Сағынтаев: Президенттің тапсырмалары мүлтіксіз орындалуы тиіс
Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңір активімен және бизнес өкілдерімен облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың өзекті мәселелері жөнінде кездесу өткізді.
Кеңес осы жылдың 15 мамырында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының орындалу барысына талдау жасаудан басталды.
Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысы сапар аясында республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, ішкі нарыққа мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізат көлемімен қамтамасыз ету, сонымен қатар қорғаныс-өнеркәсіптік кешен бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының Орал қаласымен қатынасын дамыту үшін көлік жолдарына күрделі жөндеу жүргізу бағыты бойынша қазіргі кезде ұзындығы 35 шақырым, республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі 1 млрд теңге болатын «Чапаев — Жалпақтал — Казталов» автожолының учаскесінде жөндеу жұмыстары басталды.
«Жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайхин» жолдары бойынша жобалық ұйым айқындалды, қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Барлық қажетті қаражаттар, оның ішінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін де, республикалық бюджеттен қарастырылған», — деп мәлімдеді Е. Досаев.
«Подстёпное — Федоров — РФ шекарасы» автожолын реконструкциялау жұмыстарын келесі жылы республикалық бюджет есебінен бастау жоспарланып отыр, аяқталу мерзімі — 2021 жылы. 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында белгіленген лимиттер аясында 17,3 млрд теңге сомасындағы шығыстарға қолдау жасалған. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастау бойынша конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр, келісімшартты биыл тамыз–қыркүйек айларының бірінде жасау көзделген.
Сонымен қатар, Е. Досаев «Конденсат» АҚ-ын ішкі нарықтарға мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізатпен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 2018 жылдың маусым айында Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауытын магистралды мұнай құбырлары мен темір жол жүйесі бойынша қазақстандық өндірушілердің мұнайын тасымалдау кестесіне қосқан болатын. Бұл кестеге сәйкес, осы жылдың шілде айына 15 мың т көлемінде сынамалық квота бекітілген.«Зауытты одан әрі қарай шикізатпен қамтамасыз ету ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне қажеттілікті және «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауытының өзінің техникалық мүмкіндіктерін ескерумен жүргізілетін болады», — деді Е. Досаев.