БЕКЕТТІҢ БӘЙГЕСІНЕН БЕС ЖҮЛДЕ БҰЙЫРДЫ
Алматы сапарында қос жарыстың куәсі болдық. Әсем шаһарда дәстүрлі дзюдо федерациясының президенті Бекет Махмұтовтың жүлдесі үшін жастар арасында дзюдодан халықаралық турнирдің өтіп жатқанын естіп, бағытты "Халық аренаға" бұрдық.
Спорт сарайының төрінде төселген үш татами үсті жалын шарпиды. Биылғы турнирге қатысушылардың да саны ұлғайған. Алыс-жақын шетелдерден келген балуандар да жүлде алу жолында аянып жатқан жоқ. Орындыққа ойысқан сәтте татамиге жерлесіміз Адия Сайынды шақырды. Ол 44-келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, ақтық мәреге жолдама алған екен. Қарсыласы – Еркежан Махмұдова. Адияның қарсыласына қарағанда тәжірибесі мол. Сол себепті Сайынның жеңіске жетеріне сеніммен қарадық. Төрешінің ырғағымен татамидегі тайталас басталды. Сенген Сайынымыз үмітті ақтап, әпсәтте қарсыласын иппонға түсірді. Осылайша ол Махмұтовтың алтын медальін мойнына тақты. Сайынның сара жолын 55 келідегі Нұрхан Алмабек жалғады. Ақтық сында Нұрхан Абдусамат Бақытпен белдесіп, мықтылығын байқатты. 66 келіде сынға түскен Марат Жанқожа да ақтық сынға дейін іркілмей өтіп, финалда қателікке бой алдырып, Сұңғат Жұбатханға жол берді. Мараттың кездесуінен кейін уақыт 4-ке таяп, стадионға оралуға мәжбүр болдық. Жарыс аяғында білгеніміздей, екі жерлесіміз қола жүлдеге ие болды. 48 келідегі қос қарлығаш Бибіхан мен Салтанат үздіктер қатарынан көрінді. Халықаралық доданың қорытындысында жерлестеріміз 5 медальмен үздіктер қатарынан көрінгенін айта кеткен жөн.
Ерасыл ШӘРІБЕК