Электронды денсаулық паспорты медициналық қызметтің сапасын арттырады – министр
Елордадағы республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығында электронды денсаулық паспорты жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Шараға ҚР премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев және жобаны жүзеге асырып жатқан хорватиялық компания өкілдері қатысты.
Елжан Біртанов отандық денсаулық сақтау саласында ақпараттық технологиялар кеңінен енгізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазір жаңа сегментті - пациенттерге арналған мобильді қосымшаларды белсенді дамытып жатырмыз. Бұл қосымшалар емханалар мен медициналық ақпараттық жүйелермен байланыстырылған. Қазіргі таңда жүз мыңдаған адамдар мобильді қосымшаны қолданады. Яғни жүкті әйелдер мен қант диабетіне шалдыққандар жекелеген қосымшаларды жүктеп алып, бақылауға тұра алады. Бұл тұғырнама медициналық ақпараттық жүйелер үшін ғана емес, пациенттік жүйелер үшін де интегратор бола алады», - деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы электронды денсаулық паспорты жобасының жүзеге асырылуы медициналық қызметті сапалы көрсетуге мүмкіндік беретінін мәлім етті.
«Біз үшін маңызды тағы бір жайт - ауруларды есепке алу. Мәселен, ана өліміне тоқталайық. Жүкті әйел Астанада босанып, үйіне қайтады. Екі аптадан соң қызуы көтеріліп, сепсиспен ауруханаға түседі. Оған диагноз қойғанда, жүктілігі есепке алынбайды. Мұндай жағдай бірнеше рет кездесті. Шын мәнінде статистиканың басқаша екенін көрдік. Ал қазір электронды паспорт арқылы барлық ауру тарихын көруге болады. Енді пациенттің диагнозын жоғалтып алу, қандай да бір жайттарды жасырып қалудан арыламыз. Бұл медициналық көмек сапасына елеулі әсер етеді», - деді Елжан Біртанов.
Осы орайда Асқар Жұмағалиев Денсаулық сақтау министрінің жұмысына жоғары баға берді.
«Жоба бойынша белсенді жұмыс істеп жатқандарыңыз байқалып тұр. Барлығын кәсіби тұрғыда жасап жатырсыздар. Осы бағыттағы жұмыстарды тоқтатпау керек. Жергілікті деңгейде компьютерлер сатып алынып, ақпараттық жүйелер дамытылуда. Сондықтан аталған жүйелердің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Мұны жылдың аяғына дейін аяқтау керек. Жүйені іске қосқаннан кейін дәрігерлер мен пациенттерді оқыту керек. Сонымен қатар электронды паспортты толығымын толтыру қажет», - деді үкімет басшысының орынбасары.Ескерту!Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.