» » Су, мотор, бесінші қабат және бақша Су боп аққан миллиард

Су, мотор, бесінші қабат және бақша Су боп аққан миллиард

Таза судан неге тарыға береміз дейтін біздің тұрғындарға «Водоканал» деген атпен танымал «Қызылорда су жүйесі» МКК сапалы сумен тұрақты қамтамасыз етіп келеміз деп ағынан жарылады. Ақпарат іздеген бізді, ауыз су мен аяқ судың кезекті жырын жырлаған оларды аяғына дейін тыңдаңыз енді.
Жалпы біз айтып отырған мекеменің теңгерімінде халыққа қызмет көрсететін біраз дүние бар. Атап айтсақ, су тазартудың 2 кешені, 670,9 шақырым ауыз су мен 340,4 шақырым кәріз суды әкету жүйесі, 60 кәріздік насос станциясы, биологиялық тазарту станциясының 2 кешені, 118 жер асты су алу ұңғымасы, судың қысымын көтеруге арналған 6 насос станциясы жұмыс істейді. Бірақ осыларды толық негізде өз қызметін атқарып тұр дегенге сену қиын.  50 жыл бұрын тартылған ауыз су мен кәріз су жүйелері әлі толық ауысып бітпеді. Осы кезге дейін шойын мен керамика құбырларға шынымен алғыс айту керек шығар шыдас бергеніне. 2007 жылдан бастап «Ауыз су – 2002-2010», «Ақбұлақ» бағдарламасы т.б. жобалар негізінде 21 миллионға жуық теңге көлемінде техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Жасалғанымен, жарытып су бергені шамалы болды. Ары қарай кеттік. Бағдарламалар жалғасын тауып жатты. ҚР Президентінің 2015 жылдың 6 сәуіріндегі №1030 жарлығына сәйкес бекітілген 2015-2019 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының несиелік-шарты бойынша 2016 жылы 1272918,02 мың теңге қаражат бөлінген. Бөлінген ақшаға Тасбөгет кентіндегі 2-інші көтерілімдегі насосты станциясынан «Южный» ашып-жабу камерасына дейінгі ауыз су құбырын қайта жаңарту жұмысы жүргізіліпті.
Дәл осы бағдарламамен 2017 жылыҚызылорда қаласының ауыз су және кәріз жүйелерінің 27 нысанын қайта жаңғыртуға 3 миллионнан аса қаражат бөлінді. Бұған 34,431 шақырым ауыз су және 7,771 шақырым кәріз жүйесі қайта жаңартылған.
Жаңарту демекші, биылғы бөлінген теңге де ауыз толтырып айтарлықтай. 1 млрд, 584 млн, 151 мың теңге. Бұл ақшаны «водаканалдықтар»  қайда жұмсады? Тыңдаңыз, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының ауыз су мен кәріз су жүйесін ауыстыру үшін 13 жоба бойынша: 17 шақырым ауыз су мен кәріз құбырын жаңарту жұмысы жүргізілуде (оның ішінде 8 нысаны ауыз су – 10,05 шақырым; 5 нысаны кәріз құбырын жаңарту – 6,98 шақырым). Шілденің басында журналистердің басын қосқан қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев пен «Водоканал» басшысы Тілеуберген Қалымбетов осылай деді. Жылдың аяғына дейін, тіпті одан да ертерек бітіріп, сіз бен біз судан тарықпаймыз дегенге саяды сөздері. Айтпақшы, биылғы бөлінген қаржымен журналистерді жұбатам деп келген орынбасардың қытығына тиген сұрақтар та болды мұнда. Бесінші қабатқа судың көтерілмеуі жайлы және қаланы көк ала шаң қып жатқан жұмыстардың қашан бітетіні туралы мәселе Сәрменбаевты шынымен састырды ма?!.
