» » "АҚМЕШІТ ЖАСТАРЫ" АЙДЫНДЫ АРАЛДА

"АҚМЕШІТ ЖАСТАРЫ" АЙДЫНДЫ АРАЛДА

  Түлеген теңіздің төскейінде тіршілік қарбалас. Оны біз пойыздан түскен бойда аңғардық. Бұған дейінде ата кәсіптің жанданып жатқанын газетімізде тұрақты беріп отырдық. Бірақ қай нәрсені де көзбен көргендей болмайды. Біз сол мақсатпен Аралға келдік.
Кітапханадағы кездесу
Абай атындағы кітапханада "Ақпарат кеңістігіндегі – «Ақмешіт жастары» тақырыбында аудан жастарымен еркін форматта кездесу өтті. Бес жылдық басылымның оқырманы Аралдада көп екенін кездесу барысында аңғардық. №13 мектептің география пәнінің мұғалімі Алтынбек Қыстаубаев газеттің мазмұнына оқырман ретінде өз бағасын берді.
– Қызылорда жастарының айнасы атанған басылымға берер бағамыз жоғары. Ондағы шыққан әр мақаланың мазмұны ерекше. Шығармашылық жастарға арналған "Шабыт" бетін жиі шығарсақ деген ұсынысым бар. Бұл бет арқылы аудан жастарының шығармашылық қызығушылығын оятарымыз анық.
Кездесуге қатысқан оқушылар арасында журналистика мамандығына түсуді арман еткен түлектерді де кездестірдік. Әріптестерім жас түлектерге өз кеңестерін ұсынып, "Ақмешіт жастары" газетімен байланысуға шақырды.
АУДАН ЖАСТАРЫ КӘСІПКЕ ИКЕМДІ
Бүгінгі таңда Арал ауданы бойынша  18-29 жас аралығында 700-ге жуық кәсіпкер тіркелген. Кәсіпкер жастардың белсенділігін арттыру
мақсатында ауданда жастар ресурстық орталығы жанынан «Жас кәсіпкерлер» клубы ашылған. Клубта түрлі кәсіби тренингтер, мотивациялық шаралар жиі ұйымдастырып тұрады.
Мемлекет берген мүмкіндік
Шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор. Осы бағдарламалар арқасында бүгінде өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткендердің саны артуда. Қазір қолына ине-жіп ұстап, іс тігетін жанға кәсіп те баршылық. Нұрбибі Зекенова жастайынан тігінмен айналысып, әжесі Мәрзия Тұрсынбайқызынан тігін тігуді меңгерген. Оқуды тәмамдағасын тігіншілік өнерін жеке кәсіпке айналдырып, бизнес ашуды ойластырады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы 3 млн.теңге несие алады. Осылайша тігін цехын ашып жұмысын бастайды.
– Өзімнің қолымнан келген іспен, халыққа қызмет көрсетіп жатырмын. Оның көп пайдасы бар екен. Әзірге цехта үш адам жұмыс істейді. Біреуі тігін тігеді, екіншісі өтектеп, берілген тапсырысты реттеп отырады. Осылайша өз кәсібімізді жасап жатырмыз, - дейді Нұрбибі Зекенова.
Ісмер қыз әзірге тігін цехын өз ауласынан ашып, жұмыс жасауда. Алған несиеге тігін машинасын, маталар, ине-жіп секілді қажетті құрал-жабдықтар алған. Тігін шеберханасында ісмерлер жастық, жастық қап, көрпе, көрпе қап сияқты тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс қабылдайды. Жаңадан ашылған тігін цехы үшін бұл үлкен жетістік.
Арал жастары кәсіпке бейім келетінін осы сапарымызда айқын аңғардық. Мысалы, "Әлішер" бизнес орталығының құрылғанына үш жыл уақыт болған. Мемлекеттің көмегінсіз кәсібін бастаған  Төребек Дәрмағанбетовтың айтары көп. Айтуынша, мемлекетке қол жаюдан арылып, еңбек ету керек. Орталық басшысымен орайлы әңгіме айтудың сәті түсті.
– Қазір жастардың көбі мамандық емес, грантты тандайды. Төрт жыл оқығанмен не керек, дипломы  пайдаға аспай жатады. Менде де солай. Адам өзіне ұнайтын, шабыт беретін, қуантатын жұмыспен айналысу керек. 2011 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа жұмыс бастадым. Қазір Аралда бизнес орталығым бар. Жалға бөлмелер береміз, "ПОРТ" компьютер және PS4 клубы бар. Сондай-ақ, “Zhasmine” сұлулық салонын аштым. Отбасылық "НАБАТ-2000" жол жөндеу жұмыстарымен айналысатын мекемемеміз де бар.
