Қаперде жүрсін
АҚЫЛЫ ЖОЛДАР
Бүгінде елімізде ақылы жолдар саны артып келеді. Ең алғаш «Астана- Щучинск» тас жолы пайдалануға берілді. Бұл жол алғашқы жылы миллиард теңге көлемінде пайда тапса, биыл 1,2-1,3 млрд. теңге көлемінде кіріс әкеледі деп күтілуде. Әдетте жол құрылысына көп қаржы кететінін ескерсек, аталған қаражат осы жолды күтіп ұстауға жұмсалады. Осы мақсатта бюджеттен қаржы шығынын жасамаудың бір тәсілі – жолды ақылы ету. Дамыған елдерде бұл бұрыннан бар тәжірибе.
Еліміздегі жаңадан салынған жолдардың 30 пайызы ақылы жүйеге енді. Бұл жолдар қозғалысы тығыз және өзін-өзі ақтай алатын «Астана–Теміртау», «Астана–Павлодар», «Алматы–Қапшагай» автожолдары енген. Көлік және коммуникация министрлігі жоспар бойынша 2022 жылға қарай республикалық маңызға ие барлығы 7 мың шақырым жолды ақылы жүйеге енгізеді. Ақылы жүйеге көшпес бұрын бұл жолдар жаңадан салынады немесе қайтадан қалпына келтіріледі. Мәселен, маңызы бар «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің қазақстандық телімінің ұзындығы – 2 787 шақырым. Оның 812 шақырымы Қызылорда облысының үстінен өтеді. Осы аталған жолдар алдағы уақытта ақылы жүйеге көшеді. Жол ақылы болу үшін не қажет? Аталған жобаны жүзеге асыру жұмысына бес мердігер компания тартылған. Оның ішінде шетелдік компаниялар мен өңірдің де жетекші жол салушы компаниялары бар. Жол қабаты негізінен неміс технологиясымен жасалса, оған қажетті құрылыс материалдары жергілікті жерден алынған. Ал сапасы сыр берсе, бас мердігер үш жылға дейін өз қаражаты есебінен жөндеу жұмысын жүргізеді. Ал енді жолдың ақылы болуының сыры неде? Қызылорда мен Шымкент қалалары аралығында жол құрылысы басталмай тұрып күніне 800 көлік қатынаса, қазір бұл көрсеткіш 15 мыңға жеткен. Соның ішінде бұл жолмен күніне алты жүзден астам ауыр жүк көлігі өтеді. Еуропадан, Қытайдан, Түркиядан, Ираннан, Қырғыз елінен тауар тасымалдаған транспорттардың әрқайсысы енді ақылы жолға төлем жасайтын болады. Тағы бір тиімді тұсы, жол бойында орналасқан сервистік нысандар да пайдалы болмақ. Бүгінде облыс бойынша күре жолдың бойында 38 сервистік нысан салу көзделген.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА