МҰХАМЕДЖАН – ҚАРАМОЛДА АТЫЛДЫ МА?
Қазақтың тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады деген мақалы бекер айтылмаған. Оны қазақтың Қалтайы атанған Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджанов бабаларының өмір жолы арқылы дәлелдеуге болады.
Қалтайдың төртінші атасы – қыз бен жігіт айтысының жұмбақ аралас көне түрінің негізін қалаған Күдеріқожа Көшекұлы (1820-1858 жж.). Оның Үлбике Жанкелдіқызымен жұмбақ аралас айтысы халықтың дүниетанымын бейнелеген туындысы ретінде, академик В.Радловтың әйгілі кітабы бойынша неміс тіліне Гамбургте аударылған. Қалтайдың әкесі Мұхамеджан Нүрекеұлы (Күдеріден Нарбота, одан Нүреке) жастайынан өте алғыр, зерек, құйма құлақ болып өскен. Нүреке алдымен әкесінен сауат ашып, сегіз жасында Сыр бойында Тапал ахун деген атпен белгілі Нұрмұхаммедтің жолдамасымен, Бұхараның әйгілі Мир-Араб Көкілташ медресесіне түсіп, оны тәмамдап, сопылық дәрежесімен Сыр бойына оралады. Мұхамеджанның Қарамолда атануы үлкен ұлы Әбибулланың пікірінше Құранды, пайғамбарымыздың хадистерін жатқа айтатын, Құран аяттарының кітаптың қай бетінде, нешінші қатарында екенін де есіне сақтайтын Қари молда дегеннен болу керек. Ал, С.Шаухамановтың ойынша «қара» сөзінің ескі түрікше беретін «ұлы» деген мағынасына байланысты. Біздің ойымызша, бұл екі пікірдің екеуі де жансақ емес. Керісінше Мұхамеджан атамыздың бейнесін әрлеп, өрнектеп ұлықтай түсетіндей. Мир-Араб Көкілташ медресесін бітіргеннен кейін, Мұхамеджан-Қарамолда Кіші жүз, Жетіру, Барлыбай Табындардың балаларын оқытып, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеп, үлкен құрметке ие болады.
Мұхамеджан – араб, парсы, шағатай, өзбек, түркімен, қырғыз, орыс тілдерін меңгерген діндар ғұлама ғалым. Сондықтан Нұрмұхаммед (Тапал ахун) үздік шәкірті ретінде Мұхамеджанға үлкен сенім артып, оны келешек ұрпақты Ислам қағидалары негізінде тәрбиелеуге бағыттаған. Демек, Мұхамеджан да, оның ұстазы Тапал ахун да Кеңестік идеологияның түптеп келгенде, құрдымға кетіп, исламның әлемдік ілімге айналатынын сезген ауқымы кең ғұламалар. Дінге тікелей қарсы бағытталған бұл идеологияның тегеуріні қатты болғанмен, Мұхамеджан өзінің ұстаздық қызметін тоқтатпаған. Ол 1926-1929 жылдары Жаңақорғандағы Айқожа Ишанға салдырған «Ақтас» мешітінің бас имамы болады. Белгілі мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтің әкесі Мұхамедия, ақындар А.Тоқмағанбетов, Қ.Баймағанбетов, Т.Дәуітбаев, жырау Р.Мәзходжаев сияқты тарихи тұлғалар «Ақтас» мешітінде Қарамолдадан дәріс алған.
Енді Мұхамеджан Нүрекеұлының жазықсыз репрессияға қалай ұшырағаны, оның РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10, 58-11 баптарымен атылу жазасына кесілгені жайлы, бұл үкімнен кейінгі Қарамолда әкеміздің өміріне байланысты кейбір пайымдаулар мен болжамдардың болғанына оқушы назарын аударайын. «Өте құпия» деген грифпен репрессияға ұшырағандардың тергеу амалдары мен жауап құжаттары бұрынғы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) архивінен облыстық ішкі істер департаментіне беріліп, ол құжаттармен танысуға мүмкіндік туған еді.
