Келесі Каспий саммиті Түрікменстанда өтеді
2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда Бесінші Каспий саммиті өтті, оған Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың ресмис айтына сілтеме жасап.
Ашхабадта (2002), Тегеранда (2007), Бакуде (2010) және Астраханьда (2014) өткен Каспий саммиттерінің шешімдерін дамыту үшін Каспий теңізі өңіріндегі бесжақты ынтымақтастықтың неғұрлым маңызды мәселелерін талқылау, халықаралық өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасу дәстүрлі достық, сенім және тату көршілік жағдайында өтті.
Бес мемлекет көшбасшыларының бәтуаластық және барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған базалық халықаралық шартқа – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды. Осы негіз қалаушы құжат заманауи талаптарға сай келетін және жағалау маңындағы елдердің жан-жақты өзара іс-қимылын одан әрі қарқындатуға бағытталған Каспий теңізінің жаңа құқықтық режимін құрады.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны тиімді орындау және Каспийдегі ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілеріне шолу жасау мақсатында президенттер сыртқы істер министрліктерінің қамқорлығымен сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары/Каспий маңы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар тетігін құру және Конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірмей алғашқы консультациялар өткізу туралы шешім қабылдады. Бірінші кезектегі тәртіппен тікелей бастапқы желілерді белгілеу әдістемесіне қатысты келісім жобасын әзірлеуге және келісуге кірісу тапсырылды.
Бесінші Каспий саммитінде жағалау маңындағы мемлекеттердің өнеркәсіптік, сауда, энергетикалық, көліктік-логистикалық, инновациялық, туристік, ақпараттық және мүдделілік танытатын басқа да салалардағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға және дамытуға ықпал ететін Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою терең қанағаттанушылық сезіммен қабылданды. Осы келісімдерді іске асыру үшін Каспий маңы мемлекеттерінің құзыретті ведомстволарының кездесулері тұрақты негізде өткізілетін болады. Бес елдің кәсіпкерлері мен бизнес-құрылымдары арасындағы байланыстарды дамыту мақсатында 2019 жылы Түрікменстанда бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу ұсынылды.
Каспий теңізінде теңіз көлігі саласында тиімді және өзара пайдалы ынтымақтық жасау мақсатында жағалау маңы мемлекеттері теңіз әкімшіліктерінің бесжақты тұрақты өзара іс-қимылын ұйымдастыру маңыздылығы баса көрсетілді. Каспийдегі теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы бесжақты келісімді дайындау қажеттілігі атап өтілді.
Саммит барысында Каспий теңізіндегі оқыс оқиғалардың алдын алу туралы үкіметаралық келісімге қол қою мемлекеттердің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын – егемендікті, аумақтық тұтастықты құрметтеуді, бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуді, әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын сақтауды өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі ортақ күш-жігерге сәйкес болжамдылық және транспаренттілік рухында іске асыруға бағытталған.
Жағалау маңы мемлекеттерінің қауіпсіздік саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында президенттер Каспийде теңіздегі әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын әзірлеу және қабылдау қажеттігін растады.
Президенттер 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзекті сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ құқыққа қарсы қызметтің жолын кесуге бағытталған терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, шекара ведомстволарының өзара іс-қимылы туралы хаттамаларға қол қоюды құптады.
Көшбасшылар Каспийдегі қоршаған ортаның жай-күйі мәселелеріне ерекше назар аударды. 2018 жылғы 20 шілдеде Мәскеуде 2003 жылғы 4 қарашадағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою Каспий маңы мемлекеттерінің осы бағыттағы күш-жігерінің аса маңызды қорытындысы болғаны атап өтілді. Оған қабылданған хаттамалардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді, сондай-ақ Конвенция Хатшылығын Каспий маңы мемлекеттерінің аумағына ротациялық негізде орналастыру процесін аяқтау тапсырылды.