Берік Сәрменбаев, қала әкімінің орынбасары:
Ауыз судың жиі тоқтап қалуы осы жөндеу жұмыстарының салдарынан деп қабылдаңыздар. Түсіністік танытайық. Кешегі судың тоқтауы (4 шілдеде жарты күннен астам су болмады) Жібек жолы көшесіндегі диаметрі 560 мм ауыз су құбырынан Ергешбаев №62, 62А көп қабатты тұрғын үйлерге қарай тартылған диаметрі 150 мм ауыз су құбырында орын алған ақауға байланысты болған. Бұл жоба бойынша жұмыстарды жыл аяғына дейін созбаймыз. Сосын, жоғарғы қабаттарға неге су көтерілмейді дейсіздер? Біз суды барынша жоғары қысыммен айдап отырмыз. Рас, кейбір аудандарда осындай ақаулардың алдын алу мақсатында судың қысымы 1,3 төмендетіледі, көпқабатты үйлердің 4 және 5 қабаттарында судың толық жетіспеуі осыдан. Біз сіздер үшін, халық үшін деп жүрміз.
«Зам» әкімнің бұған дейін өзі үшін істеп келгендей бұлай сөйлеуін біз түсіне алмадық. Ел көкейінде жүрген сауалға, Сәрменбаевтың сарт-сұрт жауабы бізді қанағаттандыра қоймады.
«Моторщиктің» машақаты немесе сыздықтаған судың кінәсі кімнен?
Көпқабатты тұрғын үйдегі жоғарғы қабаттарға судың сыздықтап кейде көтеріліп, кейде көтерілмеуін өзімізше зерттеп көрдік. Алдымен судың зардабын тартқан қала тұрғынын сөйлетсек.
Эльмира Елшібаева, Шұғыла-2 мөлтек ауданының тұрғыны:
 Өз басымда ғана емес, барлық 4-5 қабатта тұратын тұрғындар үшін өзекті мәселе бұл. Жоғары қабаттарға неге су көтерілмейді? Неге біз екі есе ақша төлеуге міндеттіміз? Су көтерілмегесін арнайы өзіміз мотор орнаттық. Ол дегенің токты көп тартып, шығынға белшеден батып отырған жағдайымыз бар. Осы мәселе барлық жоғарғы қабатта тұратын тұрғындар үшін жауапсыз сұрақ болып тұр.
Арнайы су тартатын насостың өздігінен істемейтінін, оған қосымша электр энергиясы кететінін айтып, сөйтіп қосымша шығынға бататын қарапайым халықтың тиісті сұрағын  мекеме басшысына тікелей қойдық.
Тілеуберген Қалымбетов, «Қызылорда су жүйесі"мемлекеттік мекемесінің директоры:
Судың көп қабатты үйлердегі қысымын көтеру бойынша біз жұмыс жасап жатырмыз. Қазір су атмосферасының қысымын 1,6 дан 1,7 ге көтердік. Судың көтерілмеуі қала аумағындағы құрылысы бұрын салынған ескі көпқабатты тұрғын үйлерде ішкі құбырлардың (внутренние стояки) көп жылдық қолданыстан тозуы, шойын құбырлардың бойын тот басуы, өжіредегі ашып жабу ысырмаларының (задвижка) тозуы салдарынан болып тұр. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлерде ішкі құбырлардың бірінен біріне өтуі барысында диаметрлерінің қысылуынан, яғни жалпы айтқанда, тұрғын үйге сыртқы ауыз су жүйесі диаметрі 63 мм-мен келіп, диаметрі 32 мм-ге ауысып, одан әрі қарай диаметрі 25 мм ішкі су  құбырларымен пәтерлерге жеткізіледі. Полиэтилен құбыр біріне бірі жалғану барысында құбырдың ішкі өткізу диаметрі кішірейіп, су ағынына кедергі келтіреді, сыртқы құбырмен келіп тұрған су толық көлемде тұтынушыға жетпейді.
Басшының берген жауабы осы. Тар құбырдың кесірінен жұрт «моторщик» қосуға мәжбүр, ол ток көзін тартып, халық қалтасына қосымша шығын болып тұр. Тағы бір мәселеге назар аударсақ.