Нәтижесінде, Мұхамеджан Нүрекеевтің №616 ісімен таныстым. Бұнда 1937 жылдың 25 тамызынан 22 қазанға дейінгі тергеу сұрақтары мен қолдан ұйымдастырылған жазаланушылардың жауаптары тігілген.
Сәл шегініс. Менің әкем Құдайберген Мұхамеджан атамыздан бірнеше жас кіші. Кеңес үкіметі орнап, кедейлердің мүддесін қорғайтын, оларға теңдік пен бақыт әкелетін қоғам ретінде насихатталып, соған сай коммунистік идеология қалыптастырылғаны тарихи шындық. Әкем діни сауатына қосымша қазіргі оқу-жазуды үйреніп, кезінде әртүрлі қызметтер атқарған. Ал, Қарамолда атамыз, шыңдығында, Кеңес өкіметіне, оның саясатына түбегейлі қарсы болған. Әкем: «Түнделетіп Мұхамеджан ағама бағытыңызды қойыңыз деп үшінші рет барғанымда, осы өкіметің түбі құрдымға кетпесе, мұрнымды кесіп беремін, бұл мәселе бойынша екінші келме», – деп ұрсып қайтарғанд-ы деп айтып отыратын. Осы уақытта Мұхамеджан ақынның «Заман-ай» деген саяси тақырыптағы өлеңі шығады.
Әкем оның мазмұнын түгел түсініп, жатқа білгенмен, бізге айтпай кетті. Себебі, ол кезде Мұхамеджан атамыз әлі ақталмаған болатын. Осы бір ұзақ толғаудың мәтінінен бізге жеткені төмендегі жолдар ғана.
Қыран бүркіт тау бөктерін бауырлап,
Тура ұшарға қанат-құйрық ауырлап.
Тегі жабы, тоқпақ жалды торы айғыр,
Арғымақты бара жатыр сауырлап.
Көргенсіздер көлбеңдеген заман-ай!
Көп үйірде бар еді бір қысырақ,
Кетті оған жаман сәурік ұшырап.
Көргенсіздер көлбеңдеген заман-ай! Осы бір шағын үзіндіден: «Тегі жабы тоқпақ жалды», «Жаман сәурік», «Көргенсіздер көлбеңдеген» сияқты сөз тіркестерінен Мұхамеджан ақынның Кеңестік билікке деген бүкпесіз айтылған саяси қарсылығын байқауға болады. Мұхамеджан атамыздың тұтқындалуына себеп болған да осы өлең.
Қарсақпайда тұратын Найманның Матай руынан шыққан Нұржан қажы ғұлама, емші, болыс болған кісі. Мұхамеджан атамыздан он жас үлкендігіне қарамастан, пір тұтқан. Саяси көзқарастары да бір болған. 1937 жылы Нұржан қажы мен оның ұлы Ғайнаддин қамауға алынады. Тергеу мен тінту барысында түгел жыртып үлгірмеген Мұхамеджанның «Заман-ай» атты толғауынан жоғарыда аталған үзінді Ғайнаддиннің қалтасынан шығады. Әртүрлі әдістер мен қыспаққа алып, тергеу барысында бұл өлеңнің авторы Сыр бойындағы Мұхамеджан Нүрекеев екенін анықтайды. 1937 жылы 23 сәуірде Қарағанды облысы НКВД-ның Қарсақпай ауданының қызметкерлері Тереңөзек ауданының Қызыл жалау ұжымшарының Әсір қыстауында отырған Мұхамеджанды тұтқындайды. Сол кезде толтырылған анкетада көрсетілгендей, әлеуметтік жағдайы: шаруа, молда болған, мешіт ұстаған, 10 ірі қара малы болған. Отбасы: Әйелі Шарипа 38 жаста. Заруха 48 жаста (оны да әйелі деп көрсеткен шындығында ол қайтыс болған Мақсұт ағасының жесірі) ұлдары: Әбибулла 11 жаста, Қалтай 10 жаста, қызы Рысбике 7 жаста, ұлы Ибрагим 4 жаста, қызы Рыскүл 1 жаста екен. Сөйтіп, Шарипа мен Заруха аналарымыз-қос жесір шеттей бала-шағаларымен аңырап қала береді.
