» » ЖАУАПСЫЗ СЕЗІМ

ЖАУАПСЫЗ СЕЗІМ

Біздің мөлдір әлем
   Үйде үлкен тойға дайындық жүріп жатқан кез еді. Анам мен жеңгеме үй шаруасын тапсырдым да, өзім көлігі бар жігіт іздедім. Той болған соң, азық-түлікті молынан алу керек қой. Ал, олардың бәрін қолыма ұстап болмаса таксиге салып тастап кете алмаймын.  Тысқа шыға бергенімде ұзақ кідіріп, ойыма бір жігіт түсті. Ол – Мәди. Өзі менен бір-екі жас кіші. Кезінде жақын бауырдай араласып тұрғанбыз. Жүрген жерін қуанышқа бөлеп, күлкіге қарқ қылушы еді. Өзі де қашан көрсең екі езуі құлағына жетіп, мәз болып жүретін. Ешқашан көңіл-күйі жоқ немесе ауырып тұрғанын көрсетпейтін қайсар жігіт. Дереу қалта телефонымды ала салып, қоңырау соқтым. Сол баяғы жарқын дауыс еріксіз езу тартқызды. Біздің үйдің кенжесі ұзатылғалы жатқанын айтып, көмек сұрадым. Ол бірден келісті де, сәл күте тұруымды өтінді. Мен сол аралықта бос тұрмай үйдің тіршілігіне кірісе кеттім. Қарбаласып жүргенімде ауладан машинаның дыбысы естілді. Терезеден басымды шығарып, елеңдей қарасам Мәди екен. Қол сөмкемді ала салып, көп күттірмей жолға шықтық.
Базарды шарлап, екі қолым затқа толды. «Көлігіңде күтіп отыра бер, өзім аралай беремін» дегеніме қарамастан жанымнан бір елі қалмай келеді. «Әкеліңіз мен ұстайын...» деп асты-үстіме түсіп әлек. Осылай жүріп-ақ кеш те таяды. Бірдеңені ұмытқан тәрізді қолымдағы тізімге көз жүгірттім. Мәди де үйіне қайтуға асықты. Түстен бері менің қасымда шаршағанын білдірмей жүрген дос ініме қалайша кете бер демекпін. «Шай қойып, шаршағанымызды басамыз» деп әрең алып қалдым. Кешке дейін қасымда жүрсе де сөйлесуге уақыт болмап еді. Енді екі аяқты созып қойып, әңгімемізді бастадық. Ол жиын тойларда асаба болушы еді. Осы қылығымен-ақ қыздардың жүрегін жаулап алушы еді. Тіпті, Мәди болмаған той қызықсыз өтетін. Шынымды айтсам, бұл жігіттің осындай ақкөңілдігі мен кеңпейілділігіне қызығамын.
Арада бір аптадай уақыт өтті. Той күні белгіленіп, қызу дайындық жүріп жатыр. Сіңілім Айназым болашақ жарымен той көйлегін таңдауға кеткен. Үйге ауылдағы жеңгелер, туысқандар құтты болсын айтып, келіп те үлгерді. Мен зыр жүгіріп, дастарқан дайындаумен болдым. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген осы екен. Күндіз той қамымен, қонақ күтумен шапқыласам, түнде алтын бауырыма ақылымды айтамын. Екеуміз сырласып таң ата ұйқымызды қимай әрең оянамыз. 
Бүгін, міне, қаншама жүректі елжіреткен қыз ұзату күні. Айназымнан бастап барлығымыз толқып жүрміз. Ол өзінің үйінен жырақтап бара жатқанына, біз ерке қызымызды өзге отбасыға ұзататынымызға қуаныш жасын сығып алдық. «Қонақ алдымен қабағыңа, сосын табағыңа қарайды» дегендей құдаларды күтіп алдық. Әндетіп, шашу шашып, биге шақырып танысып, білістік. Сіңілімнің аяқ басқалы отырған шаңырақ иелері өте керемет жандар екен. Ұзатуға келген күннен бастап, Айназымды қызым деп атады. Алып-ұшқан жүрегіміз сәл болса да орнықты. Құдаларды дастарқанға жайғастырып, ас ұсынып жатқанда аулада 4-5 жігітке көзім түсті. Мәди де жүр екен. Біздің қуанышымызды бөлісіп, қазан-ошақтың басында бізге қызмет жасап жүр. Самаурынға су құйып жатқан ол «Құтты болсын!» деді. Рақметімді айтып, жанындағы жігіттерді танымаған соң сұрап едім, жолдастары екен. Өзі ғана көмекке даяр тұратын жігіт па десем, жанындағы достары да қол ұшын соза келіпті. «Сіз үйге кіре беріңіз, қонақтарға керек болып қаларсыз»,- деп мені шығарып салды.Олардың бір-біріне деген бауырмалдығы мен қамқорлығы, достыққа берікігі алыстан байқалып тұрды.
