Таяқты сабырға айырбастаңыз
Шынымен де әрбір адам өзін дұрыстау арқылы, сонымен қатар өзіне қарасты жандарға тура жол көрсетуімен қоғамға көп пайдасы болатынын сіз білесіз бе?
Интернет желісінен көзім шалып қалған, мектеп мұғалімінің мына бір айтқан әңгімесіне құлақ түріңізші. «Менің үш балам бар. Үшеуіне де бірдей қып банан алып беруге шамам да жетеді. Алайда, мен қанша банан алсам да үшеуіне біреуін беремін де, бөліп жеңдер деймін. Бастапқы кезде таласып жүрді, келіспей қалатын. Кейіннен бұл нәрсе әдетке айналып кеткені соншалық, кез келген затты бөлісетін болды. Кейде ойыншыққа таласып, біреу жылап келеді. Сол кезде таласқан екеуін отырғызып қойып: – Мынау ойыншық, яғни, бұл – дүние. Ал, мынау бауырың! Тірі адам. Ертең ойыншығың ескіреді, бұзылады немесе сынады. Саған бір кездері көмек қажет болады. Сонда ойыншығың көмектесе алмайды, бауырың ғана көмектеседі, – деп жайлап түсіндіремін де сосын сұраймын: «Сен үшін қайсысы жақын? Қайсысы бағалы? Бауырың ба, әлде ойыншық па? –дедім. «Бауырым», – деп жымың-жымың етіп қояды бір-біріне қарап. Сөйтіп олардың бойына титтей кезінен бауыр деген кез келген дүниеден жақын екендігін қарапайым түрде ұғындырудамын. Бастысы, мұнда сабырлық қажет».
Жалпы, бала дегеннен шығады, шектен шыққан жас баланы түсіндіріп ұғындырудан көрі май құйрықтан салып немесе желкеден түйіп жіберу бізге оңайырақ екені жасырын емес. Сәл бұзықтық жасаса, сағын сындыруға бармыз. «Жұрттың баласын» мысал етіп, жігерін жасытамыз, жасқаншақ етеміз. Баланы ұрып, жазалау – қазақ қоғамына тән «тәрбие амалы». Рас қой. Негізінде, баланы ұру әдеті ата-аналардың өздігінен жауап қайтара алмауынан, жүйке шыдамсыздығы мен сабырсыздығынан. Тәрбиенің ең оңай жолын тауып алғанбыз. Шын мәнісіне келсек, мысалы, қымбат ыдысты сындырып алса, оны сатып алу үшін көп еңбектеніп, ақша табу керек екенін бала қайдан түсінсін. Бұдан кейін жетпейтін қу дүние үшін таяққа жүгініп, сыбағасын беретініңіз де өтірік емес. Бірақ оған ыдыс сындырмауды емес, өзінен күшті адамнан қорқуды үйретіп жатқаныңызды өзіңіз де білмей қаласыз. Жасқаншақтық, болбырлық, ой тиянақсыздығы, бала бойында пікір білдіре алмаушылық, т.б. өсе келе өз ұрпағыңыздан мұның бірін де көре алмайсыз. Айтпақшы, таяқ жеп өскен бала біреуге әлімжеттік жасағысы да келіп тұрады. Осындай керағар жағы да жоқ емес.
Егер баланың қандай да бір іс-қимылы сізге жағымсыз болса, ыңғайсыздық тудырып жатса, оған шектеу қойған жақсы. Бірақ, әрине бірден түріңізді өзгертіп «болмайды» деп айғай салу немесе түрлі құбыжықтың атын атап, жағымсыз кейіпкерді суреттеп, «терезеден лақтырып жіберем» дейтінге баратын кей ата-аналар үшін бұл дұрыс емес. Одан да баланың назарын басқа бір қызықты іске айналдырып жіберуге болады. Мұнда біз бен сізге сабыр қажет. Сонымен қатар, бала тілімен, оған түсінікті түрде бұлай жасау өзіңізге ыңғайсыздық тудыратынын түсіндіріп айтсаңыз да жетіп жатыр.
«Бауыр етің» бұзықтық жасаса, басқару тетігі өз қолыңызда. Мейірімі аз заманда менмендікті қоя тұрып, бала тәрбиесіндегі өз мектебіңізді қалыптастырыңыз. Жоғарыда ұстаз айтқан өмір мысалының өзі қарапайым әрі ой саларлық емес пе!?
Ержан Бекмырзаұлы