1937 жылдың тамыз айының 18-де, яғни, төрт айдан кейін Мұхамеджан атамызды Биттеғұлов Нұржан қажымен Қарсақпайдан НКВД-ның Қызылорда бөлімшесіне айдайды. Ал, Нұржан қажының баласы Ғайнаддиннің тағдыры белгісіз. Біздінше екі ДОС – Мұхамеджан мен Нұржан барлық кінәні өз мойынына алып, оны құтқарған сыңайлы.
НКВД-нің Қарсақпай бөлімшесінің мемлекеттік қауіпсіздік саласының сержанты Мусин 1937 жылғы 5 мамырда тергеуінде «Кеңес өкіметін құлату жөніндегі контрреволюциялық жазбаша ойымды Биттеғұлов Нұржанға жібердім» дегізіп, Мұхамеджан атамызды «мойындатады». Бұндағы «жазбаша ойым» деп отырғаны – жоғарыда келтірген «Заман-ай» толғауынан тергеушіге жеткен үзінді. Сөйтіп, Мұхамеджан мен Нұржан сынды қос ғұламаның тағдырын сержант шеніндегі жандайшап Мусин шешкен. Тергеу амалдарының бәрі де орыс тілінде жүргізіліп, әр бетке қол қойдыртып, бұларды жақсы білетін өз ағайындарын куәлікке тартқан. Кінәлау қысыммен алынған жауапқа негізделіп, оның дұрыс-бұрыстығы қосымша мәліметтермен дәлелденбеген, аудармашының қызметі пайдаланылмаған. Кейбір архив құжаттарында кездесетін дәлелдерге қарағанда, жоғарыда кінәлі деп табылған тұлғалардың туыстарының ішінен тергеушілерге қызмет еткендер де болған.
Заманымыздың ұлы суреткерлерінің бірі Әбіш Кекілбайұлының «Саңлақ» деген атпен шыққан («Атамұра» 2004 ж.) Қалтай Мұхамеджанов туралы естеліктер кітабының алғы сөз орнына жазған «Ерекше құбылыс, Ерен тұлға» атты мақаласынан мына жолдарды оқып көрейік: «60-жылдардағы әдеби жиындардың бірінде жер айдалып келген ақсақал ақын Қалағаңның әкесі Мұхамеджан пірадардың абақтыда бір түнеп үлгірмей жатып, өзгелерге орын босату үшін сотсыз, тергеусіз атылып кеткенін өз көзімен көргенін жылап тұрып естіртіп: «Қайдасың Қалтайжан?! Бұдан хабарың бар ма еді?!» – деп сұрағанда, әншейінде әзілкеш жазушы состия қарап: «Естіп тұрмын. Білемін аға» деп саңқ ете қалып еді. Қалағаның саңқ еткен дауысын 1962 жылы жазып бітірген «Менің дертім» драмасы айтқызған болатын. Жиырма бес жылдан кейін, 1988 жылы Қалтай Мұхамеджановтың «Менің дертім» драмасы «Біз періште емеспіз» деген атпен М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында сана цензурасы тосқауылын бұзып жарып, зор табыспен қойылды».
Әбіш Кекілбайұлының «Айдалып келген ақсақал ақын» дегені – Тоғызақов Қасым Сәрсенұлы (1910-1984 жж.). Білім жолын Қостанай педагогикалық техникумынан бастаған ол Ленинградтың А.Е.Герцен атындағы педагогикалық институтында оқып жүргенде, саяси көзқарасы үшін бірінші рет (16 ақпан 1933 жылдан 20 мамыр 1933 жылға дейін) тұтқындалып, ПП ОГПУ-дың шешімімен қылмысы дәлелденбегендіктен босатылады. Екінші рет Алматыда тағы да тұтқындалып (04.12.1933-07.03.1934 жыл аралығында), алғашқыдай мерзімде төрт айда бостандыққа шығады. Көп ұзамай, 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының аудармашылар бөлімін басқарады. Қасым Тоғызақовтың аталған екі рет істі болып тұтқындалуының уақыты Мұхамеджан атамыздың түрмеде отырған уақытымен сәйкес келмейді. Қасым Тоғызақов үшінші рет РСФСР-дің қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11 баптарымен айыпталып, ұзақ мерзімдік жазамен сотталады. Түрмеде 1941 жылдан бастап 15 жыл отырып, 10.10.1956 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының Жоғарғы сотының Тергеу комитетінің шешімімен қылмыстық әрекетінің дәлелденбеуіне байланысты ақталады. Сонда жоғарыда Әбіш Кекілбайұлы жазған Қасым Сәрсенұлының Қалтайға әкесі жайлы айтқаны оның үшінші рет сотталу уақытына сәйкес келетіндей. Демек, 1937 жылы Мұхамеджан Нүрекеұлының ату жазасына кесіліп, үкімнің орындалғаны жайлы қолымыздағы бар құжаттардың шындығы дүдамәл ойларға жетелейді. Оның үстіне, Мұхамеджан атамызға айыптау бабы Қ.Тоғызақовқа таңылған 58-10, 58-11 баптарымен сәйкес келеді.