Ертесіне үлкен мейрамханада дүркіретіп той жасалды. Барлығымыз өз орнымызға жайғасып, қос ғашықты тағатсыздана күтудеміз. Асабаның ортаға шығып, жастарды шақыруын құлақ тыңдауға асық. Ақ көйлектегі аппақ ханшайымға көзіміз тояр емес. Айназым еркелігін қойып, қасындағы серісіне сүйсіне қарайды. Бір қызығы, өзіміздің Мәди асаба болды. Ол басқалардан асып түспесе, кем жүргізбейді. Тойға келген қонақтар екі жасқа жылы лебіз білдіріп, үлкендер бата берді. Мәди ортаға шығып, өлеңін оқыды. Алғашқы шумағында бала Айназым болса, соңында бойжеткен қызға айналғаны туралы жазыпты. Өлеңді тыңдап, әр шумағымен ілесе өткен күнге көз жүгірттік.
Айназымды құтты орнына қондырып, неше күн бойы шауып жүрген біз сәл демаламыз деп шештік. Таңертең 1-2 сағат дамылдап барып тұрдық. Түскі аста есіме Мәди түсіп, сөз бастадым. «Біздің тойда өзі ғана емес жолдастары да жүгіріп жүргенін бәріміз білеміз. Оларды бір шақырып шай берсек қалай болады?» дедім. Үйдің үлкендері құп көріп, «Бүгін кешке келсін» деді. Мәдиге хабарласып едім, телефонын бұрынғыша бірден көтере қоймады. Содан кейін «тыңдап тұрмын» деді салқын дауыспен. «Кешке біздің үйге жолдастарыңмен қонақ бол» дегенімде:
– Кешіріңіз, бара алмаймыз, – деді.
– Болмаса өзің келсеңші, мен сені тыңдауға әзірмін.
  • Мұны айта алмаймын, – деді.
Әрқашан ақжарқын жігіт бір күнде-ақ өзгерді. Не үшін? Не болғанын түсіне алмадым.
Таңертең жұмысқа асығып жүріп, есікке қыстырылған қағазды көрдім. Ашып оқыдым:
«Осы уақытқа дейін ініңіздей көмегімді аямадым. Ата-анаңызға да үйреністім. Соңғы рет мені дүкен аралауға шақырғанда қуана келісіп едім. Ал үйіңізге келіп, сол үйдің баласы секілді қызмет жасаған күні сізге жасаған көмегімнің соңғысы деп білдім. Күйеу балаңыздың ата-анасы мені сұрастырып, тауып алған соң, келісіп тойды жүргізіп бердім. Есіңізде болса, өлең оқып тұрып, көзім жасқа толып, дауысым дірілдей бастаған еді. Оның бәрі мен білдіре алмаған сезімнің күші. Ертесіне сіз тамаққа шақырғанда еріксіз бас тарттым. Сіздерден алыс болғаным дұрысырақ. Мен бұрыннан Айназымға ғашықпын. Інім деп атағандықтан ештеңені ашып айтпай, мәңгіге қоштастым. Тойында асаба болып, ақ көйлекпен басқаның қолына бақыт болып қонғанын көрудің өзі де маған жетеді» деп хатын аяқтаған екен.
Қалайша мен оның көзқарасынан, сөзінен байқамадым? Менің сіңілімді ұнатып жүр екен ғой. Енді қолдан келер амал жоқ. Тек қана сыңарын табуына тілектеспін.
Азиза ҚҰНАНҚАРАЕВА
16 мамыр 2018 ж. 1 118 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031