500 ОҚУШЫ ТЕГІН ТЫНЫҒАДЫ

«Сырдария» тынығу лагерінің биылғы ерекшелігі, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы шеңберінде қазақтың ұлттық ойынын, салт-дәстүрін насихаттайтын түрлі үйірме мен балалар үшін арнайы этноауыл жұмыс жасайды. Биылғы маусымда өңіріміздегі білім ошағынан 1-10 сынып аралығындағы 52 мың 835 оқушының 48 мың 777-і жазғы демалыспен қамтылады. Қаладағы 54 мектепте күндізгі тынығу лагері жұмыс істесе, оның ішінде 11 мектепте толық күндізгі лагер жатын орынмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, облыстағы тынығу лагерлеріне 1 мың 561 оқушы, Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан лагерге 864 оқушы, республика көлеміндегі басқа да лагерге 1 мың 412 бала демалатын болса, қосымша оқу орталығында 5 мыңнан астам оқушы тынығады. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Қайнар» спорт клубында 4 мыңнан астам оқушы спорт секциясына тартылады. Мұнымен қоса, мұнай компанияларының демеушілігімен 806 бала республика көлеміндегі лагерге барса, республикалық бюджет есебінен «Бөбек» және «Балдәурен» республикалық орталығында 30 оқушы тынығады.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басты ерекшелігі, 1 маусым мен 14 шілде аралығында «Оқушылар сарайында» үш ауысым бойынша «Жазғы тайм» танымдық-шығармашылық мектебі жұмыс істейді. Онда түрлі танымдық-шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылады. Мәселен, мектеп бағдарламасында танграм, робот техника, спорттық туризм, хореография, палитра, шығармашылық зертхана, интеллектуалды ойын ойнатылады. Мұнда оқушылар тынығып қана қоймай, білімін жетілдіреді.