1937 жылдың 21 қазан айындағы кіші лейтенант Цыганов қол қойған жеті парақтан тұратын орысша жазылған хаттамада Мұхамеджан әкеміз өзінің контрреволюциялық ұлттық топты Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырғаны, сөйтіп, Кеңес үкіметін құлатуға әрекет жасағаны, ұйымдастырушылық істерін мойындағаны туралы құжат негізінде, оның ісі сотқа жіберіледі. Сонымен, тергеу амалдары аяқталады. Ал, төрт күннен кейінгі 29.10.1937 жылғы айыптау қортындысында Мұхамеджан Нүрекеев контрреволюциялық ұлттық қозғалысты басқарған ишан Аппаков Аляуадиннің тапсырмасымен, Орта Азия республикаларында капиталистік құрылысқа негізделген тәуелсіз мұсылман мемлекетін құруға әрекет жасады деген қосымша айып тағылады. Сөйтіп, оның «қылмыстық» ісі Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД-нің соңғы шешімін шығаратын «Үштіктің» қарауына жіберіледі. Біздің қолымызда 1 қараша 1937 жылы қабылданған № 616/703 Қауіпсіздік комитетінің 8-бөлімінің лейтенанты Коренев қол қойған қаулының Мұхамеджан Нүрекеевті ең жоғарғы жаза-атуға бұйырғаны, жеке заттарын кәмпескелеу туралы шешімі және оның мүлтіксіз орындалғаны туралы құжат бар.
Тағдырдың әр алуан талқысымен абақтыға отырғандардың бір-бірімен байланысы қазіргі ақпараттық дүниенің мүмкіндіктерінен кем болмағандығы белгілі. Мұхамеджанның өлім жазасына кесілгендегі соңғы күнін үлкен ұлы Әбиболлаға туған құдасы Еспенбетов Шаһап атуға кесілгендердің камерасында болған кожа Баһрамнан жеткен мына дереқті келтіреді: «Сол түнде Мұхамеджан екі бас намазын оқып, соңынан Қ.А.Яссауидің «Қолым тұтып жолға салған әнтәлл-әһи» деген бәйітін өлеңмен зарлатып айтады. Сорлы, неге жетісіп өлең айтып отырсың дегендерге: «Сорлы мен емес сендерсіңдер. Тұмақ парыз, өлмек хақ. Алла өзі берген аманатын өзі алады. Бізге бұйырған шәһит өлімді кезінде пайғамбарымыз да Құдайдан сұрап ала алмаған. Бізге Алла сондай ажалды нәсіп етіп тұр. Мен намаз үстінде баршаңыздың аттарыңыздан Алладан кешірім сұрап, имандарыңызды үйірдім. Сондықтан бастарыңызды көтеріңдер! Ақ өлімді күліп қарсы алайық», – депті.
