазір танымайтын қызды алып қашу азайған, көп жағдайда сырға салып, отбасымен танысып барып, ұзатып алатын болған, – дейді заңгер.