Назарбаев: Бүгінде жаһандық интеграция әлсіреу үстінде
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті, деп хабарлайды.
«Қытай бүгінде әлемдегі ең үлкен, жетекші екі экономиканың біріне айналып отыр. Инвестициялық тәжірибе, инновация жедел қарқын алып келеді. Яғни, Қытай өз дамуының мүлдем жаңа жолына түсті. Әлемдегі сыртқы жағдайды ескерер болсақ, жаһандық жүйе күйреп, интеграция әлсіреуде, ұлы державалар арасында келісім жоқ. Сондықтан алға қойылған міндеттерді іште де, сыртта да орындау қиынға соғады», - деді Қазақстан Президенті кездесу барысында.
Мемлекет басшысы Бүкілқытайлық халықтар өкілі жиналысы 13-шақырылымының 1-сессиясы Қытай үшін тарихи шешімдер қабылдағанын баса айтты.
Өз кезегінде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Қазақстан Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары және Циндаода өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының Саммитіне қатысуы табысты болатындығына сенім білдірді.
«Сіз Қытай халқы үшін үлкен дос саналасыз. Ал жеке өзім үшін Сіз аса құрметті Мемлекет басшысыз. Бірнеше жылдың ішінде Қытайға 20-дан астам сапармен келген екенсіз. 18 рет Си Цзиньпинмен жүздестіңіз. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың айрықша сипатын білдіреді. Сіздің есіміңіз Қытай халқының арасында кеңінен танымал. Біз Сізді өз елімізде жолдас Әбішұлы деп атаймыз», - деді Ли Чжаньшу.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 6 маусым күні Қытайға мемлекеттік сапармен барған еді. Кеше, 7 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен жүздесті. Ал 10 маусым күні ҚР Президенті Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады.