«Болашақ» бағдарламасы өзгеірске ұшырады
Үкімет қаулысымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша үміткерлерді іріктеу ережелеріне өзгерістер енгізілді, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Енді бұрын берілген стипендияны пайдаланбай және оқуға немесе сынаққа түспеген адамдарға орталық алдында қарызы жоқ болған жағдайда стипендияны алу үшін қайтадан байқауға қатысуға мүмкіндік бар. Демек, байқауға бұрын қатысушыға «Болашақ» стипендиясы берілгенімен, белгілі бір жағдайға байланысты ол тілдік курстарға кірісе алмай немесе өздігінен оқудан бас тартса, онда ол қайтадан байқауға қатыса алады. Сонымен қатар, «Өздігінен түскен» категориясына жататын байқауға қатысушы үміткерлер үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балы талап бойынша GPA 3,3-тен 3.0-ге төмендетілді. Қазақстанда сондай-ақ, тілдік курстарды аяқтау кезеңінде тілді меңгеруді бақылау механизмі енгізілді. Тілдік курстардың жұмысын күшейтіп, тілді қажетті деңгейде білетінін растау үшін курс аяқталғаннан кейін Қазақстандағы стипендиаттар аралық тестілеуден өту керек. Аталған емтиханнан өте алмай қалған жағдайда стипендиаттарға алдағы екі айдың ішінде қайтадан өту мүмкіндігі беріледі. Аталған талап орындалмаса стипендиядан айыру қарастырылған. Басты жаңа өзгерістердің бірі - түлектердің еңбекті өтеуін жүзеге асыруға қатысты нормалары болып табылады. «Өздігінен түскен» категориясындағы және «жалпы байқаудағы» түлектерге мамандық алғаннан кейін Қазақстанның аумағында орналасқан қазақстандық және шетелдік заңды тұлғалардың өкілдіктерінде және филиалдарында еңбегін өтеуге мүмкіндік беріледі. Қазақстан аумағында орналасқан өзге де ұйымдарда үшжақты келісімнің бекітілуімен жұмыс беруші келіскен жағдайда «ғылыми-педагогикалық қызметкерлер», «инженерлік-техникалық қызметкерлер», «мәдениет және шығармашылық саласындағы қызметкерлер», «бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясындағы қызметкерлер», «сынаққа үміткерлер» категориясы бойынша оқып шыққан түлектерге алған мамандығы бойынша еңбек етуге рұқсат беріледі. Қаулы 2018 жылдың 30 наурызында жарияланып, қолданысқа енгізілді.