Біз парақтаған құпия құжаттарға сүйенсек, «Үштіктің» ату жазасына кесілген шешімі орындалған. Бірақ жоғарыда атап өткен Қасым Тоғызақовтың Қалтайға айтқан көп алдындағы уәжіне сүйенсек, оны дәлелдей түсетіндей кейбір пайымдаулар алдымызды кес-кестей береді. 1937 жылы ату жазасына кесілген, ол орындалмаған жағдайда соғыс жылдарында Қасым мен Мұхамеджанның түрмеде бірге отыруы уақыт жағынан алғанда, үлкен сәйкессіздік. Қара молданың үлкен ұлы Әбиболла мен кенже ұлы Ибрагимнің (Қырғызбек) айтуынша, Қара молда ағасы Әсетке жазған хатында Тұрар Рысқұловтың құйыршығы деген жаламен ұсталып, теңіз Аралында жатқанын (Сахалин я Куриль), жағдайының жаман емесін хабарлаған. Бұл мәліметті Әсет әкеміз келіні Шәрипаға 1943 жылы мойныма қарыз болмасын деп ағынан жарыла айтқан. Мұхамеджан әкеміздің әлі ақталмаған кезі болғандықтан, кейінгі ұрпақтарына залалы тимесін деп бұл шерін өлер алдында ғана ақтарған. Қазір көзі тірі Мұхамеджан атамыздың кіші ұлы Ибрагимнің (Қырғызбек) жұбайы Кален жеңгеміз енесі Шәрипаның Әсет қайнағасынан алған Мұхамеджанның хатын қорыққанынан бір жерге тығып, таба алмағанын, жұбайы Қара молданың тірі екенін өле өлгенше айтып кеткенін егіле еске алады.
Тағы бір дерек. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері, Сыр елінің атпал азаматы Исатай Әбдікәрімовтің (1923-2001 жж) Әбиболлаға айтқан мына бір әңгімесіне куә болғанмын. Онда Исекең Өзгент кеншарында тұратын нағашыларының бірінің үйінде түрі «Қара молдаға» ұқсайтын бір кісінің пайда болғанын, ем-дом жасайтынын, кейбір болжамдарының дәл келетінін, бетінде білінер-білінбес шешек дағы бар екенін, аяғын сәл сылтып басатынын, сөз мәнерінің Қалтайға келетінін, радиодан Қалтайдың аты аталса, күрсініп, үндемей тыңдап отыратынын айтқан. Қалтай өмірбаянына сүйенсек, бұл өткен ғасырдың 50-жылдарының орта кезеңі. Мәскеудегі Луначарский атындағы ГИТИС-ті бітіріп, өнер жолындағы Қалағаңның Қазақстанға үлкен лауазымды қызметке келіп, елге таныла басталған жылдар еді. Кейбір мұрағат құжаттарынан көргеніміздей, өз ағайынының сатқындығын сезген Мұхамеджан Ислам дінінің Сыр еліндегі ошағы, қасиетті Жаңақорған топырағын паналаған болар деген ой келеді.
Мұхамеджан-Қара молданың РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11 баптары бойынша ату жазасына кесілген ісі 1956 жылы қайта қаралды. Бұл ретте мұрағатта сақталған тергеу амалдарының құжаттарын зерделеп, обьективті анықтама жазған Қызылорда облыстық мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының тергеу бөлімінің бастығы майор Жетібаевтың еңбегі ерекше атауға тұрады. Сондай-ақ Мұхамеджан атамыздың жерлес інілері Құдайберген Ержанов, Сыйқым Төреханов, Алдаш Әбдіманов, Камаладдин Жінайтов жазықсыз жапа шеккенін дәлелдегенін, оның ақталуына оң ықпал еткенін айту керек. Нәтижесінде Қызылорда облыстық соты (Төрағасы С.Елшібаев) президиумының 26 ақпан 1957 жылғы шешімі бойынша іс-әрекетіндегі қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты қысқартылған. Осы құжат негізінде ҚР Бас прокуратурасының 25.03.1996 жылғы шешімімен Мұхамеджан Нүрекеев толық ақталды.
Иә, туған халқының жауы ретінде жазықсыз жазаға тартылған талай боздақтардың тағдыры тарих қойнауына кетіп барады. Қазақтың Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың әкесі Мұхамеджан атамыздың тағдыры арқылы келешек ұрпаққа ой салсақ, мақаламыздың мақсатына жеткені деп білеміз.
ҚазбайҚұдайбергенов,
ҚорқытатаатындағыҚМУ профессоры, Қ.Мұхамеджановкітапханасыныңғылымикеңесшісі