ДОП ДОДАСЫ ҚЫЗЫП КЕЛЕДІ
Қазақстан премьер-лигасының Х тур ойындары артта қалды. Чемпиондықтан дәмесі зор «Қайрат» сырт алаңда жеңіліп, «Астанаға» тағы бір мүмкіндік беріп қойды. Ал «Ақтөбе» – «Ақжайық» ойынында гол жауған күн болды. Кездесуде екі команда 8 гол соққан.
«Қызылжар» мен «Қайсардың» арасындағы матч тартысты ойынға толы болды. Өз алаңында тегеурінді командаға айнала қалатын «Қызылжар» «Қайсар» қақпасына ә дегеннен лап қойды. Алайда соңғы 2 ойынды 3:0 есебімен ұтқан қызылордалықтар қорғанысқа бекем болды. Қос команда бірін-бірі ала алмай тең тарқасты. Айта кетейік, ойын соңында «Қайсар» қорғаушысы Джон Камара қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. Енді ол келесі ойынға қатыса алмайды.
«Астананы» ұтып бір желпінген Қарағандының «Шахтері» қара жолаққа түсіп қалғандай. Соңғы 2 ойында да жеңілді. Алғашқысын түсінуге болар, ал соңғы ойында өз алаңында «Ертістен» жеңілгені жанкүйерлердің көңілін қалдырғандай. «Кеншілер» келесі ойында 3 ұпай алмаса, бас бапкер Владимир Журавельдің де қызметтен кетуі ғажап емес. Алайда «Шахтер» келесі ойынды Алматыда «Қайратқа» қарсы өткізеді. «Ертістің» әзірге жолы болып тұр. Төреші қосқан 3 минуттың соңғысында қарағандылық Пикалкин өз қақпасына гол соғып алды.
Соңғы минут синдромын бұл турда «Қайрат» та бастан өткерді. Матч бойы допқа көбірек ие болып, қарсыластың адымын аштырмаған алматылықтар 88-минутта гол жіберіп алды. «Қайрат» қарсыласты қыспаққа алып, жеңісті голды аңсап жүрген шақта қарымта шабуылға шыққан қостанайлықтар үш паспен алматылықтардың айып алаңына жетіп үлгерді. Тәжірибелі Таңат Нөсербаев әдемі пастан соң бос қақпаға допты тоғыта салды.
Ел чемпионы «Астана» сырт алаңда «Атырауды» ұтты. Бірінші таймда гол мүлде соғылмаса, екінші таймның бел ортасында елордалықтар 2 доп соқты. Патрик Твумаси пенальтиден есеп ашып, араға 3 минут салып Марин Томасов оны еселей түсті.
Алғашқы 4 ойында 4 қана гол соғылып, турдың қызығы болмады деп отырғанымызда «Ақтөбе» ойыншылары нағыз шоу жасады. Кездесудің 27-минутында Бағдат Қайыров есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Одан кейін Маркос Пизелли екінші голды салып, «Ақжайықты» есеңгіретіп тастады. Ол аз болғандай, бірінші таймның соңғы минутында Рейналдо үшінші голды соғып, «Ақжайықты» жерге қаратты. Екінші таймдағы Рейналдо мен Пизалли тағы бір-бірден көзге түсіп еді «Ақжайықтың» салы суға кетті. Қонақтар тек 73-минуттан бастап естерін жиды. Оралдықтар 80-минутқа дейін үш гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. «Ақтөбенің» жеңісінен кейін турнирлік кестедегі соңғы орынға «Атырау» түсіп қалды.