– Бізде жаз айларында жер үй тұрғындарының бақша суаруына байланысты пайдаланатын су мөлшері тым көбейеді. Арнайы есептеу құралы бар үйлер пайдалана береді, бірақ біз айтамыз, пайдалансаңыз да, сағат түнгі он бірден кейін пайдаланыңыз. Олардікі заңды да, өйткені арнайы есептегіш болғаннан кейін біз тосқауыл қоя алмаймыз. Судың ақшасын есептегіш арқылы төлеп отырғаннан кейін не айта аламыз?
Түнгі он бірден кейін ешкім де бақша суармайтыны белгілі. Ауыз суды аяқ су қылып пайдаланғасын су қысымы күндіз төмендейді де, өзге су насосы жоқ, «моторщик» орнатпаған тұрғындар не істейді деген сұрағымызға Қалымбетов «халыққа түсіндірме жұмысын жүргіземіз» деп құтылды. Ал тосқауыл қою үшін, рейд жасау кезінде мотор құрғызып, есептегіш орнатқан тұрғындарға олар ештеңе дей алмаған. Жер үйге насос құрғызу ол судың келу қысымына байланысты. Демек, тұрғындар бір-біріне залалын тигізуі әбден мүмкін.
Ержеңіс Әбді, қала тұрғыны:
– Қаладағы әл-Фараби және сонымен қиылысып жатқан барлық кіші көшелердесу уақытылы аға бермейді. Кешке не түстен кейін керек кезінде тіпті таппайсың. Су тек түсте және түнде сағат үш-төрттің кезінде көтеріледі. Сол уақыттарда бос ыдыстарға құйып аламыз да, пайдаланамыз. Елестетіп көріңіз, түнгі жарымда, даңғырлатып су тасып әлекпіз...
Айта кету керек, қызылордалықтар бір күнде қыста 38 мың куб су пайдаланса,  жазда 62 мың куб су пайдаланады екен. Шіліңгір шілдеде судың қалай қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл күнде біз «баклашкіге» су толтырып қоюды әдетке айналдырғанбыз. «Водоканалға» сенім жоқ, алда-жалда су тоқтаса, сандалғысы келмейді мұндағы жұрт.
80 пайызын аяқтап қалдық...
Жоғарыда айтқан брифинг барысында Сәрменбаев солай деді. Ал мекеме басшылығы 2020 жылға дейін су мәселесі толық шешіліп, ауыз су мен кәріз жүйесінде мәселе болмайды деп отыр. «Қызылорда су жүйесі» МКК  өндірістік-техникалық бөлім бастығы Нұргүл Шағырбаеваның берген мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасымен «Мерей» мөлтек ауданының 5,4 шақырымдық кәріз жүйесі мен «Ақмешіт» мөлтек ауданының 6,6 шақырымдық кәріз жүйесі биыл және келесі жылы толық жаңартылады. 2019 жылы осы бағдарлама бойынша «Бәйтерек» тұрғын ауданын ауыз сумен қамтамасыз етуге, Ш.Есенов, Ғ.Мұратбаев көшесі мен Абай даңғылындағы көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз су жүйесін жаңарту үшін Құрылыс істері бойынша комитетке бюджеттік өтінім тапсырылған екен.
Түйін. Қазіргі уақытта Ғ.Мұратбаев, М.Шоқай, Ә.Бөкейханов көшелері мен Жібек жолы даңғылындағы үлкен 500 диаметрлік құбыр ауыстырылып жатыр. Жол қозғалысы мен кейбір ауыртпалықтарға қарамастан, халық та көзбен көрген соң сабырлылық танытуда. Осы жұмыс нәтижелі бітсе, ауыз су мен оның қысымының мәселесі толықтай шешіледі деп халықты сендіру қиын. Әдеттегідей, ақылға сап, ақырын күтеміз.
Ержан ҚОЖАС
19 шілде 2018 ж. 1 012 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031