» » Теңіз дауылына желкенін жықпаған

Теңіз дауылына желкенін жықпаған

Балықшылар слетінен
Қамбаш көлі жағасында Арал өңірі балықшыларының IV слеті өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Ресей Федерациясынан делегация өкілдері қатысты.
Соңғы жылдары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шара байырғы саланы жаңа белеске көтерудің бастамасына айналды. Табиғаты көз тартатын Қамбаш көлі жағалауында өткен слетке қатысушылар өңірдегі балық өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың өнімі қойылған жәрмеңкені тамашалады. Төртінші слет шымылдығы жергілікті өнерпаздардың Астана қаласының  20, Қызылорданың 200 жылдығына орай арнайы дайындаған сахналық көрі­нісімен басталды. Онда алтын балық ұстаған балықшы тілегін айтса, өнерлі жастар Сыр елін әнге қосты. Жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев балықшыларды айтулы күнмен құттықтады.
– Елбасының бастамасымен жүзеге асып, «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы аясында атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде, атакәсіп – балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда. Қасиетті Сыр елі өзінің жерасты байлығы – мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт-түлік малымен бірге Арал балығымен де мақтана алатындай берекелі, құтты мекенге айналуда. Көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған балықшылар слетінің негізгі мақсаты – саланың жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу, осы кәсіпті дамытудың жолдары туралы пікір алмасу, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Елбасының ізгі бастамасын лайықты жалғастыру мақсатында өт­кен жылы Қызылордада  Арал халықаралық тұ­­рақты дамыту форумы ұйымдастырылғанын атап өтті. Орталық Азия елдері өкіл­дерінің қатысуымен өткен осы шарада  Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылған күні 26 наурызды «Арал теңізінің күні» деп жариялауға шешім қабылданды. Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы аясында облыста теңіз күні алғаш рет аталып өтті. «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы аясында бірінші кезекте атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде, Арал өңірінің ата кәсібі – балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге жетіп, қарқынды дамып келеді.
Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тонна балық ауланып, жергілікті балық өң­деу зауыттарында өңделуде. Соңғы 5 жылда аймақтағы балық аулау көрсеткіші 2 есеге артқан. 2013 жылдан бері балық өнімдерін өңдейтін 4 зауыт салынса, оның 4-еуі өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін еурокодқа ие.
Қазір Сыр балығы Ресей, Грузия, Әзербайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспортталуда. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге артты. 2018 жылдың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32% өсім байқалды.
Саланың аймақ экономикасындағы өзіндік салмағы, тұрмыстық-шаруашылық, тарихи мән-мағынасы ешбір кеміген жоқ.
Аймақ басшысы өз сөзінде осы жылы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың Сыр өңіріне жасаған сапарында облыс үшін үлкен бір мәселенің шешімін тапқанын айтты. Премьер-Министрдің қатысуымен Аралда өткен арнайы мәжілісте «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеннің іске асыру барысы кеңінен талқыланған. Нәтижесінде жобаның екінші фазасының 4 компонентін республикалық бюджет есебінен жүзеге асыру жөнінде шешім қабыл­данды. Соған сәйкес бүгінде «Қызылорда» су торабын кешенді жөндеу, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өзеннің қорғаныс бөгеттерін нығайту және арнасын түзету, Қазалы ауданында Бірлік елді мекені тұсында көпір салу жұмыстары басталды. «Көкарал» бөгетін нығайту және «Қарашалаң» мен «Тұщы» көлдерінің тұсында өзеннің атырауын қалпына келтіру жөнінде де тиісті шешімдер қабылданған.
Байырғы саланың бүгінгі белесі жайлы айтылған шарада облыс әкімі бүгінгі күні де теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымай атакәсіпті жалғастырып жүрген балықшылар қауымына алғысын жеткізді. Нарықтық экономика заманында балықшылардың басын біріктіріп, ел игілігіне қызмет жасап жүрген Әділбек Әйімбетов, Аманбай Ерхатов, Төребек Игіліков, Батырхан Пірекеев, Табын Әленов, Шүкірбай Абдуалиев, Ақылбек Байқошқаров сияқты ел азаматтарының еңбегін ерекше атап өтті.
Сара Адайбаева,
«Сыр бойы»
19 шілде 2018 ж. 783 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031