» » ӘЛЕМ ҚАРИЯЛАРЫН ҚАЛАЙ АРДАҚТАЙДЫ?

ӘЛЕМ ҚАРИЯЛАРЫН ҚАЛАЙ АРДАҚТАЙДЫ?

   Екінші Дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең үлкен қарулы қақ­тығыс­тардың бірі. Оған сол кезде әлемде болған 73 мемлекеттің 62-сі қатысып, жер шары халқының 80 пайызы соғыстың «дәмін» татты. Қырықтан астам мемлекеттің территориясында жүрген ұрыс алаңдарында 110 млн азамат өмірін қатерге тікті. Кескілескен соғыстың салдары – 60-65 млн адам шығынын әкелді. Әлем тарихында қанды әріптермен қалған оқиғаның әр мемлекет үшін өзіндік орны мен мағынасы бар. Отанына жеңісті күннің қуанышын сыйлау үшін от пен қанды қатар кешкен тұлғаларды әлем елдері шама-шарқынша ардақтап, олардың қамсыз қарттығын қамтамасыз етуге тырысады. Біз бүгінгі атаулы мерекеге орай, соғыс қасіретін көрген ардагер­лер­дің бейбітшілік заманында қалай құрметтеліп жатқанын саралап көрдік. ­
Қазақстан
Өткен жылғы дерек бойынша, Қазақ­станда 2776 Ұлы Отан соғысына қатысқан азамат пен 157679 тыл еңбеккері бар. 2017 жылы ардагерлерге әлеуметтік көмек көр­сету үшін мемлекеттік бюджеттен 1 млрд 97 млн теңге бөлінген. 1995 жылы 28 сәуір­де қабылданған «Ұлы Отан соғысының қа­тысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес, соғыс ардагерлеріне бірінші кезекте медициналық көмек көр­сетіліп, дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Тұр­ғын үйге мұқтаж деп танылса, жергілікті атқарушы органдар ардагерлерді бірінші кезекте пәтер алатындардың тізіміне қо­сады. Соғыс салдарынан денсаулығында ақауы бар азаматтар жылына бір рет 15 күн­ге емдеу-сауықтыру орталықтарына жібе­ріледі. Сонымен қатар коммуналды қыз­-­мет төлемдері мен қоғамдық көліктерге, жылына бір рет әуе, теңіз, теміржол би­летіне жеңілдіктер алу қарастырылған. 2017 жылы Ұлы Отан соғысына қаты­су­шы азаматтарға берілетін әлеуметтік тө­лем­дердің жиынтық мөлшері 114 655 теңге бол­ған. Дәл осы қаржылық қолдау ҰОС мүгедектеріне – 118 499, ҰОС қатысу­­шыларына теңестірілген азаматтарға – 109 176, тыл еңбеккерлеріне – 71 637 теңге көлемінде берілген.
Германия
Германиядағы соғыс ардагерлерінің зейнетақысы – 1600-9000 доллар. Әр аза­маттың алған жарақаты, әскери шені, ма­ра­паттары мен өзге де жағдайлары еске­ріліп, лайықты өтемақы көлемі есептеледі. Мәселен, кіші офицер 2700 доллар, қаза тап­қан соғысқа қатысушы азаматтың жары 440 доллар алады. Одан бөлек, ардагерлерге жылына екі рет тегін аурухана қызметін пай­далану мүмкіндігі берілген. Соғыста әскери тұтқын болған азаматтар шектеусіз медициналық көмекке жүгіне алады. Мем­лекет соғысқа қатысқан азаматтарға өз­-дері майданда болған жерлерге (шетелдегі орын­дарды қоса алғанда) саяхаттау шы­ғындарының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Германияда өмір сүретін бұрынғы қызыл әскердің құрамында болған азаматтар да 440-550 доллар көлемінде көмек алады.
Ұлыбритания
Ұлыбританияда ардагерлерге әлеу­меттік қолдау көрсету ісімен Қорғаныс министрлігіне қарасты «Ардагерлер мен әскерилердің ісі жөніндегі агенттік» айна­лысады (Veterans UK). Мұнда Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан аза­мат­тарға Ұлыбритания араласқан басқа әс­-кери қақтығыстарда болған ардагерлер­-мен бірдей көмек пен қолдау көрсетіледі. Соғыста зардап шеккен кез келген бри­тандық зейнетақы алуға құқылы. Оның көлемі алған жарақатының ауырлығы мен әскери шеніне байланысты тағайында­лады. Ай сайынғы төлемдер 2200 бен 10000 доллар арасында өзгеріп тұрады. Қажет болған жағдайда мемлекет ардагерге күтуші жалдап береді.
АҚШ
АҚШ-та ардагерлердің мәселесін 1930 жылы құрылған арнайы департамент ше­шеді (1989 жылы министрлік болып өзгер­тілді). Мұнда 280 мың адам жұмыс істейді. Америкада дәл осындай ең көп қызмет­кері бар екінші орын – Пентагон. Министр­лік­тің қарамағына соғысқа қатысқан азамат­тардың қажетіне салынған 152 аурухана, 800 емхана, 126 үйде қызмет көрсету меке­месі кіреді. Соғыс ардагерлеріне барлық медициналық көмек тегін көрсетіледі. Мем­­лекет ұсынатын әлеуметтік төлем­­-дерді зейнетақыға үстеме ақша, жерлеу рәсімінің шығындары, мүгедектік жағ­дайына байланысты өтемақы мен сақтан­дыру құрайды. Мәселен, соғыс ардагері қалыпты 1500 доллар зейнетақысына қо­сымша 1200 доллар үстеме ақша алады. 2016 жылғы дерек бойынша, АҚШ-та Екінші Дүниежүзілік соғыстың 697,8 мың ардагері бар. Жыл сайын мемлекеттік бюд­жеттен Екінші Дүниежүзілік соғыс арда­герлері, Корея, Вьетнам, Кувейт, Ирак пен Ауғанстандағы соғыстарға қатысқан аза­маттар мен олардың отбасыларына бе­рі­летін әлеуметтік төлемдерге 7 млрд дол­лар қаржы бөлінеді.
Франция
Францияда ардагерлердің мәселесімен Бұрынғы әскери қызметкерлер мен соғыс құрбандары ісі жөніндегі министрлік айна­лысады. Орташа зейнетақы мөлшері – 1400 доллар. Одан бөлек, жыл сайын Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлері 770 дол­-лар көлемінде жәрдемақы алады. Фран­цияның әйгілі туристік нысандарының біріне айнал­ған «Мүгедектер үйінде» әс­керилерге арналған аурухана қызмет етеді.
Израиль
Израильде соғыс ардагерлері ай сайын 1500 доллар көлемінде зейнетақы алады. 2007 жылдан бастап, концлагерьлер мен геттоларда болған адамдар да Екінші Дүние­­жүзілік соғыс ардагерлеріне теңес­тірілді. Одан бөлек, нацистік идеялардың құрбаны болған азаматтарға жылына бір рет 300 доллар шамасындағы сыйақы бе­ріледі. Оларға көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдар да көп. Ардагерлерге айына елдегі орташа жалақы мөлшерінің
35 пайызына тең (875 доллар) жәрдемақы, тұрғын үйді жалға алуға 10 пайыз үстеме бе­ріліп, дәрі-дәр­мек шығындарының
75 пайызын мемлекет өтейді және комму­нал­ды қызметтерді тө­леуге жеңілдіктер бері­леді. Сондай-ақ барлық әскери қақты­ғыс­тарға қатысқан азаматтар салықтан босатылады.
 Динара ТІЛЕУБЕК

10 мамыр 2018 ж. 756 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031