ТОПЫРАҒЫНА ТАРТҚАН ТҰЛҒА
Түбегейлi өзгерiстерге бет бұрған жаңа қоғамда тек бiлiмдi болу жеткiлiксiз. Әрбiр жеке тұлғаның бойында рухани-адамгершiлiк қасиеттер, жалпы адамзаттық құндылықтар болу керек. Мұндай құндылықты аралдық Төребек Дәрмағанбетовтың бойынан байқадық. Теңіз жастарының басын біріктіріп,  шығармашылығын шыңдауда өз үлесін қосқан Төребектің айтары көп.
– Аралда жастарға арналған әр түрлі шара өткіземіз. Бірақ «Мұны ұйымдастырған кім» дегенде үнсіз қаламыз. Өйткені, нақты ұйымның аты жоқ. 2016 жылы «Арал-АС» шығармашылық тобын құру ойыма келді. Бірақ бұл атау жастар арасында танымал болғанмен, тіркелмеген. Алдымен, мерекелік, жастарға арналған шараларды ұйымдастырып, жарнамалағым келді. Бірінші ұйымдастырушы топ құрылды. Әрине, олардың 90 пайызы жайдарманшылар, қалғаны әнші, бишілер. Одан кейін мынадай бірнеше жобадан тұратын бағдарламасын дайындадық. «Жайдарман», «Krump balleto» заманауи би сайысы, «Арал-АСып тұрайық» концерттік кеш. Кештің ерекшелігі әндер жанды дауыста және инструментпен орындалады. Лэд экран арқылы көрерменмен ойындар ойнап, тек оларды тыңдаушы ретінде қалдырмай, жақсы қарым-қатынас орнату үшін жаңа дүниелер ойлап табамыз.
Заман ағымына сай аудан жастары  арасында «Krump balleto» заманауи би жарысы кеңінен тараған. Бұл сайыстың өзіндік ерекшелігі де жоқ емес. Жыл өткен сайын бұл сайысқа жастардың қызығушылығы оянып, қатысушылар саны да күрт көбейген. Аталмыш сайыс жайлы ұйымдастырушы Төребектің өзінен тыңдағанды жөн көрдік.
– Бұл жобаға ешқандай қаржы бөлінбейді. Түскен қаражатты бұрын сайыстарға барар алдында қарызданып қалған жерлерге қайтарамыз. Ал қалғаны жас жайдарманшы және бишілерді сайысқа апаруға (жол ақысы, пәтер, азық-түлік) және залды жалға алуға, билет, афиша жасатуға, кубок, сыйлықтарға, келген қонақтардың жол ақысына кетеді. Бастысы, жақсы нәтиже бар. Заманауи би сайысын ұйымдастыру кезінде біраз адамдар қарсы болған. Неге ұлттық би емес, ол не тәрбие, біздің ауылда ондай бишілер жоқ деген секілді қарсы ойлар айтылды. Менін ойымша, бірінші жастарды бір ортаға біріктіріп, жинау керек. Ал басын қосу үшін заманға сәйкес, солардың тілімен сөйлесу керек. Әркімнің қызығушылығы әр түрлі. Бір досым жастар әлеуметтік желіге кіріп, бұзықтармен араласқанша, осындай бимен айналыссын деген. Аралда ондай бишілер жоқ деп даурығып жүргенде  17 команда жиналды. Осы жылы топтың саны 23-ке жетті.
Жазайын деп жазбайсың
Аралдағы іс-сапарымыз аяқталып, Қазалыға бет алуға автобекетке келдік. Автобусқа тапсырыспен алдын-ала билет алып, мінуге асықпыз. Бекетте жалғыз "ПАЗИК" жүргелі тұр. Қазалыға қатынайтын қоғамдық көлік біз ойлағаннан да тым нашар екен. Күн райы да сол күні шіліңгір шілденің аптап ыстығындай. Автобус іші лық толы. Бізге тиесілі орындарға қарт кісілер аялдаған. Шыны керек, "біздің орын" деп айтуға да батылың бармайды. Билетімізді сол мезетте өткізіп, түсуге мәжбүр болдық. Екі аралыққа қатынайтын жолаушылардың көптігінен көлік ішінде тұрудың өзі мұң. Бұдан байқағанымыз, екі аудан арасына қатынайтын автобус жеткіліксіз.
Ерасыл ШӘРІБЕК
14 мамыр 2018 ж. 1 075 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031