ӘЛЕМДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Халықаралық саясаттағы кез келген мәселе Ресейге барып тіреледі. Бірақ шешімін тауып жатқан ештеңе жоқ. Шиеленіскен жағдай талқыланады, бірақ түйін сол күйінде қалып тұр. Қысқасы, дүбірлі дүниеде алаңдайтын мәселе аз болмай тұр. Ханттың қарқыны қатты Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джереми Хант Вашингтонның Бейбітшілік институты мамандарының алдында сөйлеген сөзінде Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге шақырды. –Әрине біз Мәскеумен диалог жүргізгеніміз тиімді, алайда Путин басқарып отырған елдің сыртқы саясаты әлем елдері үшін өте қауіпті екенін ескеруге тиіспіз. Сондықтан да Ұлыбритания мемлекеті бұрынғыдан да топтаса отырып, өздерінің одақтастарын Ресейге қарсы қысымды күшейтуге шақырады. Бұл орайда біз АҚШ-пен бірге ынтымақтаса қауіпті агрессорға тойтарыс беруге мүдделі болуымыз керек. Ресейді осылай тұқыртпасақ, олар айылын жимайды. Екіншіден, халықаралық қоғамдастық үшін алаңдайтын тағы бір мәселе бар. 2030 жылға қарай Батыс пен Шығыс арасындағы экономикалық тепе-теңдік өзгере бастайды. Сарапшылардың болжамына қарағанда, алдағы он жылда Қытай әлемдегі экономикасы ең мықты мемлекетке айналады. Нақты айтқанда, экономикалық мықтылық саяси жауапкершілікті алып келеді. Сондықтан да Қытайдың халықаралық қоғамдастықтағы жауапкершілігі барған сайын артады. Олар көп жағдайда Ресейдің сыртқы саясаттағы позициясын қолдап отыр. Осыған орай Ресейдің маңайына мықты мемлекеттердің топтасуына жол бермеуіміз керек, –деді Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джереми Хант. Януковичті ұрлап әкету керек Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковия қазіргі уақытта Ресейде өмір сүріп жатқаны белгілі. Оған қатысты Украинада сот процесі жүріп жатса да, ол өз елінің болашақ тағдырына қатысты ойларын айтып жүргені ол енді ақиқат. Бірақ украиндық сот қашқын президентті еліне қалай әкелерін білмей жүр. Оған қатысты әртүрлі ұсыныстар айтылуда. Осы аптаның басында Януковичке қатысты сот ісін жүргізіп жатқан айыптаушы прокурор Руслан Кравченко оны ұрлап әкету туралы бастама көтерді. –Жақын арада оған қатысты айыптау қорытындысы шығады. Сондықтан ол шешімнің орындалуы үшін кез келген тосын әрекетке де баруымыз керек. Мүмкін арнайы бөлімше дайындауымыз да керек шығар. Олар Ресей аумағына кіріп, Януковичті қандай жағдайға қарамастан ұрлап әкетуі қажет, –дейді Руслан Кравченко. Ескерте кетейік, мемлекетке сатқындық жасағаны үшін Украинаның экс-президенті Виктор Янукович айыптаушы прокурордың айтуына қарағанда, 15 жылға сотталуы мүмкін. Алайда Янукович бұл пікірмен келіспейді. Оның пікірінше, Украинада 2014 жылы мемлекеттік төңкеріс заңсыз болған. Трамп Ресейге қатысты санкцияны алуға дайын АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қатысты санкцияны алып тастауға дайын екенін мәлім етті. Алайда ол үшін Ресей тарапы Вашингтонмен бірлесе отырып, бірқатар шараларды жүзеге асыру керек. Ең алдымен Мәскеу Сирия мен Украинаға байланысты мәселелерді шешуі қажет. АҚШ президенті өз өкілеттілігін пайдалана отырып, Ресейге қатысты бірқатар бұйрық шығарғаны мәлім. Сонымен қатар, АҚШ конгресі де арнайы заң қабылдағаны белгілі. Литвадан адамдар кетіп жатыр Демографиялық өсімі барған сайын азайып бара жатқан Литва мемлекеті үшін бас ауыртар мәселе аз болмай отыр. Литва әлеуметтік зерттеу орталығының директоры Сармите Микуленененің айтуынша, соңғы он бес жылда елден кетіп жатқандардың қатары артып барады. Бұл жағдайды Ресей пайдаланып қалуы мүмкін. –Халықтың санының кемуі біз үшін үлкен қауіп-қатер. Ең алдымен елдің қауіпсіздігіне сын. Қоғамда қазіргі уақытта алаңдаушылық артты. Жақында ғана «Литвада өндірісін дамытып жатқан ресейлік компаниялардың жұмысын тқтату керек пе жоқ па?», –деген мәселе де қызу талқыға салынды. Елде ресейлік компаниялар көбейіп барады. Ал жергілікті халық жұмыс іздеп, ЕурОдақ мемлекеттерінде жүр. Жастардың біразы– шетелде. Елге келіп, жұмыс істегісі келмейді. Қазіргі уақытта Литвада 2 мыңнан аса деревня бос қалды. Елде жастардың сыртқа ағылуынан бірқатар университеттің факультеттері жабылып жатыр. Жұмысшы күші жетіспейді. Қартайған адамдар көп. Мұның барлығы мемлекеттің қазынасына салмақ түсіріп отыр. Біз үшін елдің қауіпсізді басты орынға шықты, –дейді Литва әлеуметтік зерттеу орталығының директоры Сармите Микуленене. Микуленененің айтуынша, жұмыс істеуге қабілетті азаматтардың сыртқа ағылуы Литваның 2004 жылы ЕуроОдақ ұйымына енуінен кейін басталған. Батыс және Шығыс Еуропаның дамыған елдері, атап айтқанда Ұлыбритания, Ирландия, Швеция және басқа да мемлекеттер жаңадан тәуелсіздік алған елдер үшін еңбек нарығын ашқан. Содан бастап, жұмыс істеуге қабілетті азаматтар кіріс көзін табу үшін қарт құрлыққа ағылған. Еуропадан жұмыс іздеу үрдісі Литвада қазір де тоқтамай тұр. Валерий Меладзе Грузиядан азаматтық сұрады Миллиондардың жүрегін жаулаған ресейлік әнші Валерий Меладзе Грузияның Әділет министрлігіне азаматтық алу жөнінде өтініш түсірді. Бұл туралы GHN ақпарат агнеттігі хабарлады. Алайда әнші Ресей азаматтығынан бас тартуы мүмкін бе? Жоқ. Мемлекет заңдылығына сәйкес, Грузияда екі елдің азамттығын алуға рұқсат берілген. Жақында Грузиядан екі елдің азамттығын алу туралы заң шыққаны белгілі. Оған сәйкес, бұрын Грузияда туған, бірақ басқа елде өмір сүріп отандастарға осындай жеңілдік жасалған.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